Интернет пен жасанды интеллектінің дамуы ең алдымен адамдардың мүдделеріне сай келіп, олардың мүмкіндіктерін кеңейтуге және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы тиіс. Бұл туралы ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цян Чжэцзян провинциясының Учжэнь кентінде өткен Дүниежүзілік интернет конференциясы саммитінің ашылуында мәлімдеді.
Қытай үкіметі басшысының айтуынша, интернет жасанды интеллектімен барған сайын тығыз ықпалдасып, ауқымды технологиялық өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Алайда басты мәселе жаңа технологиялардың адамзатқа қаншалықты пайда әкеле алатынында болып отыр.
Ли Цян цифрлық инновациялар әлеуметтік және экономикалық теңсіздікті күшейтпей, керісінше, адамның таңдау еркіндігін кеңейтіп, оның дамуына ықпал етуі керектігін атап өтті.
Премьер халықаралық қоғамдастықты цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға, білім алмасуға және ашық инновациялық экожүйені бірлесіп қалыптастыруға шақырды.
Ол киберқауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударды. Ли Цянның айтуынша, Қытай цифрлық қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін басқа мемлекеттермен өзара іс-қимыл жасауға дайын және «цифрлық темір перде» құруға қарсы.
Ли Цян сондай-ақ Қытайдың Жаһандық Оңтүстік елдеріне цифрлық инфрақұрылымды дамытуда және заманауи технологияларды игеруде қолдау көрсету ниетін растады.
Дүниежүзілік интернет конференциясының ашылу рәсіміне мемлекеттік құрылымдардың, халықаралық ұйымдардың, жетекші технологиялық компаниялар мен ғылыми қауымдастықтың 1800-ге жуық өкілі қатысты.
Сөз сөйлегеннен кейін премьер цифрлық технологиялар саласындағы жетістіктер ұсынылған «Интернет нұры» көрмесін, сондай-ақ Учжэньдегі Дүниежүзілік интернет ғылымы мен технологиялары музейін аралады.