Кредиттік есеп: қайдан жерден сұрауға, қалайша тексеруге болады?
Көп жағдайда адам өзінің мерзімі өткен немесе қандай да бір себептермен өтелмеген кредиттері жөнінде жаңа қарыз алу үшін банкке өтініш жасаған кезде ғана біледі. Бұл қалайша болады?
Ұқыпты төлеп отырдым. Борыш қайдан пайда болды?
Оның себебі көп. Мәселен, Бірінші кредиттік бюроның (БКБ) талдамалық орталығының деректері бойынша осы күзде 10 мыңға тарта қарыз алушылардың Астана Банкіне борыштары болған. Борышкерлердің кейбіреулері банк таратылған кезде кредит бойынша мерзімін кешіктіру есептелмейді деп ұйғарған. Алайда, бұл қате ұғым. Тіпті банк таратылған жағдайда да өзіңіздің қаржылық міндеттемелеріңіз бойынша төлем жүргізуді тоқтатпау қажет, себебі олар өзгермей қала береді.
Кейбір жағдайларда қарыз алушы міндетті төлемді бір апта кешіктіріп енгізеді, алайда төлем жасаудағы ұқыпсыздық оның борышына үстеме қосылғанын ол ескермейді. Нәтижесінде – есептеуіш мерзімін өткізгені үшін өсімпұл мен айыппұл есептеп жатады. Бұл жағдайда үстеме сома көп болмаса да, кредиттік тарихқа кері әсерін тигізуі әбден ықтимал. БКБ-нің мәліметтері бойынша, 2019 жылдың күзінде 1,9 мыңнан астам адамның 35 мың теңгеге, 500-ге жуық адамның – 9 мың теңгеге жетпейтін қарызы болған.
БКБ-нің атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева түсіндіріп өткендей, «бұл клиенттер қандай да бір себептермен мерзімі өткен кешіктірулер туралы білмеуі мүмкін. Кешіктіру мөлшері аз болса да, кешіктіру күндерінің саны күн сайын өсе береді. Сондықтан біз өзіңіздің кредит тарихыңызды тексеріп отыруды қайтала ескертеміз».
Еске сала кетсек, Қазақстанда Қазақстан Ұлттық Банкінің еншілес ұйымы болып табылатын екі кредиттік бюро – «Бірінші кредиттік бюро» және «Мемлекеттік кредиттік бюро» (МКБ) жұмыс істейді. Қарыз алушылар туралы барлық ақпарат осы жерге жіберіліп, олардың әрқайсысы бойынша деректер жинақталады.
Кредиттік тарихты қаншалықты жиі тексеру қажет?
Әрине, оның себебі Қазақстан банктерінің бірінен алғыңыз келген қарыз болуы мүмкін. Бұл өткен уақытта болған жағымсыз кредиттік оқиғаларды болдырмауға мүмкіндік береді.
«Біз, егер сізде кредит болмаса да немесе ешқашан кредит алмасаңыз да, кредиттік бюроларға өтініш жасай отырып, өзіңіз туралы кредиттік есепті жүйелі түрде алып тұруды ұсынамыз, – деп түсіндіреді «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ Кредиттік тарихтар субъектілеріне және клиенттерге қызмет көрсету бөлімінің бастығы Саламат Балмаханов. Кезеңділікті өзіңіздің қалауыңыз бойынша белгілеуге болады. Бұл ретте кредиттік есепті жылына бір рет тегін алуға болады.
Қарыз алушы «қара» тізімге енсе не істеу қажет?
«Бірінші кредиттік бюро «қара» тізімдерді жүргізбейді, – деп БКБ сайтында да атап көрсетіледі. – Көбінесе банктің «Сіз «қара» тізімдесіз» деген жауабы кредиттік тарихыңызда қандай да бір жағымсыз ақпарат, атап айтқанда, аяқталған немесе қолданыстағы кредиттер бойынша мерзімі өткен төлемдердің болуымен байланысты. Демек, «қара тізім» жоқ, бұл банктер «нашар» кредиттік тарихы» бар адамдарды атайтын шартты атау.
«Әрбір банктің өз кредиттік саясаты бар және кредит беруден бас тарту себептері әртүрлі болуы мүмкін, – дейді Саламат Балмаханов. – Мысалы, сізде кредитті төлеу бойынша мерзімі өткен төлемдер болған немесе бар. Немесе ай сайынғы төлемдерді өтеуге мүмкіндік бермейтін жалақының жеткіліксіздігі кредит беруден бас тартудың себебі болуы мүмкін. МКБ сізге кредит беру немесе бермеу туралы шешім қабылдауға қатыспайды. МКБ тек кредитордың сұратуы бойынша кредиттік есепті береді. Кредиторлар өз бетінше шешім қабылдайды және олардың әрқайсысында кредит беру жөнінде өз ережелері бар».
Қалай сұрау жасаймыз?
Кредит тарихын, мысалы МКБ-дан алу үшін солардың офисіне өтініш жасау қажет. Өзіңізбен бірге жеке басының куәлігін немесе төлқұжат болу қажет. Кредит есебін алу үшін өтініш толтыру керек, сонда Сіз 2-3 минуттың ішінде бұрын соңды ресімдеген барлық кредиттер туралы бүкіл ақпаратты қамтыған өзіңіздің дербес кредит есебіңізді аласыз.
Егер мен ешқашан кредит алмасам?
Кез келген жағдайда бұл мәселе туралы қамдану қажет. Өзіңнің кредиттік тарихыңды қадағалау – бұл басқаша айтқанда, алаяқтардан «сақтанудың» түрі. Егер сіз қандай да бір жағдайда жеке басыңызды куәландыратын құжаттарыңызды жоғалтып алған болсаңыз, онда алаяқтар ол бойынша кредит ресімдеуі мүмкін. Олар деректерді де ұрлай алады – заманауи технологиялармен бұл да күрделі мәселе болмай қалды. Сіздің атыңызға заңсыз кредит ресімделегенін уақтылы анықтауға кредиттік тарих мүмкіндік береді.
«МКБ дерекқорында Қазақстан бойынша әр банктің және әр кредит ұйымының барлық қарыз алушылары жайлы мәлімет бар. Яғни, егер Сіз жоқ дегенде бір рет кредит алған болсаңыз, онда ол кредит туралы, соның ішінде орын алған болса мерзімі өткен төлемдер туралы ақпарат біздің дерекқорда көрініс табады», – деп атап өтті Саламат Балмаханов.
Егер кредит есебінде берілген деректер дұрыс болмаса?
Кредит бюросы тек ақпаратты жинайтынын және өзінде сақтайтынын, ал ол ақпаратты бізге банктер мен кредит ұйымдары беретінін дұрыс ұғынып алу қажет. Тиісінше ақпараттың дұрыстығына жеке жауапкершілікті ақпаратты бергендер алады.
«Егер Сіз өзіңіздің кредит есебіңізден қате тауып алған болсаңыз, мысалы тегіңіз немесе деректемелер дұрыс көрсетілмеген, қарыз бойынша сандар қате берілген болса, Сіз кредит алған кредиторларға жүгініп және осы ақпаратты даулауыңызға болады, - деп Саламат Балмаханов ұсыным берді, – Кредитор егер расында қате жіберген болса, ол қатені өз жүйесінде түзетеді және МКБ дерекқорында жаңартады».
Ақпаратты даулаудың екінші нұсқасы – МКБ арқылы. Даулау туралы өтініш қалдырып кетуге болады, сонда МКБ қарыз алушының орнына МКБ-ға ұсынылған ақпараттың нақтылығын тексеру өтінішімен кредиторға жүгіне алады.
БКБ-нің айтуы бойынша: «Бірінші кредит бюросының кредит тарихтарына өз бетінше өзгертулер енгізуге құқығы жоқ. Жаңартулар тек Сіз қарыз алған банктермен және басқа кредит ұйымдарымен жүзеге асырылады. Егер Сіздің кредит тарихыңызда жалған ақпарат бар болса, Сізге даулау туралы өтінішпен БКБ-ға немесе қарыз туралы қате мәлімет ұсынған банкке/ұйымға жүгіну қажет».
Банк кредит беруден бас тартты және тұлғаны кредиттік бюроға жіберді
Негізінен, кредит ресімдейтін немесе беретін банк немесе кредиттік ұйым қызметкерлері бас тартудың себептерін толық немесе көбін білмейді. Бұл қарыз беру туралы шешім қабылдау алгоритмі кредиттік ұйым ішіндегі әр түрлі бөлімшелер арасында бөлінуімен түсіндіріледі. Ол кредит беру процесіне тартылған көптеген тұлғалар үшін жасырын болуы мүмкін. Сондықтан банк немесе кредиттік ұйым қызметкері қарыз алушыны дербес кредиттік есепті алу және онда көрсетілген ақпаратпен танысу үшін кредиттік бюроға жібереді.
Кредиттік тарих қаншалықты жиі жаңартылады және қанша уақыт сақталады?
- Әр банк пен кредиттік ұйым әр 15 жұмыс күнінде кем дегенде 1 рет МКБ-дағы ақпаратты жаңартып отыруға міндетті, – деп түсіндіреді Саламат Балмаханов. – Тәжірибеде олар ақпаратты жиі жаңартады. МКБ, заңға сәйкес, кредиттік тарихты кредит туралы соңғы ақпарат алған сәттен бастап кемінде он жыл сақтауға міндетті. Бірақ іс жүзінде ақпарат МКБ базасында ұзақ уақыт сақталады».
«Әдетте, ақпарат екі апта сайын БКБ-да жаңарып отырады», – дейді Әсем Нұрғалиева. – Тиісті мөлшерде өтем жасалғаннан кейін, сондай-ақ өсімпұлдар, айыппұлдар есептен шығарылғаннан кейін (уәкілетті органның Қаулысына сәйкес) келісімшарттар жаңартуды жоспарлаған кезде ақпарат жаңартылады. Мұны сіздің жеке кредиттік есебіңізден көруге болады».
Мерзімінен кешіктіріп төлеген кредитімді алып тастауға бола ма?
МКБ-да түсіндірілгендей, мерзімді өткізіп алуды/кредитті алып тастау кредит алаяқтық жолмен берілген жағдайда ғана мүмкін болады және ол шынымен дәлелденеді. Сол кезде ғана кредитор алып тастау туралы шешім қабылдайды.
«Егер кредит бойынша төлеу мерзімін өткізу орын алса, онда кредиттік есепте төлеу мерзімін кешіктіру туралы ақпарат көрсетіледі, – деп БКБ баса айтты. Егер төлеу мерзімі өткен кредит туралы мәліметтер шынайы болса, олар жойылмайды. Төлеу мерзімі өткен кредит туралы ақпарат кредит тарихында кредит өтелгеннен кейін де сақталып қалады. Кредит тарихын тазалауға немесе жоюға болмайды. Егер бұрын кредитті төлеу мерзімін өткізіп алу себебінен Сіздің кредит тарихыңыз нашар болса, оны жақсартудың жалғыз жолы – кредит тарихыңызда жаңа жағымды жазбалар бастау», – деп БКБ өкілдері сөзін түйіндеді.
фото: Money Under 30