2020 жылғы 29-30 қаңтарда Абу-Дабиде (БАӘ) Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ислам ұйымы (ИСЕСКО) Атқарушы кеңесінің 40-шы сессиясы өтті. Қазақстан тарапынан іс-шараға еліміздің Мысырдағы Елшісі, аталмыш ұйымның істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясы Төрағасының орынбасары А.Исағалиев қатысты.
Мерейтойлық сессияның жұмысы барысында ұйымның жаңа даму стратегиясы анықталып, ИСЕСКО-ның 2020-2030 жылдарға арналған орта мерзімді жоспары мен 2020-2021 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары бекітілді.
Сонымен қатар, форумда ұйымдастырушылық мәселелер де қарастырылды. Ортақ талқылау нәтижесінде халықаралық ұйымның атауы "Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ислам әлемінің ұйымы" (Islamic World Educational, Scientific and Cultural Organization) деп өзгертілді. Бұған қоса, ИСЕСКО-ның жаңа ұйымдастырушылық құрылымы бекітіліп, ұйым жанында арнайы Даму қоры мен Халықаралық консультативтік кеңес құрылды.