Қарасай ауданының жетістіктері мен жоспарлары сараланды

779



Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев тұрғындар алдында қорытынды есепті жиынын өткізді. Есепке Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қуаныш Асылов қатысты. 2019 жылдың қорытындысында облыста экономиканың негізгі бағыттары бойынша елеулі көрсеткіштерге жеткен ауданның бірі – осы Қарасай ауданы. Мәселен, ауданда шағын және орта бизнесте 14 629 субъект жұмыс істесе, оларда 65 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған, бұл сала бюджетке 16 млрд. 111 млн. теңге түсім әкелген.

Ж.Далабаевтың айтуынша, өнеркәсіпте 292,0 млрд. теңге, ауыл шаруашылығында 57,5 млрд.теңгенің өнімі өндірілді. Негізгі капиталға тартылған инвестиция 124,0 млрд.теңге болды. 184,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, соның ішінде «7-20-25» және «Бақытты отбасы» бағдарламаларымен 206 отбасы үйлі болды.

Ж.Далабаевтың сөзіне сүйенсек, «Асыл Арман» шағын ауданында мектептің жоқтығы өз шешімін таппақ. Аудан әкімі мектептің биылғы жылдың екінші жартысында салына бастайтынын, үшжақты меморандум жасалғанын, қазір нысанның жобасы дайындалып жатқанын айтты.

Аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту ісі де шешілуде. Осы мақсатта алғашқы кезде ауданның 24 елді мекенін қамтитын Қаскелең топтық су құбырының құрылысы жүргізілуде. Жобаның жалпы сметалық құны – 9,4 млрд. теңге, қаржы республикалық бюджеттен кезең-кезеңімен бөлінеді. Нысанның 1-кезеңі аяқталды, соның арқасында 58 мың тұрғыны бар Қаскелең қаласы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етіледі. Жалпы 300 мыңдай адам қамтылатын болады.

Аудан әкімінің баяндамасын тыңдағаннан кейін аудан тұрғындары сұрақ қойды. Мысалы, Қарасай машина жасау зауытының өкілі «Көкөзек» қосалқы стансасының құрылысы қашан басталатынын білгісі келетінін айтты. Ж.Далабаевтың айтуынша, оның құрылысы биыл басталады, қосалқы станса іске қосылғанда өңірдегі өнеркәсіп орындары сезініп отырған электр қуатының жетіспеушілігі өз шешімін табады. Қаскелеңдік Надежда Кравченко блок-модульді қазандықтардың қалай жұмыс істейтінін сұраса, тағы бір тұрғын Қаскелеңнің төменгі бөлігіндегі фильтрация алаңынан жағымсыз иіс тарайтынын айтып, шағымданды. Бұл мәселені шешу үшін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетіні айтылды. Сол сияқты Батан ауылында ортақ коллектор салынады, республикалық бюджетке 400 млн. теңгеге тапсырыс берілген. Аудан тұрғындары Долан ауылына мектеп керек, өйткені ондағы мектеп 50-ші жылдары салынған деді. Бұл сауалға қатысты Ж.Далабаев алаңы 2,5 га жер учаскесі сатып алынғанын, 600 орынды жаңа мектеп құрылысының ЖСҚ-сына тапсырыс берілгенін айтты. Бұл ретте облыс әкімі Амандық Баталов алдағы уақыттағы балалар санының өсетінін ескере отырып, үлкен мектеп салу керектігін айтып, ЖСҚ-ны қайта жасап, 1000-1200 орынды мектеп салуды тапсырды.

Жиын соңын түйіндеген облыс әкімі А. Баталов, облыстың негізгі экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып өтті.

- Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, өңделген өнімдерді экспортқа шығару – Президенттің алдымызға қойып отырған маңызды міндеттерінің бірі. Бұл бағытта біз белсенді жұмыс жүргізіп келеміз. Республикада Трансұлттық компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылған 19 жобаның 9-ы біздің өңірде іске асырылуда. Біз «Маревен Фуд», «Willo», «Лукойл» сияқты ірі кәсіпорындарды іске қостық. Облыс экономикасының даму қарқынын одан әрі үдету үшін 2025 жылға дейінгі инвестициялық портфель жасалды, онда сомасы 4,9 трлн. теңге болатын, 40 мың жаңа жұмыс орны бар 400-ден астам жоба бар. Ет өңдеуге бағытталған жобалармен де белсенді айналысып жатырмыз. Өйткені облыста 1,2 млн. бас ірі қара, 4,5 млн. бас ұсақ мал бар. Германиялық инвесторлармен бірге ұсақ мал етін тереңнен өңдейтін «Жетісу қой» жобасын қолға алдық. Жалпы қабылданған шаралардың арқасында биылғы жылы ауыл шаруашылығындағы өндірілетін өнім көлемін 1 трлн. теңгеге жеткізуді көздеп отырмыз, - деді А.Баталов.

Облыс басшысы әлеуметтік салаға да кеңінен тоқталды. Мәселен, өткен жылы көп балалы және аз қамтылған отбасыларын қолдауға 40 млрд. теңге бөлінсе, соның 3,5 млрд. теңгесі өңірде дайындалған Әлеуметтік карта шеңберінде жергілікті бюджеттен қарастырылған. Бұл жұмыс биыл да жалғасады.

Амандық Баталов үш ауысымды мектеп мәселесін де айналып өткен жоқ:

- Қазіргі кезде облыста 38 үш ауысымды мектеп бар. Олардың саны, біріншіден, демография өсімінің, екіншіден, ішкі миграцияның нәтижесінде артып отыр. Қарасай ауданында осындай 11 мектеп бар. Мемлекет қолдауының арқасында соңғы 5 жылда облыста 30 мың орынды 55 мектеп салынған, соның 10 200 орынға арналған 7 мектебі мен 10 жапсаржайы Қарасай ауданында салынды. Биылғы жылдың наурыз айында Әйтей ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде салынған 1200 орынды мектеп пайдалануға беріледі. Қолжетімді тұрғын үймен қамтуға көп көңіл бөліп келеміз. Бұл ретте жеңілдетілген шарттары бар мемлекеттік бағдарламалар бұл істі ілгерілетуге үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Алайда қол жеткізген жетістіктеріміз әлі де аздық етеді, біз бюджеттік және коммерциялық тұрғын үйлер құрылысының көлемін арттыра беруіміз керек. Тағы бір маңызды мәселе – газдандыру. Атқарылған жұмыстардың арқасында облыстың 15 ауданына газ келді. Біз енді тарату желілерін салуға кірістік. Бұл орайда блок-модульді қазандықтар салу мен оларды көп қабатты үйлерге қосу ісін қузауды тапсырамын. Бұл ең алдымен қауіпсіздікке қатысты, жақында Қаскелеңде болған адамдардың өліміне әкеп соқтырған газ жарылысы оқиғалары бұдан былай қайталанбауы үшін аталған шараларды жедел жүргізуіміз керек. Аудан басшылығы медицина саласына ерекше назар аударуы тиіс. Бұл салада дәрігерлердің немқұрайдылығы ауыр зардаптарға әкеп соқтыратынын ұмытпау керек. Біздің заманымызда кішкентай баланың желшешектен өлуіне жол беру ақылға сыймайды. Бұл барлығымызға сабақ болуы керек. «Алтын орда» базары аумағындағы жолды кеңейту жобасының жүзеге асырылуын бақылауда ұстау керек. Жұмысты жетелдету керек. Аудан әкіміне апта сайын объектіде жиын өткізіп, жұмыс қарқынын бақылауда ұстауды тапсырамын. Сол сияқты Шамалған стансасындағы темір жол өткелінде жүргіншілерге арналған лифтілі жерүсті жолын саламыз. Оған жергілікті бюджеттен 330 млн. теңге қарастырылған. Барлық жұмыс сапалы әрі мерзімінде орындалуы тиіс. Құрылыс жұмыстарын аудан әкімі тұрақты қадағалап отырсын, - деген А.Баталов, мұнан соң өзіне аудан тұрғындары тарапынан қойылған сауалдарға жауап беруге көшті.

Облыс әкімі Елтай ауылдық округінде стационарлы аурухана салу мәселесін көтерген Бажат Анисовтың ұсынысын қолдау керектігін айтты. Сол сияқты «Алматы - Бішкек» жолынан «Қарлығаш» тұрғын үй кешеніне дейінгі 1,7 км жолдың құрылысына қаржы бөлуді тапсырды. Бұл трассадан кірудің қиындығы туралы мәселені Гүлзира Бақышева көтерген болатын. Жаңатұрмыс ауылының тұрғындары облыста қоқыс өңдейтін зауыт саланы ма деген сауалдарын қойды. Ал педагог Сәуле Сапарғалиева студенттік емхана ашуға мүмкіндік бар-жоқтығын білгісі келетінін айтты. Тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату жоспарлары туралы айта келе, облыс әкімі студенттер үшін жеке емхана құру қажеттілігін зерделеуді тапсырды.

Облыс әкімінің ауданға барған сапары азаматтарды жеке қабылдаумен жалғасты. Қабылдауға 11 адам жазылыпты. Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны, жалғызбасты ана Айгүл Меттібаева үйін газға қостыруға 50 пайыздық жеңілдік жасау туралы көмек сұрады. Облыс әкімі ауданға тиісті көмек көрсетуді тапсырды. Қайнар ауылының кәріз жүйесін жөндеу туралы мәселені Фая Мұсанова айтты. Аталған кәріз жүйесін жөндеуге республикалық бюджеттен қаржы бөлінгені, құрылыс жұмыстары биыл басталатыны белгілі болды. Береке Абайділданов Әзірбаев атындағы орта мектептің күрделі жөндеуді қажет ететінін айтса, Ғалия Кушканова Жандосов ауылындағы Тоғаев көшесін жарықтандыруды сұрады. Сол сияқты Қошмамбет ауылындағы мектепке алып баратын Шаған көшесін күрделі жөндеу, Үштерек ауылында мектеп салу мәселелерін аудан тұрғындары Гүлбану Бердібаева және Тілек Кемелбаев жеткізді. Шаған көшесін жарықтандыруға 7 млн. 300 мың теңге бөлінген. Әзірбаев атындағы мектепті жөндеу жұмыстары биылғы жылға жоспарланған. Ал Үштерек ауылындағы жаңа мектептің құрылысы биыл басталады. Жаңатұрмыс ауылының бастамашыл тобы елді мекеннің сумен үзіліспен қамтылып отырғанын, әсіресе жазды күндері бұл мәселе қиындап кетенінін айтты. Жауап барысында айтылғандай, аталған ауылға су Алматы қаласына қарайтын Ақсай су бұрғышынан келеді екен. Аудандық ТҮКШ бөлімі өкілінің айтуынша, қазіргі кезде бұл мәселені шешудің бірнеше нұсқасы қарастырылуда. Амандық Баталов барлық варианттарын қарастырып, нақты бір шешімге келуді, мәселені жедел шешіп, сумен үздіксіз қамтуды және тұрғындарға мәселенің шешімі туралы ақпанның соңына дейін хабарлап айтуды тапсырды. Ал одан кейін қажетті құжаттарды дайындауды бастау керектігін айтты: «Егер қосымша қаржы қажет болса, онда облыстық бюджеттен бөлеміз. Бұл мәселені жеке бақылауыма аламын. Ауылда 5,5 мың адам тұрады. Сумен қамтудың туындап отырған проблемасын жедел тиімді шешуіміз керек», - деді А.Баталов.

Азаматтарды қабылдау аяқталған соң Алматы облысының әкімі Қарасай ауданының басшылығы мен облыстық басқарма, департаменттер басшыларына қарата:

- Бүгінгі көтерілген мәселелер мен сауалдарды бақылауға алыңдар. Менің берген тапсырмаларым бойынша жұмыс жүргізіңдер. Шешімін созып жүріп алмай, нақты шаралар қабылдау керек. Аудан тұрғындары негізінен жеке мәселелер емес, тұтас ауданның, барлық тұрғындарының, тіпті жалпы облыстың игілігі үшін оң ықпал ететін мәселелер көтерді. Халық өзінің туған жері үшін жаны ауырады, өлкеміз жақсы болса екен дейді. Сендер де көтерілген мәселелердің барлығына сондай жауапкершілікпен қарауларың керек, - деді Амандық Баталов.



Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

Международное информационное агентство «DKNews» зарегистрировано в Министерстве культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство о постановке на учет № 10484-АА выдано 20 января 2010 года.

Тема
Обновление
МИА «DKNews» © 2006 -