Қытай перспективалы өнеркәсіп салаларына көрсетілетін қолдауды айтарлықтай арттыруды көздеп отыр. 2030 жылға қарай бұл салалардағы өндіріс көлемі 10 трлн юаньнан (шамамен 1,4 трлн доллар) асады деп күтілуде. Бұл туралы ҚХР Мемлекеттік даму және реформалар комитеті хабарлады.
Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылы бұл көрсеткіш шамамен 6 трлн юаньды құраған.
Басым бағыттар қатарында микросхемалар өндірісі, аэроғарыш өнеркәсібі, биомедицина, робототехника, энергия сақтаудың жаңа жүйелері және төмен биіктіктегі ұшу аппараттарына негізделген экономика бар.
Болашақ технологияларына, атап айтқанда, кванттық есептеулерге, сутегі энергетикасына, термоядролық синтезге, нейрокомпьютерлік интерфейстерге, физикалық ортада әрекет ететін жасанды интеллектіге және 6G байланыс желілеріне ерекше назар аударылады.
Мемлекеттік даму және реформалар комитетінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында елдегі интегралдық схемалар өндірісі 23,3 пайызға өсіп, 442,8 млрд данаға жетті. Инновациялық дәрілік препараттарға құқықтарды беру жөніндегі мәмілелердің көлемі шамамен 130 млрд долларды құрады.
Билік жоғары технологиялық кәсіпорындарға қаржылық қолдауды кеңейтуді, жеке инвестицияларды тартуды және компанияларды ұлттық ғылыми-техникалық жобаларды жүзеге асыруға белсендірек қатыстыруды жоспарлап отыр.
Негізгі құралдардың бірі өнеркәсіпке, энергетикаға, көлік саласына және денсаулық сақтау жүйесіне жасанды интеллектіні енгізуді көздейтін «ЖИ+» бастамасы болмақ.
Жасанды интеллект технологияларын тау-кен өнеркәсібінде, биіктікте жұмыс жүргізу кезінде және авариялық-құтқару операцияларында да пайдалану жоспарлануда.
Сонымен қатар билік теңіз экономикасын дамытуға ниетті. Болжам бойынша, 2030 жылға қарай оның көлемі 13 трлн юаньнан асады. 2026 жылдың алғашқы үш тоқсанында жалпы теңіз өнімі 8,5 трлн юаньға жетіп, 4,9 пайызға өсті.
Қазірдің өзінде жаңа салалар экономиканың маңызды қозғаушы күшіне айналып келеді. Мемлекеттік статистика басқармасының мәліметінше, 2026 жылдың тоғыз айында олар елдің экономикалық өсімінің 40 пайыздан астамын қамтамасыз етті.
Бұл ретте жоғары технологиялық өндірістегі қосылған құн 14,3 пайызға, жабдықтар өндірісінде 10,2 пайызға, ал жалпы өнеркәсіпте 5,3 пайызға артты.
Үшінші тоқсанда жалпы ішкі өнім жылдық есеппен 4,5 пайызға өсті. Ал екінші тоқсанда бұл көрсеткіш 4,3 пайыз болған еді.
Қытай билігі озық технологияларды дамыту және инвестицияларды ұлғайту 15-ші бесжылдық кезеңінде (2026–2030 жылдар) экономикалық өсудің жаңа көздерін қалыптастыруға мүмкіндік береді деп есептейді.