БРИКС елдері құрған Жаңа даму банкінің (ЖДБ) Қытай нарығында орналастырған юаньмен номинацияланған облигацияларының жиынтық көлемі 102,5 миллиард юаньға жетті. Банк 8 миллиард юань (шамамен 1,2 миллиард доллар) көлеміндегі кезекті бағалы қағаздар шығарылымынан кейін 100 миллиард юань межесінен асты.
«Панда - облигациялардың» жаңа шығарылымы Қытайдың банкаралық нарығында жүзеге асырылды. Ол екі транштан тұрды: үш жылдық облигациялар 6 миллиард юаньға, ал бес жылдық облигациялар 2 миллиард юаньға орналастырылды. Транштар арасындағы көлемді қайта бөлу мүмкіндігі банкке қарыз қаражатын тарту құнын оңтайландыруға жағдай жасады.
ЖДБ вице-президенті әрі қаржы директоры Фу Даопэннің атап өтуінше, 100 миллиард юань межесіне жету банк қызметінде ұлттық валюталармен қаржыландырудың рөлі артып келе жатқанын көрсетеді.
Оның айтуынша, ЖДБ инвесторлар аясын кеңейтіп, қаржыландыру көздерін әртараптандыру арқылы инфрақұрылымдық жобалар мен орнықты даму бағдарламаларына капитал тартуды жалғастырады.
«Панда-облигациялар» - шетелдік мемлекеттер, халықаралық қаржы ұйымдары мен компаниялар Қытайдың ішкі нарығында орналастыратын, юаньмен номинацияланған борыштық бағалы қағаздар.
Жаңа даму банкін 2015 жылы БРИКС елдері құрды. Оның штаб-пәтері Шанхайда орналасқан. Банк БРИКС елдеріндегі және экономикасы дамып келе жатқан басқа мемлекеттердегі инфрақұрылымдық жобалар мен орнықты даму бастамаларын қаржыландырады.