Қытайдың CAS Space коммерциялық зымыран компаниясы мен Гуанчжоу зертханасы ғарыш жағдайында дәрілік препараттарды әзірлеу бойынша эксперименттер жүргізуді жоспарлап отыр. Қайта пайдаланылатын ғарыш аппаратын қолданатын суборбиталық сынақ ұшуы 2027 жылға жоспарланған.
Алғашқы эксперименттік пайдалы жүкті қайта пайдаланылатын «Лихун-2» (Lihong-2) зымыран тасығышы жеткізеді. Ұшу барысында ғалымдар ақуыздар мен төмен молекулалы дәрілік заттардың кристалдануын зерттеп, сондай-ақ ғарыштық фармацевтиканы дамытуға арналған жабдықтарды техникалық сынақтан өткізуді жоспарлап отыр.
Тыныс алу жүйесі ауруларын зерттеуге маманданған Гуанчжоу зертханасы эксперименттік схемаларды әзірлеумен, үлгілерді дайындаумен, жердегі бақылау сынақтарын өткізумен және алынған нәтижелерді талдаумен айналысады.
Зертхананың жетекші ғылыми қызметкері Сюй Цянның айтуынша, микрогравитация кейбір ақуыздардың сапасы жоғары кристалдарының түзілуіне ықпал етіп, дәрілік заттарды зерттеуге жаңа мүмкіндіктер ашуы мүмкін. Мұндай жағдайда жасушалар да үш өлшемді құрылымдарды оңайырақ қалыптастырады. Оларды аурулардың даму тетіктерін және ағзаның дәрілік препараттарға реакциясын зерттеу үшін пайдалануға болады.
«Лихун» сериясындағы ғарыш аппараттары ғарыш медицинасы, биомедицина және өндіріс салаларындағы зерттеулерге арналған. 2026 жылғы қаңтарда «Лихун-1» аппараты Қытайдың солтүстік-батысында суборбиталық сынақ ұшуын сәтті орындады.
CAS Space мәліметінше, 100-ден 200 шақырымға дейінгі биіктік микрогравитация жағдайында эксперименттер жүргізуге мүмкіндік береді және биомедицина мен ғарыштық өндіріс саласындағы зерттеулер үшін пайдаланылуы мүмкін. Эксперименттік материалдар мен деректерді Жерге жедел қайтару мүмкіндігі жаңа дәрілік препараттарды зерттеу мен әзірлеу үдерісін жеделдете алады.