«Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов еңбек ардагері Қуандық Медеуовті қабылдап, Атырау облысының «Құрметті азаматы» атағымен марапаттады»,- деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Қуандық Қайырденұлы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде 41 жыл еңбек еткен. Қызмет бабымен Қазақстанның 9 облысында лауазымдық міндеттерін атқарған. 2006-2011 жылдары ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Украинадағы ресми өкілі қызметінде болған. ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Сонымен қатар, аймақ басшысы Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев пен Махамбет ауданының әкімі Жәрдемғали Ахметовті ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы Алик Шпекбаевтың «Алғыс хатымен» марапаттады.

«Халыққа сервистік қызмет көрсетуді сапалы ұйымдастыру арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және парасаттылық жолдарын дәріптеуге қосқан үлесі үшін марапатталады» делінген Алғыс хатта.
Өз кезегінде қала әкімі Қайрат Оразбаев
«Құрметті Махамбет Жолдасғалиұлы, сіздің бізге берген басты тапсырмаңыз — елдің игілікті өмір сүруін қамтамасыз етіп, жағдайын жақсарту болатын. Осы бағытта бір жылдың ішінде қиындыққа қарамастан халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жеңілдететін көптеген жұмыстар жасалды. Атап айтқанда, мыңдаған атыраулық баспаналы болып, қаншама жолдар жөнделді және қаланың көрікті орындарының саны артты. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз»,-деді.