20-27 қаңтар аралығында Атырау облыстық онкологиялық диспансерінде жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алу мақсатында апталық жүргізіледі, - деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жатыр мойны қатерлі ісігі – дүниежүзі бойынша ең жиі кездесетін қауіпті дерттің бірі. Десе де, аталмыш ауруды ерте анықтау емделуге кепілдік береді. Бұл туралы ӨКҚ-де өткен брифингте облыстық онкодиспансері директорының міндетін атқарушы Эльмира Сапарова мәлімдеді.
- Жатыр мойны қатерлі ісігі - жатыр мойнында пайда болатын ауру емес. Оның дертке әкеліп соқтыратын өзіндік факторлары бар. Сондықтан, ұйымдастырылып отырған ашық есік күніне барлық әйел адамдар келіп, тексерістен өтсе дейміз, - дейді Эльмира Сапарова.
Бүгінде облыстық онкологиялық диспансерінде төрт мыңға жуық науқас есепте тұр. Соның ішінде жатыр мойны қатерлі ісігімен тіркелген әйелдер саны - 523.
Айта кетейік, апталық аясында әйел адамдар онко-гинеколог кеңесін жолдамасыз ала алады. Ал, жұмыс күндері апталыққа келе алмайтындар үшін 25 қаңтар күні ашық есік күні өтеді.
Мұнда келушілерді мамандар сағат 09:00-13:00 аралығында қабылдайды.