Бала күнгі достық: алты жас сарбаздың оқиғасы қазақстандықтарды тәнті етті

1001
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Ақтөбеде өткен Әскери ант қабылдау рәсімінде көпшіліктің назарын әскери саптағы тәртіп қана емес, жүрекке әсер еткен ерекше оқиға аударды.

Бір сыныпта бірге оқып, бірге өскен алты дос бір күнде Отан алдында ант қабылдап, олардың аналары бұл тарихи сәтке ерекше дайындықпен келген, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының 6655 әскери бөлімінде көктемгі шақырылыммен келген 360-қа жуық жас сарбаз салтанатты түрде Әскери ант қабылдады. Бұл күн олардың өміріндегі жаңа кезеңнің бастауы болса, жиналған жұрт үшін елдік пен достықтың шынайы көрінісіне айналды.

Мектептен басталған серт

Түркістан облысы Арыс ауданындағы Әліби Жангелдин атындағы жалпы орта мектептің түлектері – Дархан, Жасұлан, Бақдәулет Қайратұлы, Бақдәулет Әділбекұлы, Бекзат және Саят бала күнінен бірге өсті. Бір сыныпта білім алып, бір ортада тәрбиеленген достар мектеп бітірген соң да бір-бірінен ажырамауға шешім қабылдаған.

Олар әскери борышты да бірге өтеуге уағдаласып, бүгінде Ұлттық ұлан сапында иық тіресе қызметке кірісті.

Бұл – жай ғана сәйкестік емес. Бұл – жылдар бойы сыналған достықтың жаңа белесі.

Баршаның назарын аударған ақ жейделер

Салтанатты рәсімдегі ең әсерлі көріністердің бірі алты сарбаздың аналарына қатысты болды.

Олар арнайы бірдей ақ жейде киіп келді. Жейделердің үстінде:

«Алты ана – бір жүрек, алты сарбаз – ел тірегі»

деген жазу болды.

Бірдей киінген аналардың қатар тұрып, ұлдарының Әскери ант қабылдауын бақылауы рәсімге қатысқан жұртшылықтың ерекше ықыласын тудырды. Көпшілік бұл сәтті телефонға түсіріп, әлеуметтік желілерде бөлісті.

«Бұл – әрбір ана үшін зор мақтаныш»

Сарбаздардың бірінің анасы Ақбаян Сапарбекқызы бұл күннің отбасы үшін қаншалықты маңызды екенін жасырмады.

– Біздің ұлдарымыз бала күнінен бірге өсіп, бір сыныпта оқыды. Мектепті аяқтай салысымен әскерге бірге барамыз деп шешім қабылдады. Біз, ата-аналар, олардың бұл таңдауына қолдау көрсеттік. Міне, бүгін Ұлттық ұлан қатарында қасиетті Әскери ант қабылдап тұрғандарын көріп, ерекше толқып тұрмыз. Бұл – әрбір ана үшін зор мақтаныш.

Достықтың жаңа кезеңі

Әскер өмірі – тәртіп пен жауапкершіліктің мектебі. Ал бұл алты жас үшін әскери қызмет достықтың жаңа сынағына айналды.

Бір партада басталған жол енді әскери сапта жалғасып жатыр. Олар бүгін тек қатардағы жауынгер емес, Қазақстанның тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздігін қорғауға ант берген Ұлттық ұлан сарбаздары.

Осындай оқиғалар әскери қызметтің тек міндет қана емес, азаматтық жауапкершілік пен елге деген адалдықтың көрінісі екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Ал алты достың және олардың аналарының оқиғасы көпшілікке достықтың, отбасы қолдауының және Отан алдындағы парыздың қандай құндылық екенін еске салды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -