12 қарашада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы ҚР Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп, Алматы қаласындағы «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханада жаңа басылымы – «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев» биобиблиографиясының тұсаукесерін өткізді. Жобаны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің басшысы, саяси ғылымдардың докторы, профессор Махмұд Қасымбеков басқарды.
«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев» биобиблиографиясының жарық көруі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланғанына 25 жыл толуына орайластырылды. Кітапта Қазақстан мен әлемдік қоғамдастықта мойындалған Елбасының өмірі мен қызметі, бастамалары мен сіңірген еңбектері бейнеленген өмірбаяндық очерк бар. Елбасының іргелі, бағдарламалық және стратегиялық еңбектері, жарияланымдары, шығармашылық жұмыстары, сондай-ақ Қазақстан да, шетелде де сөйлеген сөздері туралы бірқатар материалдар мен ақпараттар жинақталып, қамтылды. Сонымен қатар кітапта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевқа арнап түсірілген көркем фильмдер, деректі фильмдер, туындылардың авторлары мен әдеби басылымдар туралы ақпараттар көрініс тапқан.
Биобиблиографияның тұсаукесері Елбасы кітапханасы мен ҚР Ұлттық ғылым академиясы бірлесіп ұйымдастырған «Қазақстан ғылымы: даму кезеңдері мен басымдықтары» тақырыбындағы дөңгелек үстел аясында өтті.
– Биыл Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мүшелігіне Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қабылданғанына 25 толмақ. Осы орайда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кеңсесінің басшысы, саяси ғылымдардың докторы, профессор М.Б. Қасымбековтың жетекшілігімен Елбасы кітапханасы «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев» академиялық биобиблиографиясын әзірледі. Тағдыры мен борышын егемен Қазақстанның қалыптасу тарихымен ұштастырған тұлғаның еңбек жолы басылым негізіне алынып отыр. Өзінің бай тәжірибесіне сәйкес, бүгінде Елбасы Қазақстанда білімді, ғылымды дамытуға мейлінше көңіл бөледі. Жыл сайын бұл салаға бюджеттен үлкен көлемде қаражат бөлініп, елімізде жаңа заманауи мектептер, дарынды балаларға арналған оқу орындары және әлемдік деңгейдегі университеттер ашылуда. Олар талантты оқытушыларды, студенттерді, зерттеушілерді тартатын орталықтарға айналып, жаңа буынға кәсіпкерлік және инновациялық ойлауды қалыптастыруға баса көңіл бөлінеді. Тәуелсіздікке қол жеткізген күндерден бастап Елбасы мемлекеттің білім беру және ғылым саласын ешқашан назардан шығарған емес. Елбасы айтқандай, ғылымсыз өндіріс алға баспайды. Сондықтан әрбір Жолдауында индустриянының әр саласын инновациялық, ғылыми сүйемелдеумен күшейтуді талап ететін. Қазақстанның Тұңғыш Президенті қайда болса да, республика көлемінде немесе шетелдік сапарда болсын, жоғары оқу орындарының студенттерімен ұдайы кездесулер өткізеді, дәрістер оқып, өзінің білімі мен тәжірибесін жастармен бөліседі, – деп атап өтті Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов.
Дөңгелеке үстел қатысушыларына «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев» биобиблиографиясының тұсаукесеріне қатысты өзінің үндеуі мен құттықтауын М.В. Ломоносов Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий жолдады. «Биобиблиографияның жариялануы қоғамдық, ғылыми және саяси өмірдегі маңызды оқиға. Ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуының бар кезеңіндегі орасан зор еңбегін танытады. Кітапта Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстанның дамуына, атап айтқанда саясат, экономика, қоғамдық өмір, ұлтаралық қатынастар т.б мәселелердегі тұтас қадамының көрініс табуы маңызды. ...Біз Елбасы кітапханасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесі және ҚР Ұлттық ғылым академиясы дайындаған еңбек Қазақстан Республикасының дамуы мен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы дамудағы рөлі туралы түсінікті айшықтауда ғылыми, ағарту және қоғамдық-саяси қызметте қолданылады деп сенеміз», – деген ресейлік ғалымның үндеуін Ә.М. Рахымжанов оқып берді.
– Жылдар өтіп, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Тұңғыш Президент – Елбасы жүріп өткен жол жаңа көзқарас тұрғысынан зерттеліп, сарапталуы керек. Қазақстан дамуындағы ірі жобалардың неге негізделгенін, қалай жүзеге асқанын, неге қол жеткізгеніміз туралы ғылыми түйін жасауға тиіспіз. Мұны бәрі білуі керек. 1995 жылы экономика ғылымдарының докторы, профессор Н.Ә. Назарбаев ҚР ҰҒА академигі болып сайланғанда бірауыздан қолдау тапқан еді. Жоғары ғылыми органға ғалымның сайлануы қандай еңбегі үшін сайлануда деген сауалмен қатар жүреді. Біз бәріміз Елбасының жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшуді ғылыми тұрғыда жасақтап шыққанын білеміз. Және оны тұтас бір мемлекет тәжірибесінде жүзеге асырды. Міне, осы үшін академик болып сайланды, – деді ҚР ҰҒА Президенті, химия ғылымдарының докторы, профессор, академик Мұрат Жұрынов.
Іс-шарада спикер ретінде белгілі отандық ғалымдар – Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының толық мүшелері сөз сөйледі.
– Бүгінгі іс-шара – мемлекеттің ғылыми қоғамдастығы үшін айтулы оқиға. Бұған қатысқаныма өте қуаныштымын. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемдік ірі саясаткер ғана емес, белді ғалым ретінде де танымал. Қазақстанның аяққа тұрып дамуы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қызметімен тікелей байланысты екені күмәнсіз. Ғылымның дамуындағы оның тарихи көрнекті рөлін атап өтпеуге болмайды. Әмірхан Мұратбекұлы атап өткендей, тәуелсіздік алып, Қазақстанда жеке даму моделін қалыптастыру әлемде «Қазақстан жолы» немесе «Назарбаев моделі» деген атау алды. Әлемнің дамыған елдері экономикасының тәжірибесін есепке алып, тәуелсіз мемлекет құру моделі шындығында өте бағалы еңбек. Елдің тұрақты дамуының мұндай стратегиясы терең ғылыми фактілерге негізделген және жаһандық ғылым мен тәжірибені тоқтаусыз зерттеудің жемісі, – деді өз сөзінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰАК Вице-президенті, академик, техника ғылымдарының докторы, профессор Ғалымқайыр Мұтанов.
Қазақ тағамтану академиясының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Ресей медицина ғылымдары академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төрегелді Шарманұлы Қазақстанның қандай қиын кезеңді бастан өткергенін еске салды.
– Бұл тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасы көпұлтты халықтың бірлігі мен дінаралық келісімді мемлекеттің басты құндылығы деп жариялауының арқасында ғана біз абыроймен еңсере алған қиын жол болды. Елбасы көреген саясаткер, реформатор, өз жерінің нағыз патриоты ретінде қазақ ұлтының болашағы үшін жұмысын жалғастыруда, – деп атап өтті ол.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықовтың пікірі бойынша, Қазақстанның Тұңғыш Президенті еңбектерінің ғылыми әлеуеті болашақ ұрпақ үшін өте маңызды.
– Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан ғылымының дамуына да ерекше көңіл бөлді. Әсіресе, тоқсаныншы жылдардағы экономикалық дағдарыстарға, қиындықтарға қарамай университеттермен бірге ғылымның интеграциясына мән берді. Ел тарихында тәуелсіздікті баянды ету мен Қазақстанды әлемге таныту жолында аянбай тер төккен Тұңғыш Президенттің ғылыми әлеуеті, ғылыми еңбектері бүгінгі таңда келешек ұрпаққа аса маңызды деп есептеймін,– деді ол.
Тілектес Есполов, ҚР ҰҒА академигі, ҚР ҰҒА Вице-президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор:
– Біз Елбасы кітапханасымен үнемі тығыз байланыстамыз. Мен бүгін Әмірхан Мұратбекұлы Рахымжанов басшылық ететін кітапхана ұжымына жүргізіп жатқан жұмыстары үшін, атап айтқанда «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев» биобиблиографиясын дайындап және басып шығарғандары үшін алғысымды білдіремін. Ол әрбір қазақстандық ғалымның үстелінде тұратын кітапқа айналатынына сенімдімін. Оған қоса, бұл басылымды еліміздің мектептері мен жоғары оқу орындарына тарату қажет, өйткені бұл – тәуелсіз Қазақстанның тарихы.
Басқосу барысында ҚР ҰҒА Вице-президенті және академигі, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері Рахым Оразалиевтің, ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, академик Ақан Бижановтың, Абай атындағы ҚазҰПУ педагогикалық білім беруді дамыту орталығының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алма Әбілқасымованың баяндамалары тыңдалды.
Іс-шара аясында Елбасы кітапханасы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Меморандумға қол қоюдың мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың идеялары мен бастамаларын насихаттау, сондай-ақ бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру.