Қытайдың 17 жалпыұлттық салалық қауымдастығы мен сауда палатасы жұма күні сынақ ретінде енгізу үшін Ішкі сауда мәмілелері жөніндегі нұсқаулықты бірлесіп жариялады. Құжат реттелген бәсекелестікке негізделген бірыңғай әрі ашық нарық жүйесін қалыптастыруға және елде бірыңғай ұлттық нарықты дамыту үдерісін тереңдетуге бағытталған.
Ауқымдылығымен, нарық қатысушыларының көптігімен және жұмыспен қамтудың кең қамтылуымен ерекшеленетін Қытайдың ішкі сауда нарығы бәсекеге қабілетті ішкі нарықтың маңызды тірегі болып табылады. 2025 жылы елдегі тұтыну тауарларының бөлшек саудасының жалпы көлемі 50 трлн юаньнан /шамамен 7,3 трлн АҚШ доллары/ асып, Қытайдың тұтыну нарығы әлемде екінші орнын сақтап қалды.
Сонымен қатар ішкі сауда әлі де бірқатар қиындықтарға тап болып отыр. Атап айтқанда, сауда операцияларының ретсіздігі, төлем мерзімдерінің ұзақтығы, төлемдерді өндіріп алудағы қиындықтар және басқа да мәселелер сақталуда. Сала кәсіпорындары жоғары стандарттарға және құқықтар мен міндеттердің нақты бөлінуіне негізделген бірыңғай мәміле ережелерін қалыптастыруға мүдделі.
Жаңа нұсқаулық 7 тарау мен 38 баптан тұрады және заңдар мен нормативтік актілерді сақтау, теңдік пен еріктілік, адалдық пен сенімділік, сондай-ақ әділ бәсекелестік қағидаттарына негізделген.
Құжат келісімшартқа қол қоюдан бастап тауарды жеткізу мен қабылдауға, төлем шарттарына, дауларды реттеуге және іскерлік мінез-құлық нормаларына дейінгі мәміленің барлық кезеңдерін нақтылап, кәсіпорындарға тиімді әрі оңай қолданылатын мінез-құлық кодексін ұсынады.
Нұсқаулықты Қытайдың логистика және сатып алулар федерациясы, Қытайдың бас сауда палатасы, Қытайдың тоқыма өнеркәсібі қауымдастығы, Қытайдың жеңіл өнеркәсіп қауымдастығы, Қытайдың интернет-қоғамдастықтар федерациясы және басқа да ұйымдар бірлесіп жариялады.