Оңтүстік Африка Қоғамдық келісім ассамблеясының отырысы аясындағы Қазақстанның ОАР-дағы Елшісінің кездесулері туралы

4697



2020 жылғы 6-7 ақпанда Қазақстан Республикасының Оңтүстік Африка Республикасындағы Елшісі Қанат Тумыш, Оңтүстік Африка Үкіметі атынан ұлттық бірлік пен келісім мәселелерін үйлестіретін ОАР Мәдениет, өнер және спорт министрлігі (МӨСМ) Преторияда ұйымдастырған Оңтүстік Африка Қоғамдық келісім Ассамблеясының отырысына қатысты. Іс-шараға оңтүстікафрикалық мемлекеттік пен өңірлік билік органдарының басшылығы (әрі үкіметтен, әрі оппозициядан), Парламент депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері, елдегі әртүрлі ұлыстардың көшбасшылары (дәстүрлі лидерлер), азаматтық қоғамның өкілдері, елдің жетекші БАҚ-тары, іскерлік және академиялық топтар, сондай-ақ ОАР астанасында тіркелген елшілер мен жоғары комиссарлар қатысты. Ассамблеяның отырысы алдында, әртүрлі салалардағы басымдықтарды айқындау мақсатында, 2019 жылдың ішінде Оңтүстік Африкадағы негізгі мүдделі тараптармен тиісті консультациялар өткізілді. Қарастырылған тақырыптардың қатарына, дәстүрлі әкімшіліктерге, жастарға, әйелдерге және мүгедектерге қатысты саясатты реформалау; бұқаралық ақпарат құралдары және іскерлік құрылымдармен жұмыс істеу; азаматтық қоғам және мемлекеттік қызметтер секторын жаңғырту сияқты мәселелер кірді.

Өткен отырыстың тақырыбы: «Бірлік және жаңару онжылдығы: Біртұтастық және ұлт құру үшін қоғамдық келісімге келу жолында» болды. Жалпы алғанда, бұл мәжіліс, Оңтүстік Африка қоғамының бірлігін қамтамасыз етуге және оның негізгі қатысушылары арасындағы тікелей диалог арқылы біртұтас ұлт құруға арналды. Айталық, Оңтүстік Африка 1996 жылғы конституциясының кіріспесінде: «Жаһандық халықтар отбасында егемен мемлекет ретінде өзінің лайықты орнын ала алатын біртұтас және демократиялық Оңтүстік Африканы құру қажет» деген ереже бар. Осыған орай, іс-шараның барысында бостандық, әділеттілік, конституциялық демократия және теңдік құндылықтарының негізінде Оңтүстік Африканың қоғамын қайта құруға бағытталған «Болашақ - 2030: Ұлт дамуының жоспары» атты құжат талқыланды. Басқосудың нәтижесінде, Оңтүстік Африкада қоғамдық диалогты ілгерілетуге және жанжалдарды болдырмауға бағытталған ұсыныстар қабылданды. Институционалдық әлеуетті арттыру, әлеуметтік саясатты жаңғырту және инклюзивті экономика құру, осы бағыттағы ұсыныстарды жүзеге асыруға жағдай жасайды деп күтілуде.

Іс-шараның аясында Елші Тумыш, Оңтүстік Африканың Мәдениет, өнер және спорт министрі Нати Мтетвамен кездесу өткізіп, Ассамблея отырысының өзектілігі мен өмірлік маңыздылығын атап өтті. Осы тұрғыда Елші, Қазақстан Конституциясының тиісті ережелеріне сәйкес, қоғамдық келісімнің республикамыздың негізгі қағидаттарының бірі болып табылатындығы туралы МӨСМ басшылығын хабардар етті. Сонымен қатар ол, мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыруға, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге және этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік пен азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға бағытталған бірегей конституциялық орган - Қазақстан халқы Ассамблеясы тәжірибесінің, потенциалды түрде, Оңтүстік Африка үшін үлкен пайда әкелетіндігін де атап өтті. Сонымен бірге Қанат Тумыш, Министр Мтетваға осы жылы атап өтілетін Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойлары туралы мәлімдеп, осы орайда Нұр-Сұлтанда өткізілуі жоспарланған мерекелік іс-шараларға Оңтүстік Африка тарапының қатысуы туралы ұсыныс жасады. 

Ассамблея отырысының аясында Қазақстан Елшісі, сонымен бірге, ОАР Үшінші Президенті Кгалема Мотлантемен; «Біріккен демократиялық қозғалыс» оңтүстікафрикалық партиясының жетекшісі, Оңтүстік Африка парламенті Ұлттық жиналысының (төменгі палата) депутаты, генерал Банту Холомисамен; сондай-ақ мәдениет және өнер мәселелерін қадағалайтын ОАР Мәдениет, өнер және спорт министрінің орынбасары Нокава Мафу ханыммен де кездесулер өткізді.

Олардың барысында Қазақстан мен Оңтүстік Африка парламенттерінде достық топтарын құру, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Оңтүстік Африканың Қоғамдық келісім Ассамблеясының арасындағы қарым-қатынастарды орнату, аэроғарыш саласындағы ынтымақтастықты ілгерілету және өзге де өзара қызығушылық тудыратын түрлі мәселелер талқыланды. Қазақстандық дипломат, ұлы қазақ ақыны, сазгер, ағартушы, ойшыл, қоғам қайраткері, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және оның алғашқы классигі, реформатор, ағартылған Исламның өкілі Абай Құнанбайұлы 175-ші жылдығы, сондай-ақ белгілі ғалым, әлемнің «Екінші ұстазы», орта ғасырлық Шығыс философиясы ірі өкілдерінің бірі, танымал математик, музыка теоретигі және заңгер Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150-ші жылдығының, биыл ЮНЕСКО аясында өтетіндігі туралы да хабарлады. Ол Оңтүстік Африка жағын, аталмыш айтулы мерейтойларға арналған іс-шараларға белсене қатысуға шақырды.

Тараптар түрлі бағыттар бойынша одан әргі жемісті ынтымақтастыққа сенім білдірді.

Международное информационное агентство «DKnews.kz» зарегистрировано в Министерстве культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство о постановке на учет № 10484-АА выдано 20 января 2010 года.

Тема
Обновление
МИА «DKnews.kz» © 2006 -