«Боран» - бір ерліктің тарихы

12716

Режиссер Сәбит Құрманбеков жарқын, драмалық әрі резонансты оқиғаны баяндап бермекші. «NRK Production» компаниясының «Боран» көркем фильмі екінші питчингтің жеңімпазы атанған, және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қаржылық қолдауымен түсірілетін болады.  

Фильмнің оқиғасы кеңес заманында, өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңында орын алады. Жас жігіт шұғыл көрші ауылға аттанады. Далада ақтүтек күшті боран соғып тұр. Жолда адасып, бір үйге кезігіп, оның иелерімен сөйлескеннен кейін Қытай шекарасынан асып кеткенін түсінеді. Сол замандағы ауыр қылмыстардың бірі: кеңес түрмесінде кемінде бес жыл отыру болса, Қытайда тіпті ату жазасы күтіп тұр.  

Режиссер атап өткендей, фильм арқылы жеткізу үшін ойластырылған бұл оқиғадағы басты идея: күнделікті өмірде кез-келген адамның үлкен ерлік жасай алатындығы.

«Біздің кейіпкеріміз Қытайдың шекарасында орналасқан қазақтардың қыстауына тап болады. Мұндай қыстауларға міндетті түрде қытай солдаттары қойылатын, олар сол жерде көмектесетін де, оны бақылайтын да. Соңында біздің кейіпкерімізді тұтқынға алғылары келеді, алайда, үй иелері – шал мен кемпірі өз өмірлерін қауіпке тігіп, жас жігітті құтқарып алып, ол қашып кетеді. Ал қытайлық солдат қашып кеткен адамды қайтарып ала алмайтындығын түсініп,  адамгершілікке жататын іс жасайды – шалмен бірге машинаны өртеп, қашқынның ізін жасырады.  Яғни, картинаның басты мағынасы – адами іс-әрекеттердің шегі жоқ екенінде», - дейді Сәбит Құрманбеков.

Режиссердің айтуынша, «Боран» — бұл қазақтардың өзге елдегі өмірлері мен тағдыры туралы тақырыптағы екінші жоба. Бұл тақырып біздің көрермендер үшін өзекті екендігін «Оралман» атты бірінші картина көрсетті.

«Оралман» ондаған сыйлықтарға ие болды, бұл фильм YouTube алаңында 400 мыңнан астам көрсетілім жинаған. Ондағы басты тақырып  – қазақ тағдыры. Әрине, ол фильм заманауи, жастардың талабына сай емес, бірақ өзінің аудиториясы бар. Адамдарға қызықты, тіпті Германиядан да қазақтар мен немістердің тағдыры ұқсас деген хаттар келіп жатты. Сондықтан, бұл тақырып шетелдік көрермендерге де қызықты. Мен «Оралманды» түсіргенімде прокаттаудың алдында картинаны Түркия, Ресей, Қытай, Моңғолия қазақтарына көрсеткім келген. Бірақ, қалай болғанда да, картина екі міндетті алып шықты – көптеген сыйлықтардың жеңімпазы атанды, көрермен пікірін қалыптастырды. Оралмандар тақырыбы әрқашан жабық болатын, оны көпшілікке жариялауға, белсенді түрде талқылауға болмайтын. Ал бұл фильмнен кейін басқаша көзқарас қалыптасты, тіпті «оралман» терминін қолдануға тыйым салынды. Көрдіңіз бе, қалай әсер еткенін...».

Қазіргі таңда, картинаның авторлары актерлік құрамды бекітіп, локацияларды таңдап қойған, ол Алматы облысы мен Моңғолия болмақ. Жақын арада түсіру тобы жұмысты бастайды. Болашақта, Сәбит Құрманбеков өзінің үшінші «Асар» атты фильмімен Кино орталығының питчингіне қатысуды жоспарлап отыр.

«Менің бұл тақырыпқа қатысты тағы бір ойым бар, ол менің жерлестерім, Германияға қайтып оралған немістерге қатысты. Менің сыныптастарым Германияға оралған соң жарты жылдай резервацияда болғандарын айтатын.  Жоба  «Асар» деп аталады, яғни көмекке шақыру.  Оқиғаның сюжетіне келсек, немістер өз отандарына оралғаннан кейін бір ескі үйді жөндеуді жөн көріп, оны жария етеді, бірақ өзгелер олардың жасағанын күлкіге айналдырады. Оқиғаның түйіні де қызықты. Көреміз. Бірақ, әзірге біз «Боранды» шығаруға бар күшімізді салып жатырмыз», - деп қосты Құрманбеков.

Кино орталығының ресурстарындағы жарияланымдарды бақылап отырыңыздар, біз Сіздерді ҰКҚМО қолдауымен шығарылатын жобалардың өндірісімен таныстыратын боламыз.

Международное информационное агентство «DKnews.kz» зарегистрировано в Министерстве культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство о постановке на учет № 10484-АА выдано 20 января 2010 года.

Тема
Обновление
МИА «DKnews.kz» © 2006 -