Қытай мен Қазақстан арасындағы өңіраралық ынтымақтастық кеңейіп, жоғары технологиялар, цифрлық экономика, білім беру және инновациялар салаларында жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруда. Бұл туралы ҚХР-дың Алматыдағы бас консулы Су Фанцю «Деловой Казахстан» газетінде жарияланған авторлық мақаласында мәлімдеді.
Дипломаттың айтуынша, қазақстандық серіктестердің ерекше қызығушылығын өнеркәсіптік базасы қуатты әрі инновациялық даму деңгейі жоғары Гуандун–Сянган–Аомэнь Үлкен шығанағы өңірі мен Ханчжоу қаласы тудырып отыр.
Мақалада Гуандун провинциясы мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі тереңдеп келе жатқаны атап өтілген. Атап айтқанда, Huawei компаниясы Kazakhstan Temir Zholy компаниясымен бірлесіп теміржол байланыс желілерін, үлкен деректер инфрақұрылымын және жасанды интеллект негізіндегі қауіпсіздік жүйелерін дамыту жобаларын жүзеге асыруда.
Ғылыми-білім беру саласында да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Шэньчжэнь–Алматы озық медициналық ғылымдар зертханасы ғылыми зерттеулер мен академиялық алмасуларды белсенді дамытып келеді. Сонымен қатар City University of Hong Kong мен Satbayev University мамандар даярлау және ғылыми жобаларды іске асыру мақсатында бірлескен Зерттеулер және инновациялар институтын құрды.
Ынтымақтастыққа қосымша серпін ағымдағы жылдың маусым айында Сянганнан келген сауда-экономикалық делегацияның Қазақстанға сапары барысында берілді. Келіссөздер қорытындысында авиация, қаржы, сауда, ғылыми-техникалық инновациялар, цифрлық экономика және жасыл даму салаларын қамтитын 43 меморандум мен келісімге қол қойылды.
Мақалада Қытайдың цифрлық экономика саласындағы ірі орталықтарының бірі саналатын Ханчжоумен әріптестікті дамытуға ерекше назар аударылған. Бұл қалада электрондық коммерцияны, жасанды интеллектіні, робот техникасын және «ми – компьютер» интерфейстері технологияларын қамтитын толыққанды инновациялық экожүйе қалыптасқан.
2025 жылдың қыркүйегінде Ханчжоу мен Шымкент арасында достық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы маңызды қадам болды. Тараптар алмасуларды кеңейтіп, өзара іс-қимылды нығайтуға және жоғары технологиялар саласындағы жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға ниетті.
Биылғы жылдың сәуір айында Zhejiang University of Technology мен Kazakh National Agrarian Research University жасанды интеллект саласында мамандар даярлау туралы келісімге қол қойып, қос диплом бағдарламасының студенттеріне алғашқы қабылдау хабарламаларын табыс етті.
Су Фанцюдің атап өтуінше, Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық дәстүрлі сауда-экономикалық байланыстар шеңберінен шығып, цифрлық экономика, инновациялар және кадрлар даярлау сияқты көптеген бағыттарды қамти бастады. Болашақта тараптар Цифрлық Жібек жолы аясындағы жобаларды бірлесіп дамытып, өздерінің бәсекелестік артықшылықтарын одан әрі ықпалдастыруды көздеп отыр.