Қытай Халық банкі (орталық банк) капитал нарығын қолдауға арналған арнайы своп тетігі іске қосылғаннан бергі ең ірі операцияны жүзеге асырды. Оның көлемі 100 млрд юаньды (шамамен 14,89 млрд доллар) құрады.
Операцияға бағалы қағаздар және инвестициялық қорлар секторларындағы 31 компания қатысты. Сауда-саттық қорытындысы бойынша мөлшерлеме 10 базистік тармақты құрады.
2024 жылдың қазан айында іске қосылған SFISF тетігі брокерлік компанияларға, инвестициялық қорлар мен сақтандыру ұйымдарына облигацияларды, биржалық инвестициялық қорларды (ETF) және CSI 300 индексіне кіретін акцияларды қоса алғанда, белгілі бір активтерді жоғары өтімді құралдарға — мемлекеттік облигациялар мен орталық банктің борыштық міндеттемелеріне айырбастауға мүмкіндік береді.
Бұл қаржы ұйымдарының өтімді қаражат тарту және акцияларға инвестиция салу мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Қазіргі операция аталған тетік іске қосылғаннан бергі үшінші операция болды. 2024 жылдың қазан айында оның көлемі 50 млрд юаньды, ал 2025 жылдың қаңтарында 55 млрд юаньды құраған еді. Екі жағдайда да операцияға 20 ұйымнан қатысты.
Осылайша, жаңа кезең ұсынылған өтімділік көлемі бойынша да, қатысушылар саны бойынша да рекордтық көрсеткішке жетті.
Бұған дейін Қытай Халық банкі қаржылық реттеуші органдармен бірлесіп, SFISF тетігін және акцияларды кері сатып алуға арналған қайта қаржыландыру бағдарламасын белсендірек пайдалану ниетін жариялаған болатын.
Орталық банк сондай-ақ қатысушылар аясын кеңейтуді, своп операциялары үшін алынатын комиссияларды төмендетуді және кепілдік қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды жеңілдетуді жоспарлап отыр.
Сарапшылардың бағалауынша, бұл шаралар қор нарығының өтімділігін арттыруға, ұзақ мерзімді инвестицияларды қолдауға және Қытайдың қаржы жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға көмектеседі.