Қытай – Еуропа пойыздары Еуразиядағы сауданы кеңейтуде

605
Фотосурет: Синьхуа

Қытай – Еуропа бағытындағы жүк теміржол тасымалдарының дамуы түрлі елдердің тауарларын тұтынушылар үшін қолжетімді етіп, сонымен қатар бүкіл Еуразия құрлығындағы өндірушілерге жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік беруде.

Шаньдун провинциясы осындай тасымалдардың ірі орталықтарының біріне айналды. Мұнда Қытайды Азия және Еуропа елдерімен, АСЕАН мемлекеттерімен, Моңғолия және Ресеймен байланыстыратын халықаралық логистикалық желі қалыптасты. Провинциядағы негізгі тораптар – Цзинань, Циндао және Линьи қалалары. Ал шетелде Алматыда, Сербияның Инджия қаласында, Мәскеу мен Вьентьянда төрт жүк жинақтау орталығы жұмыс істейді.

2025 жылы Шаньдуннан Қытай – Еуропа бағыты бойынша 3096 жүк пойызы жөнелтілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 13,5 пайызға көп. Жылдық көрсеткіш алғаш рет 3 мың құрамнан асты. Жалпы провинциядан осы уақытқа дейін 15 мыңнан астам пойыз жөнелтілген, ал 57 халықаралық бағыт оны «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қатысушы 28 елдің 60 қаласымен тікелей байланыстырады.

Теміржол тасымалдарының дамуы Қытай мен Қазақстан арасындағы сауданың кеңеюіне де ықпал етуде. Қазақстанның жоғары ақуызды бидайына Қытай нарығында сұраныс артып келеді. 2025 жылдың қазан айында қазақстандық Азық-түлік корпорациясы мен қытайлық Shandong Hi-Speed Qilu Eurasia Railway Express компаниясы Қытайға астық, мал азығы және майлы дақылдар жеткізілімін кеңейту туралы меморандумға қол қойды.

Шаньдун ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтыну және өңдеу көлемі бойынша Қытайдың жетекші өңірлерінің бірі саналады. Қытай тарапы бірлескен жобаларды дамытып, Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Теміржол бағыттары заманауи агротехнологиялардың таралуына да ықпал етуде. Өзбекстанның Бұхара қаласында фермерлер жылыжайлардағы температура мен ылғалдылықты қашықтан басқару жүйелерін пайдаланады. Shandong Lisente Agricultural Technology компаниясының мәліметінше, тек Бұхарада компания салған жылыжай кешендерінің жалпы аумағы 1 млн шаршы метрден асып отыр.

Xinhua Silk Road - Belt and Road Portal, China

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -