Байқоңыр: кеше, бүгін, ертең

13277

4 мамырда Елбасы кітапханасында көпшілік іс-шаралар бағдарламасы аясында «Адамға табын, жер, енді!» халықаралық көрме алаңында «Байқоңыр: кеше, бүгін, ертең» тақырыбында онлайн-кездесу өтті, - деп хабарлайды Деловой Қазақстан.


СР

Іс-шара барысында Ақтөбе, Қызылорда, Нұр-Сұлтан, Тараз, Шығыс Қазақстан облыстарының жастары мен Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және елордалық Сервис және туризм колледжінің студенттері  Елбасы кітапханасының басшылығымен, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті және Қызылорда облысы әкімдігімен Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағының тарихы, қазіргі жағдайы және даму перспективаларының өзекті мәселелерін талқылады. 

ZOOM-конференция арқылы іс-шараға көрме серіктестері: Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің, Ақтөбе облыстық Планетарийінің және Солтүстік Қазақстан облыстық музей бірлестігінің қызметкерлері қатысты.

– Бүгінгі кездесу  12 сәуірде Ғарышкерлер күніне арналған «Адамға табын, жер, енді!» халықаралық көрмесінен басталған іс-шаралар циклінің жалғасы болды. Аспан әлеміне сапарлаған алғашқы адам –  Ю.А. Гагаринның ғарышқа ұшуының 60 жылдығы, сондай-ақ Т.О. Әубәкіровтің ғарыштағы алғашқы сапарына 30 жыл толуына орай Елбасы кітапханасында қазақстандық және шетелдік серіктестердің қатысуымен ауқымды жоба жүзеге асырылды. Ұлттық космонавтика пен ұлттық ғарыш саласы көбіне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың есімімен әрі қызметімен байланысты. Оның жүйелі, мақсатты саясатының арқасында Қазақстан бүгінде өзінің ғарыш саласы бар және өзінің ғарыштық бағдарламасын жасап жатқан бірқатар елдердің қатарына кірді, –  деп атап өтті іс-шараны ашқан Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат



Өз сөзінде Қызылорда облысы әкімінің орынбасары – ҚР Президентінің Байқоңыр ғарыш айлағындағы арнайы өкілі Серік Сүлейменов қатысушыларды Байқоңыр қаласының қазіргі өмірімен және оның дамуының негізгі бағыттарымен таныстырды.

– Мемлекетіміз Байқоңыр қаласының дамуына ерекше көңіл бөліп, тұрғындардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету және әлеуметтік тұрмыстық жағдайларын жақсарту бойынша шаралар қабылдауда. ...Биылғы жылы Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың бастамасымен қала мен облыстың оқушылары ғарыштық зымыран ұшырылған күндері ғарыш айлағына бара бастады. Олар академик С.П. Королев пен алғашқы ғарышкер Ю.А. Гагарин тұрған ғарыш айлағының музейіне және ғарышқа байланысты басқа да қызықты жерлерге барады, –  деді ол және ғарыш айлағына баруға өтінім беруге ниетті жандардың  барлығын шақырды. 


 

– Ең алдымен, біздің сала мен мерекеге назар аударғандарыңыз үшін сондай-ақ Тұңғыш Президент кітапханасында ашылған керемет көрме үшін алғысымды білдіремін.  Ю. А. Гагариннің ғарышқа алғашқы сапарынан бастап адамзат ғарыш дәуіріне енді деуге болады. Біздің еліміздің осы оқиғаға байланысты керемет тарихы бар, – деді ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов өзінің алғы сөзінде. Сондай-ақ, ол жиынға қатысушыларға Қазақстанның аэроғарыш саласының қазіргі жағдайы туралы презентация көрсетті. 



 «Байқоңыр» ғарыш айлағы басқармасының басшысы Амангелді Бекішевтің баяндамасы мен презентациясы «Байқоңыр» кешеніне арналды.

– Жиырмасыншы ғасырдың көптеген маңызды оқиғалары, кеңестік космонавтика тарихының даңқты сәттері ғарыш айлағының қызметімен байланысты. «Байқоңыр» Ресей, Қазақстан және ТМД елдерінің ғарыштық бағдарламаларын іске асыратын негізгі буын болып саналады. Бүгін де, болашақта да осы бағдарламалардың бірқатар маңызды міндеттерін тек «Байқоңырдың» көмегімен шешуге болады», – деп атап өтті ол.

Іс-шарада қатысушыларға «Адамға табын, жер, енді!» арнайы дайындалған фильмі ұсынылып, Олжас Сүлейменов пен көрменің халықаралық серіктестері – С.П. Королев атындағы Ұлттық музейі (Житомир қ.) және Ю.А. Гагарин атындағы Космонавтика музейі (Мәскеу қ.) өкілдерінің бейнеүндеулері көрсетілді.

Международное информационное агентство «DKnews.kz» зарегистрировано в Министерстве культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство о постановке на учет № 10484-АА выдано 20 января 2010 года.

Тема
Обновление
МИА «DKnews.kz» © 2006 -