Байқаусызда болған жарақаттардың 90%-дан астамын болдырмауға мүмкін

24739



ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Инфекциялық емес аурулардың алдын алу департаментінің инфекциялық емес аурулардың қауіп факторларын мониторингілеу бөлімінің бас маманы Қуаныш Әлімбетов:

«Кездейсоқ жарақаттанудың 90%-дан астамын болдырмауға болады. ". 

Жарақаттар адамдардың денсаулығына үлкен қауіп төндіреді, әсіресе жас ерекшеліктеріне орай балалар көп жарақаттанады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, кездейсоқ болған жарақаттар 5-19 жас аралығындағы балалар арасында өлімдердің негізгі себеп болып табылады. Байқаусызда жарақаттанудан болатын өлімнің басты себептері жол-көлік оқиғалары, суға бату, улану, күю, құлап қалу және тұншығу болып табылады.

Балалық шақта алған жарақаттар дене дамуындағы тұрақты ауытқуларды немесе психологиялық зақымдануды (мысалы, бас сүйек-ми жарақаттары) тудыра отырып, денсаулықтың дамуына өмір бойы қатты әсер етуі мүмкін. 

Балалар жарақатының өршуіне әсер ететін қауіп-қатерлер: дене сипаттамалары (денесі мен ағзаларының кішкентай, терісі мен шырышты қабықтарының нәзік болуы); когнитивтік қабілеттері (қозғалу қабілетінің әртүрлі дәрежесі, қоршаған ортаның өзгерісін қабылдау және ойлау қабілетінің біртіндеп дамуы); ата-аналардың әсері (ата-аналардың әртүрлі дәрежеде әсер ету). Баланың жынысы маңызды рөл атқарады. Ұлдардың жарақаттануы жиі кездеседі, ал олардың салдары қыздарға қарағанда ауыр болады. 

1-4 жастағы, соның ішінде емшектегі балалар арасында жарақаттану жағдайларының 36,4%-ға дейіні ересектердің немқұрайлығынан және баланы жеткілікті түрде  қадағаламаудан болады: тамақ құсығының аспирациясы, бір төсекте ұйықтаған кезде емшектегі баланы ересек адамның денесімен басып тастауы, биіктіктен құлауы және балаға жиһаздың құлауы, жолға және өзенге/каналға жақын жерде ойнау, су айдынында суға бату, ыстық суға немесе ашық жалынға күю, дәрі-дәрмектен немесе улы газдан улану, электр тоғынан зақымдану және т.б. Сонымен қатар, балалардың айтқанды орындамауы, оларға қатыгездікпен қарау, жазатайым оқиғалар (мысалы, найзағайдың соғуы) және басқа да себептер (жануарлардың тістеуі, жәндіктердің шағуы, қалақайға жанасқаннан болатын  фитодерматит және т.б.) балалардың жарақаттануына себеп болуы мүмкін.

Егер, жарақаттану жағдайының болған орыны бойынша сырқаттанушылықтың құрылымын алатын болсақ, онда жарақат алудың  негізгі механизмі мен түрлері тұрмыстық жарақат (68,4-72,8%); көшедегі жарақат (18,3-20,1%) болып келеді. Одан кейін мектептегі және спорттық жарақаттар (олардың деңгейі төмендетілгені анық, өйткені бұл жарақаттану фактілері мұғалімдермен және жаттықтырушылармен құлықсыз тіркеледі) және көлік жарақаттары (1,2-3,5%). Байқаусызда болатын жарақаттанудың ең көп тарағаны - құлау (57,7%).

Балалар мен жасөспірімдер арасында байқаусыздан жарақаттану жағдайлары ауылдық елді мекендерге қарағанда қалада жиірек тіркеледі. 70% -ға жуығы – қол (38,6%) және аяқ (34%) жарақаттары, 14% - бас жарақаты, 3,4% - іш, бел, омыртқа және жамбас жарақаттары. Жылдан-жылға қол мен аяқтың механикалық жарақаттары, үсік, негізінен тұрмыстық жарақаттардың артуы байқалады.

Елімізде жүргізілген зерттеу нәтижелері  статистикалық көрсеткіштердің себептерін айшықтап отыр. 

2018 жылы ЮНИСЕФ Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Ақпараттық-аналитикалық орталығымен ынтамақтастық ете отырып, 0-14 жас аралығындағы балалардың ата-аналары мен қамқоршылары арасында байқаусыздан болатын балалардың жарақаттануы, оған қатысты практика мәселелерін білуі бойынша сауалнама жүргізді. Сауалнама қорытындысы сұрақ алынған ата-аналардың 38% -ы алғашқы көмек көрсету курсынан өткендігін, ал ата-аналардың 30%-ы машина жүргізе отырып ұялы телефон арқылы сөйлесетінін,  15,7%-ының үйінде түтін датчиктері орнатылғанын көрсетті. Ата-аналарды  алаңдататын,  балалардың жарақат алуы мүмкін жерлер мен жарақат алу себептері ретінде аулада жарақат алу, ас үй, тұрмыстық және электр құралдарын пайдалануға байланысты туындайтын жарақаттар, жол апатынан болатын жарақаттар аталды.

Өкінішке орай, балаларды 5 минуттан артық қараусыз қалдыруға болмайды деген ДДСҰ ұсынымдары біздің елде үнемі орындала бермейді, Қазақстанда орташа есеппен 0 - 1 жас аралығындағы балалардың 10 минутқа, 1-2 жас аралығындағы балалардың 16 минутқа, 2-3 жас аралығындағы балалардың 33 минутқа және 3-4 жас аралығындағы балалардың 41 минутқа қараусыз қалатыны анықталды. Осылайша, сауалнама деректері бойынша ата-аналар мен балалардың жеткілікті түрде хабардар болмауы, балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру балалардың байқаусызда жарақаттануына негізгі себеп болып отыр деп айтуға болады. 

Балалардың жарақаттануына және оның салдарларына қарсы күресте ең жақсы нәтижелерге қол жеткізген Еуропалық одақ және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесін зерделеу заңнамаларда көзделген шараларды іске асырудың, оған қоса әртүрлі деңгейлерде және түрлі құралдардан жарақаттанудың алдын алуды насихаттаудағы пәрменділігін көрсетті. 

Қауіпсіздік белдігін, жарықты шағылыстыратын киім мен аяқ киімді пайдалану, балаларды тасымалдауда  міндетті түрде автомобиль креслосын қолдану, велосипед және мотоцикл шлемдерін кию, жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жаяу жүргінші ретінде балаларға жол қозғалысы ережелерін үйрету сияқты түрлі жарақаттардың алдын алудың қарапайым шараларының ұтымдылығын байқаған жөн. Мысалы, Канадада 1994 жылдан 2003 жылға дейінгі кезеңде балалар жарақатынан болатын өлімнің жалпы деңгейі көрсетілген шараларды сақтағаннан 37% -ға, ал ауруханаға жатқызу 34% -ға төмендеген.

Баспалдақтарда таяныштың, пандустарда және басқа да құрылыстарда сүйеніштердің болуы, алмалы-салмалы торларды сенімді бекіту үшін терезе конфигурациясын өзгерту балалар арасында құлап қалудың алдын алу шараларының негіздері болып табылады. Канадада жүргізілген шараларды талдау мынаны көрсетті: құлаудың алдын алудың сынаққа алынған стратегияларын іс жүзінде жүзеге асыру, жыл сайын құлау жағдайларының санын 20%-ға қысқартуға және таза 126 миллионнан астам канадалық доллардың (120 млн. АҚШ долл.) үнемделуіне әкелген. 

Түтін датчиктерін орнату, әсіресе ғимаратты жылыту үшін тұрмыстық пеш көзделген үйлерге қажет. Түтін детекторлары өрт кезінде өлім-жітім қаупін 70% -ға азайтатындығы анықталды. Жасы кішкентай балалар үшін отқа төзімді киім кию күйік пен тұншығудың алдын алуға үлкен үлес қосады. 1979 жылы Австралияда балалардың төсек жапқышына арналған отқа төзімді материал енгізілгеннен кейін жыл сайын киім-кешектің жануына байланысты туындайтын күйік саны шамамен 300-ден 30-ға дейін төмендеді. 

Бірқатар жарақаттардың алдын алу үшін ересектерден қандай да бір қаржы шығындарын талап етпейтін көптеген шаралар бар. Мысалы, АҚШ-та аяқасты бала өлімі синдромының жиілігі, 1992 жылы Американдық педиатрия академиясы жасы кішкентай балаларды ішімен емес, арқасымен жатқызып ұйықтату керек деген ұсыным шығарғаннан кейін 40% -ға төмендеді. 

Егер, қақпағы оңай ашылмайтын тұрмыстық химия мен дәрі-дәрмектерді сатып алып, бастапқы қаптамасында сақтаса, онда бұл шара балалар мен қарт адамдардың улануының алдын алуда жақсы бір шара болып саналады. ОАР-дағы бір қауымда осы стратегияның толығымен қолданылуы жыл сайын елдегі 80-нен астам адам өмірін құтқара алды және балалардың керосиннен улану оқиғаларының санын жартылай азайтатынын анықтады. 

Жүзу сабақтары, құтқару кеудешелерін міндетті түрде пайдалану, алғашқы көмек көрсете білу суға батып қайтыс болудың және  оның салдарын азайтуға көмектеседі.

Жоғарыда көрсетілген мысалдар – ата-аналарға, үлкен жастағы балаларға және басқа да ересек адамдарға үнемі қолданысқа алу үшін берілген мысалдар. Бір нәрсеге әсер етіп, бір апаттың алдын алуға болады. 

Есіңізде болсын! Байқаусыздан жарақаттанудың 90% -дан астамын болдырмауға болады.

Айта кету керек, 2018 жылдан бастап Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы ЮНИСЕФ-пен бірлесіп, балалардың байқаусыздан жарақаттануының алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

2019 жылдың мамыр айында мәселенің маңыздылығына назар аудару мақсатында мүдделі мемлекеттік органдардың, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың қатысуымен жоғары деңгейде дөңгелек үстел өткізді. Бірлескен жұмыс аясында балалар арасында жарақаттанудың алдын алу бойынша стратегия және ақпараттық-коммуникациялық стратегия жобалары жасалды, балалар жарақаттануының алдын алу мәселелері жөнінде ресурстық орталық құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Қорытынды ретінде айтатынымыз, жарақаттар, көбінесе, әр түрлі қызмет салаларында, өмір сәттерінде күтпеген жерден пайда болады, олар әсіресе балалар мен қарттарға ауыр тиеді. Сақтық және қауіпсіздік шараларын қолданыңыз. Бұл өмірдің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.


фото: Flickr

Международное информационное агентство «DKnews.kz» зарегистрировано в Министерстве культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство о постановке на учет № 10484-АА выдано 20 января 2010 года.

Тема
Обновление
МИА «DKnews.kz» © 2006 -