Қазақстан Елшісі Нұрбах Рүстемов Қазақстан-Румыния парламентаралық достық тобының бұрынғы басшысы, қазіргі кезде қоршаған орта, су және орман ресурстары министрі Костел Алексемен кездесті.
Қазақстандық дипломат румын министрін еліміздің басшылығы жүргізіп жатқан реформалар туралы хабардар етіп, екіжақты өзара тиімді ынтымақтастықтың ахуалы мен болашағын талқылады, сондай-ақ Нұр-Сұлтан мен Бухарест арасындағы қатынастарды тереңдетудің нақты жоспарларымен бөлісті.
К. Алексе 2015 жылы біздің елордамызға келгенін еске алып, өз азаматтарының игілігі үшін қарқынды дамып келе жатқан қаланың ауқымдылығы мен әсемділігін атап өтті. Румыния Үкіметі Қазақстанды Орталық Азиядағы маңызды серіктес ретінде санайтынын және Қазақстан-Румыния ынтымақтастығының күн тәртібін іске асыруға барынша қолдау көрсететінін сендірді.
Сондай-ақ, тараптар біздің елдеріміз арасындағы сауда құрылымын әртараптандыру (2019 жылы - 1,82 млрд. АҚШ доллары) және қоршаған ортаны қорғау саласында тәжірибе алмасу үшін өзара сапарлар жасау қажеттілігін атап өтті.