Қытай мен Орталық Азия елдері Цифрлық Жібек жолын бірлесіп дамытуда

660
Фотосурет: Синьхуа

Қытай мен Орталық Азия елдері цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп келеді. Үрімші қаласында өтіп жатқан 9-шы «Қытай – Еуразия» ЭКСПО көрмесінде Цифрлық Жібек жолын дамытуға бағытталған жаңа бірлескен жоба – «Қытай – Орталық Азия кеңістіктік-уақыттық интеллектуалды спутниктік желісі» таныстырылды.

Жобаның алғашқы кезеңінде бес жерсеріктен тұратын топтаманы құру жоспарланған. Бұл жүйе Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы мен Орталық Азия елдерінің аумағындағы мұздықтарды, өзендер мен көлдерді, ауыл шаруашылығы жерлерін және геологиялық үдерістерді тәулік бойы, ауа райына қарамастан бақылауға мүмкіндік береді.

Жоба аясында жасанды интеллект негізіндегі цифрлық шешімдер де әзірленеді. Олардың қатарында кеңістіктік-уақыттық тілдік модель, қардың еруінен болатын су тасқындарын бақылау жүйелері, трансшекаралық ауыл шаруашылығына арналған шешімдер және көптілді интеллектуалды сервистер бар.

Жиналған деректер Шыңжаң халықаралық есептеу орталығында өңделеді. Осы мәліметтердің негізінде табиғи апаттарды, ауыл шаруашылығы дақылдарының аурулары мен зиянкестердің таралуын болжауға арналған модельдер әзірленеді. Бұл жүйелерді Қытаймен қатар Орталық Азия елдерінің мамандары да пайдалана алады.

Тәжікстан Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Акобир Мирзорахимзода бұл жоба су ресурстарын, мұздықтар мен экологиялық тұрғыдан осал аумақтарды бақылаудың жаңа мүмкіндіктерін ашатынын атап өтті. Оның пікірінше, бұл табиғи апаттардың алдын алуға және өңірдің экологиялық қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.

Сонымен қатар цифрлық экономика мен электрондық коммерция саласындағы ынтымақтастық та қарқынды дамуда. Синьхуа институтының мәліметінше, Орталық Азия елдерінен шыққан 300-ге жуық компания бүгінде Қытайдың электрондық сауда платформаларында жұмыс істейді. Өз кезегінде қытайлық кәсіпорындар Қазақстандағы Kaspi платформасын қоса алғанда, өңірлік цифрлық алаңдарға белсенді шығуда.

Тікелей интернет-трансляциялар арқылы жүзеге асырылатын трансшекаралық электрондық сауда да жедел дамып келеді. Мұндай операциялардың жылдық көлемі 1 млрд юаньнан асты.

«Қытай – Еуразия» ЭКСПО аясында өткен Жібек жолының электрондық коммерция форумында Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық институтының (CAREC Institute) директоры Чарымухаммет Шаллиев трансшекаралық электрондық коммерция өңір экономикасының негізгі өсім факторларының біріне айналып, бизнес пен халықаралық сауда үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отырғанын айтты.

Еске сала кетейік, 9-шы «Қытай – Еуразия» ЭКСПО 25–29 маусым аралығында Үрімші қаласында өтуде. Көрменің жалпы аумағы шамамен 140 мың шаршы метрді құрайды. Экспозиция инвестициялар, инновациялар, цифрлық экономика, «жасыл» даму, мәдениет және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастыққа арналған алты тақырыптық бөлімнен тұрады. Биылғы көрменің құрметті қонақ елдері — Қазақстан мен Пәкістан.

Xinhua Silk Road - Belt and Road Portal, China

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -