Қазан айында Норвегияда тіркелген жаңа жеңіл автомобильдер арасында қытайлық брендтердің үлесі рекордтық 22,5 пайызға жетті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 16,9 пайыз болған. Бұл туралы Норвегия жол федерациясы (OFV) хабарлады.
Бір ай ішінде елде қытайлық маркалардың 3534 автомобилі тіркелді. Өткен жылдың қазан айында бұл көрсеткіш 1879 болған еді. Жаңа нәтиже шілде айында тіркелген 22,1 пайыздық алдыңғы рекордтан асып түсті.
Қытайлық өндірушілер арасында ең жоғары орынға XPeng ие болып, Норвегия автомобиль нарығындағы үздік бес брендтің қатарына кірді. Қазан айында осы марканың 932 автомобилі тіркелсе, бір жыл бұрын олардың саны 376 болған.
BYD маркасы бойынша тіркелген автомобильдер саны 816-ға жетті, ал Changan автомобильдерінің тіркелу көрсеткіші 15-тен 339-ға дейін өсті.
OFV бас директоры Гейр Инге Стокке бүгінде Норвегиядағы әрбір бесінші жаңа автомобильден астамы қытайлық брендке тиесілі екенін атап өтті. Оның айтуынша, қысқа уақыт ішінде қытайлық өндірушілер жергілікті автомобиль нарығының елеулі бөлігіне айналды.
Жалпы, қазан айында Норвегияда 15 725 жаңа жеңіл автомобиль тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,2 пайызға көп. Аталған көрсеткіш соңғы 30 жылдан астам уақыт ішіндегі қазан айының ең жоғары нәтижесі болды.
Бұл ретте жаңадан тіркелген барлық автомобильдердің 98,8 пайызы толықтай электр қуатымен жүретін көліктердің үлесіне тиді.
Нарықта 1548 автомобилі тіркелген Tesla көш бастады. Одан кейін Toyota (1493) және Volkswagen (1308) орналасты.