ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған мақаласына орай, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері, этномәдени бірлестіктің төрағалары, белсенді жастар пікір білдірді.

«Егемен Қазақстан» газетінде шыққан Президентіміздің мақаласы бізге жаңа серпін мен жаңа белестірді бағындыруға жігер қосты. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақалада еліміздің өткені, қазіргісі мен болашағы жайлы айтылған. Шынында адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады. Өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан-жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі. Халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Мемлекет басшысы осы жайында "біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу" деген еді. Мен де еліміздің күннен күнге нығайып, дамуында әрбір қазақстандық аянбай еңбек ететін жас ұрпақ тәрбиелей білуіміз керек деп есептеймін.
Михуля Юрий Қарағанды облысы бойынша "Жаңғыру жолы" РЖҚ мүшесі

Биыл Қазақ елі тәңірі берген Тәуелсіздігінің, арайлы азаттығының отызыншы жылына қадам басып отыр. Түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алатын «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бағзы заманнан бері қаншама өзінің іргелі ел, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны – еркіндік сүйгіштік жігерінің, асқақ рухының арқасы.
"Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан - ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ.» деп жазған болатын. Расымен де, еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындықтарға жолықса да тастай берік төзімділіктің арқасында, жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген үмітін мойындатты…
Сондай – ақ, Президент Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мақаласында еліміздің үш онжылдықтағы қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін атап өтіп, болашаққа міндеттерді айқындады.
Ханануз Расулова, Қарағанды облысы бойынша "Жаңғыру жолы" жастар қозғалысының мүшесі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақаласы отандастарымызды өткен жолдарымызға нақты талдау жасауға, келешек бағыт – бағдарымызды айқындауға шақырған аса маңызды құжат болды. Төрт тараудан тұратын мақаланы мұқият оқып шығып, мемлекет басшысының кемел ойларына тағы да көз жеткіздік. Шынында есігін айқара ашқан биылғы жыл тарихи даталарға толы болғалы тұр. Оның ең бастысы – еліміздің Тәуелсіздігі жарияланғанына 30 жыл толады. Қасым – Жомарт Кемелұлы осы кезеңді үш онжылдық белеске бөліп, жүзеге асырылған орасан зор шаруаларды атап көрсеткен және алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеттеріне тоқталды.
«Таным мен тағылым» тарауында барша жұрттың, әсіресе жас ұрпақтың тарихи санасы айқын, әрі берік болуына назар аударды. Көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажеттігін шегеледі. Құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырғаны дұрыс шешім болды. Осы тұрғыда айтарымыз – кино түсіргенде шетелдік мамандарды шақыруға әуестенбей өз ұлтымыздан шыққан жігерлі, сауатты тұлғаларды қатыстырған жөн болады.
Мемлекет басшысы 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа жүз жыл өткенін, әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толатынын, отыз жыл бұрын Семей полигонының жабылғанын атап көрсетіп, Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау қажеттігін ұсынды. Мақалада келтірілген «Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді» деген пікір жұртшылықтың көңілінен шықты. «... Қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды» деп тайға таңба басқандай айқындады.
Президент мемлекет тілдің әлі күнге төрге шыға алмай отырғанына алаңдайтынын айрықша атап көрсетті және қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарға үндеу тастады. Шынында біз осы мәселе турасында немқұрайдылықтан арыла алмай келеміз. Таяуда облысымыздың Қазақстан халқы Ассамблеясының жиналысында облыс әкімі Оңдасын Оразалин облыстағы этномәдени бірлестіктерге грант тапсырды. Салтанатты басқосуда ұлты әзірбайжан Шахбаз Джамалов, татар қызы Эльвира Хабибуллина, ұлты украин Роза Долженко және басқалары оралымды ойларын қазақша жеткізді, қазақша әндер шырқалды. Ал біздің көптеген қаракөз бауырларымыздың ана тілімізге ынтасы кемшін. Ата – аналардың өз балаларын орыс мектебіне беруі азаймай отыр. Мақала авторының Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұны байыта түсу идеясы бізді қуантты.
«Ұлағат пен ұстаным» деп аталатын соңғы тарауда азаматтық қоғамды дамыту турасында ойлар ортаға салынған.
Жанғабыл Қабақбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасының орынбасары
***
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Тәуелсіздік – бұл біздің халқымыздың ең басты құндылығы және ең маңызды байлығы» деп атап өтті.
Тәуелсіз еліміздің ертеңі – қазақ тілінде екенін назарға алып, «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп айтуға болады» дей келе, әрбір азаматтың қазақ тілін меңгеремін деген ниеті болса, ол өз мақсатына жететіндігін алға тартты.
Сондай-ақ, қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларын, шетел жазушыларының таңдаулы туындыларын аударып, таратуды тапсырды.
Президентіміздің мақаласында айтылған осындай мағыналы ойлар жастарды ғылым-білім, тіл үйренуге шақырып, көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятуға жетелейді.
Өз басым білімге, қазақ тілін білуге деген құштарлығымның арқасында ұлан-ғайыр даланың тереңнен тартқан тарихына бойлап, қаншама толымды туынды, жыр маржанымен сусындап өстім. Дархан даланың данасы Абай өлеңдеріне деген қызығушылығым мектеп қабырғасында жүргенде оянды. Ойшыл ақын Абай Құнанбаевтың берер өнегесін бойыма сіңіріп келемін. Қазіргі күні Ұлы ақынның тәрбиелік арнаның қайнар көзі жатқан 200-ге жуық өлеңі мен бір поэмасын жатқа білемін. Бүгінгі таңда тіл білімінің қыр-сырына қаныға түсуге ынта жасап, болашақта қазақ тілін жас ұрпаққа үйретсем деген ниетім бар.
Елена Пак, Қорқыт ата атындағы Қызылорда Университеті «Филология» факультетінің 3 курс студенті, «Абай қазынасына саяхат» клубының үйлестірушісі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында көптеген игі мәселелрді назарға алады. Бастысы, қазақ тілінің тағдырына алаңдап, үйренгісі келген әрбір жанның қолынан келетіндігін айтып өтеді. Мемлекет басшысы Отанымыздың өсіп-өркендеуі үшін қастерлі Тәуелсіздігімізді қорғау және нығайту - әрбір Қазақстан азаматының және барлық саяси күштердің абыройлы міндеті екенін атап өтті.
Иә, ата-бабаларымыз армандаған Тәуелсіздік – біздің құндылығымыз. Оның маңызын сараптап, қадірлей алу біздің ұлттық парызымыз.
Ақиқатында, Тәуелсіздіктің таңымен қазақ ұлтының тарихы, мәдениеті, тұтас руханияты түгенделе бастады. Экономикалық өрлеуіміздің өзі өзге елдерге өнеге болғандай деңгейге жетті.
Елбасы Қазақстан халқының өзіне артқан зор сенімін үлкен абыроймен атқарып шықты және қазір де миссиясын табысты жалғастыруда. Біздің тұтас мақсатымыз – Тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін Мәңгілік ел құндылықтарын қастерлеп, оны болашаққа аманаттау.
Амангелді Қабылбеков, Сайрам аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы

Президентіміз бұл мақаласында біздің көпұлтты мемлекетімізді бір бағытқа біріктіретін күш - мемлекетік тіл екеніне тағы да баса назар аударғанын атап кету керек. Сонымен қатар мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылықты арттыру басты міндет екенін еске салады.
Ол үшін біз жастарымыздың бойында тілді үйренуге деген құлшынысын бала кезден оятып, сол бағытта тың әдіс-тәсілдерді кеңінен қолдану керек деп ойлаймын.
Көп тілмен қатар мемлекеттік тілді жетік меңгерген азаматтың мерейі үстем болатынын жастарға түсіндіріп, соған қол жеткізуге талпынған жастарға жағдай жасауымыз керек.
Наталья Дементьева, Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының мүшесі, гуманитарлық-техникалық лицейдің директоры

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын оқып шықтым. Мағыналы мақаладан ұғарымыз мол. Президент ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел қағидатын ұстана отырып, барша қазақстандықтарды татулық, бірлікке шақырады. Осы орайда ұлты мен нәсіліне қарамай, бар халықты бір тудың астына жинай алған Елбасының сындарлы саясатын көпке үлгі етеді.
Егемен, тәуелсіз Қазақ елінде жалпы адамзаттық құндылықтарға қол жеткізіп, біртұтас мәдени жүйе қалыптастыру үшін өткен жолымызды, шыққан биігімізді бағалай білуіміз қажет дейді. Өйткені өткенін бағалай білмейтін ел келешегін де болжай алмайтынын алға тартады.
«Бірлік те ерлік сияқты сын сағатта сыналады» дейді дана халқымыз. Еліміз пандемия салдарынан көптеген қиыншылықтарға тап болды. Дегенмен қазақстандықтар бұл қиын сәттерде ауызбіршілік, жанашырлық танытып, бір-біріне қолдан келген көмектерін аямады. Расымен, бірлік пен ынтымақ рухани құндылықтарды сақтап, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін аса қажет, сондықтан қазіргі заманда бұл әрбір қазақстандықтың парызы болуы тиіс деп ойлаймын.
Юсуп Саидов, Қызылорда облыстық шешен этномәдени бірлестігі жетекшісінің орынбасары

Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бүгінгі мақаласы мемлекеттік саясатты дамытудың негізгі бағыттарын ашып, еліміз үшін маңызды тарихи сәттерді қамтыды.
Мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі ретінде Президент мақалаcында ҚХА-ның біздің еліміздің егемендігін дамытуға қосқан үлесіне үлкен назар аударғанын атап өткім келеді.
Біздің халқымыз басқа мемлекеттердің сыни пікірлеріне қарамастан көп ұлттың басын бір шаңыраққа біріктіре алды. Қазіргі кезде еліміздің ұлтаралық келісім саясаты бүкіл әлемге танылды.
Демек, біздің еліміздегі бейбітшілік пен достықты сақтау - бұл мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, бүкіл қоғамның парызы, және бұл әрқайсымыз үшін өте маңызды.
Зуфаров Ибрагим, Жамбыл облыстық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі, Ақсақалдар алқасының төрағасы

Мақаланың тарихи маңыздылығы - Мемлекет басшысы өткеннің тағылымына жүгінеді, қазақ халқының ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі тарихи жолында, өзіндік мәдениетіміз бен дәстүрлеріміздің дамуы туралы ой бөледі. Мақалада мемлекет тұтастығын нығайту, тарих ғылымын дамыту, біздің қоғам өмірінде мемлекеттік тілдің рөлін арттыру бойынша бірқатар нақты шаралар бар екендігі өте маңызды, бұл бәрімізден көп жұмысты талап ететіндігі анық.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы өте маңызды, өйткені мақалада қазіргі Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының үш онжылдығын сипатталып, бәсекеге қабілетті мемлекеттің 4-ші онжылдығының басты мақсаттары айқындалған. Мемлекет басшысы алға қойған жаңа ауқымды міндеттер халқымызға жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін.
Зайнутдинов Абдурахман Тараз қаласы өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы, ҚХА мүшесі

Иә, тәуелсіздік бәрінен қымбат. Ел Президенті өз мақаласында осы тіркесті басты назарға ұстайды. 2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы атап өтіледі. Жалпы тарихты қарастыратын болсақ, 30 жыл өте аз уақыт, бірақ біздің елімізде осы уақыт ішінде қаншама істер жасалды. Тәуелсіздіктің 30 жылы дегеніміз не? Ол елдің бейбіт өмір сүругеніне, сауатты және дана мемлекеттік саясаттың жүргізілгеніне, табысты экономикалық дамуға, әлеуметтік саланы дамыту мен жетілдіруге, әлеуметтік дамудың барлық маңызды көрсеткіштерінің тұрақты өскеніне, қазақ жеріндегі бейбітшілік, бірлік пен келісімге 30 жыл толды деген сөз.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде біз көп нәрсеге қол жеткіздік, бірақ ең бастысы, менің ойымша, бұл - ұлтаралық келісім мен Қазақстан халқының ұлттық бірлігін сақтау. Бұл ретте, әрине, өткен жылы 25 жылдығын атап өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы ерекше рөл атқарады. Ассамблея елде тұратын барлық этностарды бір шаңырақ астында біріктіретін мекемеге айналды. Ассамблея халықаралық мәдени интеграцияны алға тартты, мемлекеттің жан-жақты дамуына негіз болды, өйткені елдің жетістігі көбінесе қоғамдағы бейбітшілік пен өзара түсіністікке байланысты.
Халиков Амир, Жамбыл облыстық «Айнұры» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы

Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Осы жылдар ішінде еліміз талай белестерді бағындырып, алдына жаңа мақсаттар қойды. Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріміз бен құндылықтарымыз жайлы айтылған. Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев: "Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез-келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз" - деген еді. Шынымен де, тұрғындардың тұрмысы жақсы болса, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстары да мол болмақ. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғай алатындығын жеткізді. Менің ойымша, әділетті мемлекет дегеніміз - осы.
Гюлага-Векилоғлы Рзаев "Намус" әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы
***
«Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын оқып ерекше әсер алдым.
Қазақ халқының сан жылдық рухани мұрасын, асыл қазынасын төл тілімізде оқып білуге аса құштар жас буын өкілі ретінде маған Президентіміздің: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек», - деген сөздері қатты ұнады.
Бұл сөздермен еліміздің ертеңі қазақ тілімен тығыз байланысты екенін жақсы ұғынатын әрбір саналы азамат толық келіседі деп білемін. Сонымен қатар мемлекет басшысының осы мақаласындағы: «Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады. Өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан-жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі», - деген сөздері елін, жерін, туған үйі мен Отанын шын сүйетін, оның болашағына алаңдап, дамуына қажырлы еңбегімен зор үлес қосып келе жатқан жандарға берілген лайықты баға деп ойлаймын.
Вебер Владислав, "Қоғамдық келісім" КММ жанындағы мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығының мүшесі
Дереккөз: ҚХА