Қытайда шамамен 70 жыл бұрын әзірленген сабан торларының көмегімен жылжымалы құмды бекіту технологиясы енді ел аумағынан тыс жерлерде де қолданылмақ. Жақын арада Қытайдың шөлейттенуге қарсы күрес тәжірибесін Қазақстанда, Өзбекстанда және Қырғызстанда енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды «Синьхуа» агенттігі.
Бұл әдіс 1950 жылдары Қытайдағы шөлді аймақ арқылы өтетін алғашқы Баотоу — Ланьчжоу теміржолын салу кезінде пайда болған. Нинся-Хуэй автономиялық ауданындағы Чжунвэй қаласының ғалымдары жылжымалы құмды құрғақ шөптің көмегімен бекітуді ұсынды. Ол үшін құрғақ шөп құмға тік орналастырылып, шамамен бір шаршы метрлік ұяшықтардан тұратын торлар жасалған. Қарапайым әрі қолжетімді технология құмның жылжуын тиімді тежеуге мүмкіндік беріп, кейіннен шөлейттенуге қарсы күрестің кеңінен танылған әдістерінің біріне айналды.
Бүгінде Қытайдың осы салада жинақтаған тәжірибесін Орталық Азияда кеңінен пайдалану көзделіп отыр. 2025 жылғы шілдеде «Қытай — Орталық Азия» екінші саммитінен кейін Нинся-Хуэй автономиялық ауданында Қытай мен Орталық Азия елдерінің шөлейттенудің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі ынтымақтастық орталығы ресми түрде ашылды.
Орталық директоры Фэн Чжаньвэньнің айтуынша, өңір елдерінің нақты қажеттіліктерін ескере отырып, үш бірлескен практикалық жоба әзірленген. Оларды бір жыл ішінде Қазақстанда, Өзбекстанда және Қырғызстанда кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жобалар шөлейттенуге қарсы күресте тиімділігі дәлелденген әдістерді енгізуге және оларды Орталық Азия елдерінің табиғи жағдайларына бейімдеуге бағытталған.