«Қоғамдағы әлеуметтік мәселелер және оларды шешу жолдары». Осындай атаумен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде халықаралық жиын өтті, - деп хабарлайды Деловой Казақстан.
Басқосуға Қазақстан, Түркия және Қырғызстан мемлекеттерінің жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының ғалымдары қатысты.
Онлайн режімде ұйымдастырылған семинар жұмысын Қыздар университетінің Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Бибігүл Иманбекова ашып, шараның мәні мен маңызы жайында атап өтті.
Жиын барысында Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университетінің Еуразиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы Тургай Дүйен «Әлемдік пандемия және оның әлеуметтік өмірге ықпалы» тақырыбында баяндама жасады.
Ол өз сөзінде жаһандық індеттің адамзат тұрмысы мен әлеуметтік қарым-қатынастарға тигізіп жатқан әсері жайында айтты. Сонымен қатар шетелдік ғалым коронавируспен күресудегі басқа елдер тәжірибесімен қатар Түркиядағы пандемияға тосқауыл қою мәселесіне де назар аударды. Тургай Дүйен осы орайда жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік қолдаулар мен мемлекеттік іс-шараларға да тоқталды.
Сондай-ақ басқосу аясында Қырғызстанның Әлеуметтік даму және кәсіпкерлік мемлекеттік институтының Әлеуметтік жұмыс және мемлекеттік басқару кафедрасының меңгерушісі Жәмила Сулейманкулова «Әлеуметтік көмек түрлері және оның қолданыста жүзеге асырылуы», әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Мәнсия Садырова «Қазіргі қоғамдағы жастардың әлеуметтік құндылықтары», Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері Серік Нұрмұратов «Әлеуметтік орта және рухани құндылықтар» тақырыптарында өз ойларын ортаға салып, пайымды пікір білдірісті.
Ал Нархоз университетінің ғалымы Күлзада Әбенова «Әлеуметтік қызметкердің кәсіби құзыреттілігін қалыптастырудағы кейс менеджердің рөлі» тақырыбы аясында баяндама жасап, індет кезінде пайда болған өзекті мәселені ортаға салды.
– Пандемия кезінде қоғамға қызмет көрсету саласының мамандарына деген қажеттіліктің жоғары екендігін көрсетті. Филонтропиядан бастау алған адамдарға қолұшын созу, әсіресе қоғамның әлсіз топтарына көмек берудегі әлеуметтік қызметкерге жүктелетін жауапкершіліктің зор екені белгілі болды. Осы орайда қоғамға қызмет көрсету саласының мамандарының кәсіби құзыреттілігін көтерудің ауадай қажеттілігі айқын байқалды, – деді Күлзада Әбенова.
Жиын соңында мамандар мен сарапшылар арнайы тұжырымдама жасап, елімізде әлеуметтік жұмыс мамандарының тапшылығы сезіліп отырғанын атап өтті. Бұл орайда олардың санын арттыру жайы басты назарға алынды.