Қытайдың Сауда министрлігі Еуропалық комиссияның ЕО-ның Цифрлық қызметтер туралы заңы аясында қытайлық AliExpress электрондық коммерция платформасына 550 млн еуро (шамамен 627 млн АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салу туралы шешіміне байланысты қатаң наразылық білдірді.
Министрліктің ресми өкілінің мәлімдеуінше, Қытай реттеуші тетіктерді цифрлық кедергілер жасау құралы ретінде пайдалануға қарсы және қытайлық электрондық коммерция компанияларының Еуропа нарығындағы қызметін шектейтін кемсітушілік сипаттағы шараларды қолайсыз деп санайды.
Ведомство Еуропалық одақты қытайлық кәсіпорындарға әділ әрі бейтарап қарауды қамтамасыз етуге, реттеушілік өкілеттіктерді теріс пайдаланудан және құқықтық нормаларды екіұшты қолданудан бас тартуға шақырды. Сонымен қатар министрлік Қытай өз компанияларының заңды құқықтары мен мүдделерін, оның ішінде құқықтық тетіктерді пайдалану арқылы қорғауды жалғастыратынын атап өтті.