Бүгін кеңейтілген аппарат кеңесі барысында ШҚО әкімі Даниал Ахметов энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының жаңа басшысын таныстырды. Осы лауазымға бұрын Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Алмат Талғатұлы Ақышов тағайындалды.
Алмат Талғатұлы Ақышев Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Күршім ауылында дүниеге келген. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін Туризм мамандығы бойынша, Алматы Экономика және статистика академиясында экономика және бизнес мамандығы бойынша, сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өңірлік даму магистрі біліктілігі бойынша білім алған.
Еңбек жолын Астана қаласындағы "Қазақстан орталық концерт залы" әкімшілік-шаруашылық бөлімінің билет бақылаушысынан бастаған. 2012 жылдан бастап Өскемен қаласының туризмді дамыту бөлімінің маманы болып жұмыс істеді. Кейін "Дене шынықтыру-сауықтыру кешені" КМҚК ұйымдастыру бөлімінің басшысы болды. 2015 жылдың маусымынан бастап ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде сарапшы және бас сарапшы лауазымдарында қызмет етті. 2018-2020 жылдары ШҚО Ұлан ауданы әкімі аппаратының басшысы болды. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап осы уақытқа дейін ШҚО Аягөз ауданы әкімінің экономика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі орынбасары болып жұмыс атқарды. Сондай-ақ, Алмат Талғатұлы Ақышев ҚР Президентінің Жастар кадрлық резервінің мүшесі болып табылады.