Алматы облысының әкімі
Амандық Ғаббасұлы Баталовтың
Әлеуметтік қызметкерлер күнімен
құттықтауы
Құрметті Алматы облысындағы әлеуметтік сала қызметкерлері мен ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Әлеуметтік қызметкерлер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Әлеуметтік қызметкер өзгелердің жүгін өз иығына артып, тағдыр талқысында қалған жандарға күн сайын сөзімен де, ісімен де көмек етіп келеді. Жұмысқа жанын салып, қамқорлық жасауды қызметтік міндетім деп қана емес азаматтық парызым деп санайтын өздеріңіздей мамандар барда біздің қоғамда ізгілік пен мейірім атаулы мәңгі жасайды.
Сіздер ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарды күтіп-бағып, қарт адамдарға, жетім балаларға, көп балалы және аз қамтылған отбасыларға жәрдемдесе отырып, әр адамның бойына үміт пен сенім ұялатып келесіздер. Сондықтан да отбасылардың мүддесін қорғау, ондағы адамгершілік негіздерін нығайту, халықты әлеуметтік қорғау жүйесін тиімді дамыту бағытындағы мемлекеттік саясатты сапалы іске асыру сіздердің жұмыстарыңызға тікелей байланысты.
Сіздер арқалаған жақсылық жасау борышы әрбір азаматтың өзін қоғамның тең құқықты мүшесі екенін сезінуіне, толыққанды бақытты ғұмыр кешуіне мүмкіндік беретініне сенімдіміз.
Адамдарға деген сергек те қамқор пейілдеріңіз үшін, төзімділік пен табандылықтарыңыз үшін, мейірімділік пен рақымдылықтарыңыз үшін, кәсіптеріңізге шынайы берілгендіктеріңіз үшін сіздерге шын жүректен алғыс айтамын.
Сіздерге мықты денсаулық, қажымас қайрат, еңбекте табыс тілеймін! Көптің алғысына бөленіп, Жетісудың өсіп-өркендеуіне үлес қоса беріңіздер! Әрқайсыларыңыздың шаңырақтарыңызға тыныштық, қуаныш пен бақыт ұяласын!
Мерекелеріңіз құтты болсын!