Қытай экономиканы технологиялық жаңғыртуды жеделдетуге бағытталған жаңа шараларды таныстырды. Қытай Коммунистік партиясының Орталық комитеті мен ҚХР Мемлекеттік кеңесі жасанды интеллектті кеңінен енгізуді, өнеркәсіпті жаңартуды және келешегі зор салаларды қолдауды көздейтін басшылыққа алынатын қағидаттарды жариялады.
Құжат бес бағыт бойынша 19 негізгі шараны қамтиды. Олардың қатарында ғылыми-техникалық инновацияларды ынталандыру, озық әзірлемелерді өндіріске енгізу, экономикалық тетіктерді жетілдіру және жоғары білікті мамандар даярлау бар.
Басты басымдықтардың бірі экономиканың түрлі секторларында жасанды интеллектті кеңінен қолдануға бағытталған «ЖИ плюс» бастамасын жүзеге асыру болмақ. Кәсіпорындарды цифрлық трансформациялау, бәсекеге қабілетті өнеркәсіптік кластерлер құру және ұлттық деректер инфрақұрылымын жаңғырту көзделген.
Сонымен қатар билік жасанды интеллект қауіпсіздігіне бақылауды күшейтуді жоспарлап отыр. Техникалық мониторинг жүргізу, тәуекелдер туралы ерте ескерту және ықтимал төтенше жағдайларға ден қою жүйесін құру қарастырылған.
Елдің технологиялық дербестігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылған. Қытай стратегиялық маңызы бар салалардағы зерттеулерді жандандырып, ірі ғылыми жобаларды қолдауды және бизнестің инновациялық қызметке қатысуын кеңейтуді көздейді. Шағын және орта технологиялық компаниялар, сондай-ақ даму әлеуеті жоғары жеке кәсіпорындар қосымша ынталандыру шараларына ие болады.
Дәстүрлі өнеркәсіп салаларын цифрлық, интеллектуалды және экологиялық таза технологиялар есебінен жаңғырту жоспарланған. Болашағы зор индустриялар үшін қаржылық қолдау көрсету, жеке инвестициялар тарту және өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту шаралары қарастырылған.
Құжатта төмен көміртекті экономикаға көшу мәселесіне де елеулі орын берілген. Қытай экологиялық таза энергия өндірісін ұлғайтуды, «жасыл» өнімдер шығаруды ынталандыруды және экологиялық саясаттың салықтық, қаржылық әрі инвестициялық құралдарын жетілдіруді жоспарлап отыр.
Сонымен бірге Бейжің халықаралық инновациялық ынтымақтастықты кеңейтіп, шетелдік венчурлық капиталды тартуды және шетелдік ғылыми-технологиялық ұйымдармен байланыстарды нығайтуды көздейді. Жаңа сападағы өндіргіш күштерді қалыптастыру Қытайдың 2026–2030 жылдарға арналған 15-бесжылдық жоспарының стратегиялық міндеттерінің бірі болып табылады. Бесжылдық жоспардың негізгі ережелерінде көзделген 109 ірі жобаның 28-і немесе олардың жалпы санының 25,7 пайызы осы міндетпен байланысты.
Бұл жобалар төрт бағытты қамтиды: өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жаңа салаларды қалыптастыру, негізгі ғылыми-технологиялық міндеттерді шешу және инновациялық инфрақұрылымды нығайту.
Жарияланған басшылыққа алынатын қағидаттар аталған стратегияны жүзеге асыру тәсілдерін нақтылайды. Алайда құжатта көзделген 19 шара мен бесжылдық жоспардағы 28 жоба арасында тікелей сәйкестік белгіленбеген.