Қытай климаттың өзгеруінің салдарынан әлемге әйгілі Могао үңгірлерін қорғау үшін заманауи технологияларды белсенді қолдануда. Зияткерлік мониторинг және автоматтандырылған басқару жүйелері 1,6 мың жылдан астам тарихы бар көне қабырға суреттері мен мүсіндерді сақтауға мүмкіндік беріп отыр.
Ганьсу провинциясының Дуньхуан қаласындағы Гоби шөлінің жартастарына қашалып жасалған Могао үңгірлері біздің заманымыздың 366 жылы негізі қаланған. Сақталған 735 үңгірдің 492-сі қабырға суреттерімен және боялған мүсіндермен безендірілген. Бұл кешен буддалық өнердің әлемдегі ең ірі әрі жақсы сақталған ескерткіші ретінде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген.
Қорғау жүйесінің маңызды элементтерінің бірі – көмірқышқыл газының деңгейіне, ауа ылғалдылығына және ауа райына қарай желдетуді автоматты түрде реттейтін «ақылды» есіктер. Жаңбыр кезінде олар ылғалдың ішке енуіне жол бермейді, құмды дауыл соққанда толық жабылады, ал ашық күндері табиғи желдетуді қамтамасыз ету үшін ашылады.
Жүйенің жұмысын үңгірлердің ішінде және айналасында орнатылған 600-ден астам датчик қамтамасыз етеді. Олар нақты уақыт режимінде температураны, ауа ылғалдылығын, көмірқышқыл газының деңгейін, келушілер ағынын және ауа райы жағдайын бақылап отырады. Нөсер жаңбыр немесе басқа да табиғи қауіптер туындаған жағдайда жүйе туристердің кіруін автоматты түрде шектеп, бірегей суреттерді қорғау үшін үңгірлерді жабады.
Дуньхуан академиясының зертханасында мамандар қатты аяздан аптап ыстыққа дейінгі әртүрлі климаттық жағдайларды, сондай-ақ жаңбырдың, желдің және күн сәулесінің әсерін модельдейді. Бұл мәдени мұра нысандарының тозу үдерісін жедел бағалап, оларды сақтау шараларын алдын ала әзірлеуге мүмкіндік береді.
Әзірленген қорғау жүйесі «Дуньхуан шешімі» деп аталады және қазірдің өзінде Дуньхуан академиясының қарамағындағы барлық алты үңгір кешенінде қолданылып келеді. Алдағы уақытта Ганьсу провинциясының билігі бұл тәжірибені өңірдегі 200-ден астам үңгірге таратуды жоспарлап отыр.
Қытай жинақталған тәжірибесімен шетелдік мамандармен де бөлісуде. Дуньхуанда Жібек жолының мәдени мұрасын сақтау бойынша біліктілікті арттыру бағдарламасы іске қосылды. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанның сарапшылары қатысуда. Бағдарлама климаттың өзгеруі жағдайында тарихи ескерткіштерді қорғаудың заманауи әдістеріне арналған.