Мәдениет және спорт министрлігі: балалар спортын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді

12760

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында балалардың спорттық және шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше назар аударды. Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды екені аталып өтті.

Балалар мемлекетіміздің болашағы. Сондықтан, Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында Мәдениет және спорт министрлігінің алдына халықты, оның ішінде ең алдымен балаларды дене шынықтырумен және бұқаралық спортпен айналысуға белсенді тарту, сондай-ақ спорт секцияларын ашу және «балалар үйірмелерінің» қызметін қалпына келтіру міндеті қойылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлім етті.

Оның айтуынша, осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп кәсіби спорт клубтарын ұстауға жіберілетін қаржы қаражатын халықты дене шынықтырумен және бұқаралық спортпен айналысуға тартуға қайта бағдарлау бойынша іс-шараларды жүзеге асыруда.

«Жолдауда Мемлекет басшысы тарапынан қаржы тапшылығы кезінде мемлекет бюджеті есебінен кәсіби спорт клуб­тарын толықтай қамтамасыз етудің қажеті жоқтығы сын ретінде айтылды. Бүгінгі күні республика бойынша 36 мыңнан астам адам жаттығатын 97 бірлік кәсіби спорт клубтары бар. Отандық кәсіби спорт клубтарының көпшілігі жергілікті бюджет есебінен жұмыс істейді. Олардың кейбіріне ұлттық компаниялар немесе жеке меншік иелері қолдау көрсетеді. Мәселен, 2019-2020 жылдары еліміздің 17 өңірінде жергілікті бюджеттерден 252,6 млрд теңге бөлініп, елеулі нәтижелердің болмауына қарамастан, қаражаттың көп бөлігі футбол және хоккей клубтарын ұстауға жұмсау жалғасуда. Мәдениет және спорт министрлігі барлық республикалық ойын федерацияларымен кеңес өткізді. Кеңес барысында жоғарыда аталған клубтардың қаражатын қайта бөлудің бірыңғай тәсілдері талқыланды. Клубтар спортшыларды ұстауға өз бюджетінің 50%-на дейін қаражат жұмсайтындықтан Федерациядан спортшылардың жалақысын реттеу бойынша ұсыныстар келіп түсті», - деді министр.

Сонымен қатар, қаржыны қайта бағдарлау мәселесі бойынша бірыңғай тәсілдерді әзірлеу мақсатында жергілікті атқарушы органдардың дене шынықтыру және спорт, қаржы, экономика басқармаларының басшыларын тыңдауды жүргізуде.

«Бүгінгі күні Министрлік бюджет қаражатынан төлемдердің рұқсат етілген нормасын анықтау мақсатында спортшыларға, жаттықтырушыларға және клуб жетекшілеріне жалақы төлемдерін заңды деңгейде реттеу бөлігінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде қаралуда жатқан заң жобасына түзетулер әзірледі. Бұл мәселе ҚР Мәжілісінің жұмыс тобының отырысында қаралып, депутаттар тарапынан қолдау тапты», - деді А.Райымқұлова.


фото: Unicef

Международное информационное агентство «DKnews.kz» зарегистрировано в Министерстве культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство о постановке на учет № 10484-АА выдано 20 января 2010 года.

Тема
Обновление
МИА «DKnews.kz» © 2006 -