Қытай өнеркәсібі экологиялық таза технологиялар мен орнықты өндіріс модельдеріне белсенді түрде көшіп жатыр. Кәсіпорындар қоршаған ортаға зиянды шығарындыларды азайтуға, энергия тиімділігін арттыруға және табиғатты қорғауға бағытталған шешімдерді барған сайын кеңінен енгізуде.
Бұған Цзянси провинциясының Наньчан қаласындағы China Resources Jiangzhong фармацевтикалық компаниясының өндірістік базасы айқын мысал бола алады. Кәсіпорын аумағының шамамен 75 пайызын орман алқаптары мен су айдындары алып жатыр, ал тазартылған ағын сулар суару және өртке қарсы қажеттіліктер үшін пайдаланылады. Кәсіпорын аумағында мемлекет қорғауындағы сирек кездесетін құс түрлері мекендейді.
Экологиялық таза өндіріске көшу дәстүрлі түрде энергияны көп қажет ететін салаларды да қамтып отыр. Мәселен, Fangda Special Steel металлургиялық компаниясы 220 гектар аумақты алып жатқан өндірістік алаңды дамыған жасыл инфрақұрылымы бар заманауи экологиялық кешенге айналдырды. Бүгінде бұл кәсіпорын Цзянси провинциясында ұлттық деңгейдегі 4А санатындағы туристік нысан мәртебесін алған алғашқы металлургиялық компания болып табылады.
Басқа салаларда да елеулі жетістіктерге қол жеткізілді. Baosteel компаниясы 2025 жылдың соңында елдегі көміртек ізі іс жүзінде нөлге тең болат өндіретін алғашқы өндірістік желінің құрылысын аяқтады. Ал Conch Cement компаниясы аса төмен шығарындылар, энергия үнемдеу және күн энергетикасы технологияларын біріктіретін интеллектуалды цемент зауытын құрды.
ҚХР Экология және қоршаған орта министрлігінің мәліметінше, бүгінде елдегі көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларының 95 пайызы және болат өндіру қуаттарының 90 пайызы аса төмен шығарындылар стандарттарына сәйкес келеді. Осындай жаңғырту цемент және кокс-химия өнеркәсібінде де жүргізілуде.
Қазіргі уақытта Қытайда 8 мыңнан астам ұлттық деңгейдегі «жасыл» зауыт бар. 2025 жылы олардың үлесіне елдің жалпы өнеркәсіптік қосылған құнының 22 пайызы тиесілі болды. Бұл көрсеткіш 2021 жылы 9 пайыз болған еді.
Экологиялық жаңғыртуға мемлекет те қолдау көрсетуде. 2025 жылдың мамыр айында ҚХР Мемлекеттік кеңесі «жасыл» және төмен көміртекті өндірісті дамыту жөніндегі үш жылдық іс-қимыл жоспарын бекітті. Сонымен қатар 15-бесжылдық (2026–2030 жылдар) аясында шығарындыларды қысқарту, ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру және экологиялық таза технологияларды дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде.
2026 жылдан бастап Қытай көміртегі шығарындылары нөлдік деңгейдегі алғашқы кәсіпорындарды іріктеуді бастайды. 2027 жылға қарай мұндай өндірістер автомобиль өнеркәсібінде, литий батареялары секторында, фотоэлектрлік энергетикада, электроника мен машина жасауда пайда болады деп күтілуде. Кейін бұл тәжірибе металлургия, мұнай-химия, құрылыс материалдарын өндіру және тоқыма өнеркәсібіне таралады.
Сарапшылардың пікірінше, экологиялық трансформация Қытайдың өнеркәсіптік дамуының жаңа моделін қалыптастырудағы маңызды бағытқа айналуда. Бұл модельде экономикалық өсім қоршаған ортаны қорғау және орнықты даму қағидаттарымен ұштасады.