«Цифрлық технологияларды енгізу сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай азайтуға және адами факторды болдырмауға мүмкіндік береді. Елорда әкімдігі кез келген сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне ішкі бақылауды күшейтті». Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің форумында елорда әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді.
«Жұмыс ең алдымен жемқорлықтың себептері мен жағдайларын болдырмауға әрі жоюға бағытталуы керек. Себебі тек алдын алу шараларымен және алғышарттарды жоюмен ғана сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге, сондай-ақ пара алу немесе беру ниетін болдырмауға болады. Бәрі де ұсақ-түйектен басталады. Еңбекке жарамсыздық қағазын сатып алу, жұмысқа орналасуға көмек секілді мысалдарды айтуға болады. Сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу әр адамның қолынан келеді. Заңсыз әрекеттің тәуекелдерін төмендетуде цифрлық технологияларды енгізу маңызды рөл атқарады.
Бірінші. Білім беру, денсаулық сақтау, көлік салаларында оңтайландыру жүргізілді: мектептегі тамақтандыруда мемлекеттік сатып алуды автоматтандыру, денсаулық паспорттарын 100 пайыз цифрландыру, медициналық анықтамаларды берудің заңдылығын тексеру үшін ақпараттық сервис әзірленді. Берілген анықтамаға QR-код жазылған, оны сканерлеп, түпнұсқалығын тексеруге болады. Сондай-ақ автобустарды электрондық төлем жүйелерімен 100 пайыз жарақтандыру жайы бар. Бұл ақша қаражатының 40 пайызын көлеңкелі айналымнан шығаруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, инженерлік және қалалық желілерді және т. б. цифрлау жұмыстарын жүргіземіз.
Екінші. Әкімдікпен 159 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, біз оларды 100 пайыз электронды форматқа көшірдік. Осылайша адами фактор мен оның қатысуы толығымен алынып тасталады. Бұған "iQala" орталығы, тұрғын үй саласындағы бірыңғай қызмет көрсету орталығы, «Жанұя» сияқты бірқатар нысандарымыз көмектеседі.
Үшінші. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Астана – алдық алаңы» бірлескен жобасы аясында барлық төрт аудан әкімдігі фронт-офис форматына көшіп, ашық әкімдік режимінде жұмыс істеуде», - деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.
Жиын барысында заңнаманы мүлтіксіз сақтау және сыбайлас жемқорлық әрекеттерін болдырмау қажеттілігі туралы атап өтілді.
Фото: Александр Куприенко