«Еліміздің тұрғындарына кардиологиялық көмек көрсетуді жақсарту үшін біздің интервенциялық кардиологтар, рентгенхирургтар өткен жылдан бастап аорта қақпақшасын эндоваскулярлық импланттау бойынша жоғары технологиялық кардиологиялық операцияларды сәтті жасап жатыр», - дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы, профессор, м.ғ.д., жоғары санатты дәрігер Роза Қуанышбекова, - деп хабарлайды Деловой Казақстан.
Роза Тохтаналиевнаның айтуынша, 2 мереке күндерінде аорта қақпақшасын ауыстыру бойынша кардиохирургиялық операциялар жасауға қарсы көрсетімдері бар 94, 83 және 78 жастағы 3 пациентке операция жасалды. «Бұл пациенттерде кенеттен болатын өлім қаупі өте жоғары. Жаңа мүмкіндіктер мен инновациялық тәсілдердің арқасында пациенттердің өмірін сақтап қалып, ұзартып және жақсартуға мүмкіндігіміз бар», - деп атап кетті клиниканың бірінші басшысы.
Операцияларды КІА ҒЗИ рентгеноперация жасау блогының меңгерушісі Алексей Колесников, рентгенхирург Алмат Қалжанов және кардиохирург Тимур Ибрагимов Нұр-Сұлтан қаласы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығының жетекші дәрігерлері – интервенциялық кардиология және радиология бөлімінің басшысы Серік Әлімбаев және дәрігер Абдурашид Мұсаевпен бірлесіп жасады.
Пациенттің бірі 1927 жылы туған - 94 жастағы Валентин Ни басында қуық асты безінің аденомасы кезінде қуық артерияларының эндоваскулярлық эмболизациясы бойынша операция жасауға қатысты консультация алуға келген. Ол кісі сондай-ақ тіпті аз қимыл жасағанның өзінде қатты ентігіп, кеудесі қысып ауыратындығына шағымданған. Емделуге дейінгі кезеңде толығымен тексеріліп, осыдан кейін жүре пайда болған жүрек кемістігі – аорта қақпақшасының күрделі стенозы анықталды. Аорта қақпақшасын эндоваскулярлық импланттау бойынша жасалған операция сәтті өтті. Операциядан кейінгі кезең де сәтті болды. Жан сақтау бөлімшесінде пациент 12 сағаттай болып, бүгінгі таңда өзін жақсы сезінеді, ауруханадан шығуға дайындалуда.
Валентин Хаксунович клиника басшысына және медицина персоналына клиникада көрсетілген қамқорлық пен кәсіби көмек үшін өз алғысын білдірді және осындай ауыр еңбек жолында медицина қызметкерлеріне денсаулық пен күш-қуат тіледі.