Қытайлық мотоцикл өндірушілері Еуропа нарығындағы қатысуын кеңейтуді жалғастыруда. Италия Қытай брендтерін премиум сегментте ілгерілетудің негізгі алаңдарының біріне айналып отыр.
Қытай мототехникасына деген қызығушылықтың артуына қытайлық ZXMOTO командасы сапында өнер көрсететін француз мотошабандозы Valentin Debise жеткен табыс та ықпал етті. Өткен демалыс күндері ол Италияда өткен Халықаралық мотоцикл спорты федерациясының (FIM) FIM Supersport World Championshipкезеңінің алғашқы жарысында жеңіске жетті. Бұл команда үшін биылғы маусымдағы алтыншы жеңіс болды.
Қытай мотоцикл өндірушілері сауда палатасының мәліметіне сәйкес, 2025 жылы Қытай мотоциклдерінің экспорты 25,8 пайызға өсіп, 18,23 миллион данаға жетті. Экспорт көлемінің құны 30,7 пайызға артып, 11,39 млрд АҚШ долларын құрады. Еуропаға экспорт 38,7 пайызға өсіп, 1,68 млрд долларға жетті. Бұл өңірді қытайлық компаниялар үшін ең қарқынды дамып келе жатқан шетелдік нарықтардың біріне айналдырды.
Бұл стратегияда Италия ерекше орын алады. Ел Piaggio және Ducati сияқты әйгілі брендтердің отаны саналады әрі Еуропадағы ең дамыған мотоспорт мәдениеттерінің біріне ие.
Қытай мотоцикл өндірушілері сауда палатасының бас хатшысы Zhang Hongbo қытайлық брендтердің тар ауқымдағы қатысудан еуропалық тұтынушылар арасында кеңінен мойындалатын деңгейге өтіп жатқанын атап өтті. Қытай мотоциклдерінің орташа экспорттық бағасы бір дана үшін 2200 АҚШ долларына жуықтады, бұл өнім сапасы мен қосылған құнының артқанын көрсетеді.
Қытайлық өндірушілердің нарықтағы табысына бизнесті жергіліктендіру де ықпал етуде. Мысалы, QJ Motorиталиялық Benelli брендін сатып алу арқылы Еуропадағы позицияларын нығайтты. Басқа да бірқатар қытайлық өндірушілер Италияның ірі дилерлік желілеріне сәтті кірді.
Италияның велосипедтер, мотоциклдер және аксессуарлар өндірушілері қауымдастығының деректеріне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша VOGE және Zontes модельдері қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден жоғары санаттағы Италиядағы ең көп сатылған он мотоциклдің қатарына енді.
Танымалдықтың артуын дилерлер де растап отыр. Римдегі мотосалон иесі Daniele Marrocchi сатып алушылардың қытайлық модельдерге деген қызығушылығы айтарлықтай өскенін айтты. Оның пікірінше, тұтынушыларды енді тек қолжетімді баға ғана емес, сонымен қатар сенімділік, жабдықталу деңгейі мен технологиялық мүмкіндіктер де қызықтырады.
Сарапшылардың айтуынша, жарыс жолдарындағы жетістіктер, дилерлік желінің кеңеюі және өнім сапасының тұрақты жақсаруы қытайлық өндірушілерге еуропалық тұтынушылардың Made in China бренді туралы көзқарасын біртіндеп өзгертіп, әлемдегі ең бәсекелі нарықтардың біріндегі позицияларын нығайтуға мүмкіндік беруде.