Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Иоанн Павел ІІ – үнқатысу Папасы» көрмесінің ашылуы өтті. Көрме Рим Папасы Иоанн Павел II-нің 100 жылдығына, сондай-ақ Папаның 2001 жылы Қазақстанға ресми сапарына арналған.
Іс-шара кітапхананың «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық көрме жобасы аясында Қазақстан Республикасындағы Польша Республикасының Елшілігі және Қазақстан Республикасындағы Апостолдық нунциатурамен бірлесіп ұйымдастырылды.
Көрменің мақсаты – Елбасының Рим Папасы Иоанн Павел II-мен кездесулері арқылы дипломатиялық байланыстардың маңызды кезеңдерін ашып көрсету және конфессияаралық келісім саясатын іске асыру.
Өзінің алғысөзінде Елбасы кітапханасының басшысы Әмірхан Рахымжанов Иоанн Павел ІІ адамзат тарихында өшпес із, ал миллиондаған жанның жүрегінде жылы естеліктер қалдырғанын атап өтті:
«Иоанн Павел ІІ-нің Қазақстанға ресми сапарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «ізгі, философ және ойшыл жан» деп бағалап, бұл сапар Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келіп, жас егемен мемлекеттің тарихында ерекше оқиға болды. Сондай-ақ бұл сапар әлемдік саяси аренада өркениетаралық, дінаралық және конфессияаралық диалогтың орнауында, сонымен қатар Қазақстан мен Ватикан арасындағы әріптестік пен диалогтың нығаюында баға жетпес рөл ойнады».
Ертең, 11 қарашада, Польша Тәуелсіздік күнін атап өтеді, – деді шара барысында Польша Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Селим Хазбиевич. Осыған орай ол поляк халқының әйгілі перзенті – Иоанн Павел ІІ-ге арналған көрменің ерекше маңызын алға тартты.
«Көрме 2011 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Иоанн Павел II-мен кездесуі өткен залда өтіп жатыр. Шынында, мұнда сол жылдардағы рух сақталған, тіпті сол кездесудің атмосферасын сезуге де болады. Қазақстан – ислам, католик костелі және православ шіркеуі береке-бірлікте өмір сүретін таңғажайып ел. Мұнда діндер арасында шынайы диалог жүреді. Бұл біз үшін өте маңызды. Қазақстанның қазіргі үкіметі конфессияаралық және этносаралық диалогқа қатысты республикада ғана емес, Азия мен Еуропа елдерінде де өте қызықты сыртқы және ішкі саясат жүргізуде», – деді Селим Хазбиевич.
Жиналғандарға сондай-ақ Қазақстандағы Апостол Нунцийі Архиепсикоп Фрэнсис Ассизи Чулликат та үндеу жолдап, сөз сөйледі:
«Диалогтың маңызы Иоанн Павел ІІ-ің өзі «кездесу мен диалогқа ашық» деп бағалаған Қазақстанға тарихи сапар жасауына түрткі болған еді. 2001 жылдың 22 қыркүйегінде елорда әуежайында осынау берекелі қазақ топырағын сүйгеннен кейін өзінің алғашқы сөйлеген сөзінде понтифик «өзге ұлт, халық және мәдениетпен салиқалы қатынас орнату үшін көпір саналатын бауырмалдық, өзара түсіністік пен диалог» құрудағы Қазақстанның бейілдігі мен шешімдігін жоғары бағалады».
Қазақстандағы Католик шіркеуінің басшысы Томаш Пэта көрменің ашылу салтанатында Иоанн Павел ІІ-нің Қазақстанға жасаған тарихи сапары Қазақстан үшін ұмытылмас оқиға болды деп атап өтті.
«Иоанн Павел ІІ Қазақстанға, ал Қазақстан Рим Папасына риза болды. Адамдар бізге бір әулие келді деген еді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастаған Қазақстан халқы Рим Папасына үлкен сүйіспеншілік пен қонақжайлық көрсетті. Понтифик өзінің сапары кезінде Қазақстан халқына арнап: «Қазақстанның діндер, мәдениеттер арасындағы көпір болу миссиясы бар», – деп еді». Тәуелсіздіктің үш онжылдығы ішінде Қазақстан дінаралық және конфессияаралық үндестікті қалыптастыруға бағытталған белсенді мемлекеттік саясатымен ерекшеленетін жаңа мемлекеттілікті және зайырлы мемлекеттің өзінің бірегей моделін қалыптастырды.
Қоғамдық дамудың қазақстандық моделінде Қазақстандық қоғамның топтасуы мен бірлігіне лайықты үлес қосып жүрген дін қайраткерлерінің еңбегіне ерекше көңіл бөлінеді. Олардың қоғамға қосқан жауапты үлесінің арқасында дінге қатысты мемлекеттік саясат дінді теріске шығарудан және онымен күрестен негізгі конфессиялармен әріптестікке дейін трансформациядан өтті.
Польшада 2020 жыл Иоанн Павел II жылы деп жарияланды. 100 жыл бұрын, 1920 жылы18 мамырда Польшаның Вадовице қаласында Кароль Юзеф Войтыла дүниеге келді. 1978 жылы 16 қазанда Кароль Войтыла кардиналдардың кеңесінде Рим-Католик шіркеуінің басшысы болып сайланды және Иоанн Павел II есімін алды. Ол 1523 жылдан бастап екінші шетелдік Рим Папасы, тарихтағы ең жас папалардың бірі және славян тектес алғашқы Рим Папасы болды. Католик шіркеуін басқарған Иоанн Павел II адамзат тарихында және миллиондаған адамдардың жүрегінде жылы естеліктермен жарқын және өшпес із қалдырды. Понтифик Италиядан тыс жерде 104 рет пасторлық сапармен болды. Оның қоғамдық тыңдауларына 17,6 мыңнан астам қажылар қатысты. Ол 38 ресми сапар жасады, мемлекет басшыларымен 738 кездесу өткізді.
II Иоанн Павелдің Қазақстанға ресми сапары осыдан 19 жыл бұрын, 2001 жылғы 22 қыркүйекте, Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығында өтті және халықаралық саяси аренада өркениетаралық, дінаралық және конфессияаралық үнқатысуды орнатуда, сондай-ақ Қазақстан мен Ватикан арасындағы үнқатысу мен әріптестікті нығайтуда баға жетпес рөл атқарып, жас егемен мемлекет тарихындағы бірегей оқиға болды.
Көрме Қазақстан Республикасы Президентінің жұмыс резиденциясы болған кезде мұражай ғимаратында ашылады, 2001 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Папамен кездесуі өтті. Көрме үш бөлімнен тұрады:
1. «Иоанн Павел II-диалог Папасы» бөлімі келушілерді Понтификтің өмірбаянымен және қызметімен таныстырады, материал Қазақстан Республикасындағы Польша Республикасының Елшілігінен ұсынылды;
2. «Елбасының Понтификпен кездесулері» бөлімі Елбасының жеке архивінен алынған Папаның Қазақстанға ресми сапарын, сондай-ақ Елбасының Ватикан өкілдерімен кездесулерін куәландыратын архивтік материалдармен ұсынылған. Көрме экспозициясында Елбасының кітапханасы жинағының экспонаттары ұсынылған: Ватиканның жоғары мемлекеттік наградасы-Пий ордені және Рим Папасының дипломатиялық сыйлықтары;
3. «Қазақстан – Польша: достықтың баға жетпес құндылығы» бөлімі. 11 қараша – Польша Тәуелсіздігі күні қарсаңында Елбасының кітапханасы өз жинағынан алынған Қазақстан мен Польшаның дипломатиялық қарым-қатынастарының тарихы туралы баяндайтын экспозиция ұйымдастырды.
«Иоанн Павел ІІ – үнқатысу Папасы» көрмесі 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.