«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» заң кодексінің 50-ден астам бабына өзгерістер енгізілді. Олар былтырғы жылдың желтоқсанында күшіне енгені мәлім. Оларды өңірлік ҚКО орталығында өткен жиында облыстық Әділет департаментінің өкілдері түсіндіріп берді.
Өзгерістердің басты мақсаты - азаматтық хал актілерін тіркеу тәртібін жеңілдету, артық құжаттарды талап етуді алып тастау, мемлекеттік қызметтер көрсету мерзімін айтарлықтай қысқарту, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау болып табылады.
«Атап айтсақ, бала асырап алуды және әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеуді, сондай-ақ сот шешімі негізінде неке бұзу секілді акт жазба түрлерін тіркеу алынып тасталды. Мысалы, осы өзгерістерге дейін ерлі-зайыптылар сот арқылы некесін бұзып, содан кейін АХАТ органдарына барып куәлік алуы қажет болса, өзгерістерге сәйкес сот шешімі заңды күшіне енген сәттен, автоматты түрде неке қию туралы акт жазбасына некенің бұзылғаны туралы белгі қойылып, куәлік алудың қажеттілігі алынып тасталды» - дейді департамент басшысы Дариға Кесікбаева.
Бұдан былай азаматтарға жергілікті АХАТ органдарына барудың қажеті жоқ. Сонымен қатар, бұрын баланы асырап алған немесе әкелік анықталған кезде балаға екі куәлік берілетін - асырап алу не әке болуды анықтау және туу туралы куәлік.
Жаңа өзгерістерге сәйкес артық құжаттарды жою мақсатында азаматтар үшін де, тіркеуші орган үшін де тәртіпті жеңілдету арқылы балаға қажетті тек туу туралы куәлік беріледі. Бұл ретте баланың және ата-анасы туралы деректер туу туралы куәлікте ғана көрсетіледі.
Келесі өзгерістердің бірі - азаматтарға ыңғайлы болу үшін азаматтық хал актілерін тіркеудің барлық түрлерін тіркеу, оларға өзгерістер, түзетулер мен толықтырулар енгізу, акт жазбаларды қалпына келтіру және жою, қайталама куәліктер мен анықтамалар алу бойынша мемлекеттік қызметтер эксаумақтық қағидат бойынша көрсетіледі.
«Мысалы, құжаттарын жоғалтқан жағдайда, азамат қай аймақта тұратына, туған жеріне қарамастан, кез-келген тіркеуші органға барып, қайталама туу туралы куәлігін ала алады. Және де азаматтардан ақпараттық жүйелерден алуға болатын сот шешімдері, медициналық анықтамалар, ел аумағында тіркелген актілер туралы ақпарат мемлекеттік органдарға ұсыну қажеттілігі жойылды. Ата-аналардың таңдауы бойынша SMS-хабарлама арқылы тууды проактивті жолмен тіркеу мүмкіндігі заңнамалық түрде реттелді» - дейді Д.Кесікбаева.
Сонымен қатар бала перзентханада туылса, анасының жеке басын куәландыратын құжатының болмауына қарамастан, нәрестеге міндетті түрде туу туралы куәлік беріледі.
Шетелде туған балалардың тууын тіркеуге негіз болатын құжаттардың тізімі кеңейтілді.
Бүгінгі таңда шетелде туған баланың туу туралы мәлімет ақпараттық жүйелерде жоқ, себебі туу туралы куәлік шетелдің тіркеуші органдарымен берілген.
Егер баланың ата-анасы Қазақстанның туу туралы куәлігін рәсімдегісі келсе, олар қалауы бойынша тіркеуші органға барып, шетелде берілген туу туралы куәлікті (қажет болған жағдайда апостиль мөрі қойылған немесе заңдастырылған) ұсынса жеткілікті. Баланың нақты туған жері көрсетіліп, жаңа туу туралы куәлік беріледі.
«Мысалы, бала Өзбекстанда туылса, ата-анасы туу туралы куәлігін тіркеуші органға ұсынып, баланың туған жері Өзбекстан деп көрсетілген Қазақстанның туу туралы куәлігін ала алады. ТМД елдерінде берілген құжаттарға апостиль қою немесе заңдастыру қажет еместігін атап өту қажет. Бұл новелла шетелде туған Қазақстан азаматтарымен өз балаларына қатысты толыққанды мемлекеттік қызметтерді, атап айтсақ: мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына кезекке тұру, денсаулық сақтау ұйымдарына тіркелу, жәрдемақы алу т.б. осындай қызметтерді алуға мүмкіндік береді» - дейді облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Айзат Тіленбаев.
Ақпараттық жүйелерде ата-анасымен туыстық қатынасты анықтауға, куәлігін жоғалтқан немесе ол бүлінген кезде, жаңасын туған жеріне сұраныс жібермей-ақ қалауы бойынша кез-келген тіркеуші органнан алуға болады. Сондай-ақ ата-ана балаға қосарланған есім бергісі келсе, оның есімін дефис арқылы жазу және әкесінің аты қосарланған болса, баланың әкесінің атын дефис арқылы дұрыс жазу мүмкіндігі енгізілді.
Келесі өзгеріс - егер баланы анасы өзі тәрбиелеп өсірсе, бала он алты жасқа толған кезде өз қалауы бойынша тегін анасының тегіне өзгертуді қаласа (баланың әкесінің атын өзгертпестен) анасының тегіне өзгерту қарастырылды.
Өзгерістерге дейін қайтыс болған азаматтың тумалары қайтыс болу туралы куәлікті алу үшін тіркеуші органға жүгінуі қажет болған. Отбасында қайғылы жағдай орын алып, тума-туысы тіркеуші органға келуге мүмкіндігі болмайтын немесе қайтқан адамның мүлдем тумалары жоқ болатын жағдайларда кездеседі.
«Осы мәселені оңтайлы шешу мақсатында егер қайтыс болу туралы акт жазбаны тіркеу туралы өтініш үш күн ішінде түспесе, тіркеуші орган медициналық куәлік немесе сот шешімі негізінде тіркеуді жүзеге асырады. Қажет болған жағдайда, туыстары дайын құжаттарды электрондық үкімет порталы, Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы немесе қалауы бойынша тіркеуші органда ала алады. Жалпы АХАТ саласындағы өзгерістер халықтың уақыт және қаражат шығындарын едәуір қысқартып, мемлекеттік қызметтерді барынша сандық форматқа көшіруге мүмкіндік береді.» - дейді А.Тіленбаева.
Сот актілерін орындау саласы бойынша орын алған жаңашылдық.
«Өндіріп алушының өтініші негізінде атқарушылық іс жүргізуді қозғау» мемлекеттік қызмет автоматтандырылды. Қазіргі таңда «электрондық үкімет» шлюзы арқылы «Төрелік» ААТЖ, «электрондық үкімет» порталының және Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған жүйесінің өзара іс-қимылы арқылы реттелді.
Яғни, «Өндіріп алушының өтініші негізінде атқарушылық іс жүргізуді қозғау» мемлекеттік қызметі енді, электронды түрде, қағаз түрінің сақталуымен көрсетіледі. Өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметтің нәтижесін көрсету ЭҮП арқылы да жүзеге асырылады.
Сот актілері орындалуына қатысты өзекті мәселелердің бірі - алимент өндіру.
Сот орындаушылар өндірісінде қазір тоғыз мыңнан астам алимент төлемдерін өндіру құжаты бар. Алты мыңдайы борышкерлердің жалақысынан өндіріліп жатса, тағы 2830 борышкер ерікті түрде төлеуде.
«Десек те, перзентіне алимент төлеуден жалтарып жүрген өңірде 170-ке жуық азамат бар. Оларға қатысты мәжбүрлеп орындату шараларының бірнеше түрі қолданылды. Яғни, 118 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде құқық қорғау органдарына 134 ұсыныс енгізілді. 101 жүргізуші куәліктерінің қолданысы уақытша тоқтатылды. Алимент төлеуден жалтарып жүрген барлық борышкерлерге ҚР аумағынан шығуға уақытша шектеу қойылды» - дейді облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Әуес Көшкінбаева.
Сот орындаушысының осындай шараларына қарамастан борышкерден алимент өндіру мүмкін болмайтын кездері де болады. Мысалы, ол азамат жұмыссыз не болмаса тұрақты табыс көзі және меншігінде мүлкі жоқ жағдайда.
Аталған санаттағы атқару құжаттарының әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, департаменттің үйлестіруімен жұмыспен қамту орталығы арқылы өткен жылы 69 борышкер жұмысқа орналастырылса, биыл 16 адам жұмыспен қамтылды.
Мемлекет басшысы биылғы жылды «Еріктілер жылы» деп жариялағаны мәлім. Осы орайда Әділет департаментінің ұйымдастыруымен заңгер, адвокат, нотариус, сот орындаушысы және ерікті студенттермен жоспарға сәйкес күнделікті құқықтық консультациялар беріліп келді.
Қазіргі төтенше жағдайға байланысты департамент өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Күнделікті халыққа құқықтық кеңес онлайн жүйесінде көрсетіледі. Яғни, қала, аудандардағы әділет басқармаларының мамандары үйде отырып, азаматтардың сұрақтарына онлайн режимінде құқықтық көмек көрсетуде.
Сондай-ақ департаментінің мамандары Instagram және Facebook әлеуметтік желідегі парақшаларда тікелей эфирде, WhatsApp мессенджері арқылы тұрғындар сауалдарына жауап беріп келеді.