Теміржол мен автомобиль көлігін біріктіретін мультимодальды тасымал схемасы аясында Тяньцзинь – Қазақстан бағыты бойынша жүк пойыздарының тұрақты қозғалысы ресми түрде басталды. Алғашқы құрам Тяньцзинь халықаралық құрлық портынынан жөнелтілді. 40 стандартты контейнерден тұратын пойыз Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Бақты өткізу пункті арқылы өтіп, одан әрі жүктер автокөлікпен Алматы, Астана, Шымкент қалаларына және Сороковая теміржол станциясына жеткізіледі.
Тасымалданатын өнімдер қатарына тұтыну тауарлары, ауыл шаруашылығы техникасы, өнеркәсіптік жабдықтар, қосалқы бөлшектер мен автокомпоненттер кіреді. Атап айтқанда, Алматыға тұрмыстық техника мен автокөлік бөлшектері, Астанаға электр техникалық арматура, Шымкентке гофрленген картон өндіруге арналған жабдық, ал Сороковая станциясына жаңбырлатып суару қондырғылары жеткізіледі.
Жаңа логистикалық схема теміржол тасымалының жоғары өткізу қабілеті мен үнемділігін автомобиль көлігінің икемділігімен үйлестіріп, жүк жеткізу мерзімін қысқартуға және тасымалдың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Тяньцзинь халықаралық құрлық портының бас директоры Го Чуньниннің айтуынша, бұл бағыт Бейжің – Тяньцзинь – Хэбэй өңірінен Орталық Азия елдеріне экспортталатын тауарлар үшін тұрақты көлік дәлізіне айналады.
Алдағы уақытта порт Орталық Азия бағытындағы маршруттар желісін кеңейтуді, шетелдегі жеткізу пункттерінің санын көбейтуді және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында трансшекаралық логистикалық инфрақұрылымды дамытуды жоспарлап отыр.