«40-50 жылдан соң қазақ жері шөлге айналып, еліміздің басым бөлігі қуаңшылыққа ұшырайды!» Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, биология ғылымының докторы Келіс Жайлыбай осылай дейді. Ғалым орны толмас олқылықты жайттарға алып келетін экологиялық апаттың алдын алу үшін бірнеше шараны қолға алу қажеттігін атап өтті, - деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
– Қуаңшылықты болдырмаудың және оның қолайсыз әсерін азайтудың қарапайым екі жолы бар. Біріншіден, атмосферадағы көмірқышқыл газдарының арақатынасын дұрыс сақтап, экологиялық дағдарысты жағдайлардың алдын алу үшін мұнай өнімдері мен көмірді жағу мөлшерін азайтып, баламалы энергияны көбірек пайдалану керек. Екіншіден, Қазақстан аумағында емен, арша, акация, бозарша, үйеңкі, каштан, жиде, қарағаш, терек сияқты ағаштарды көптеп өсіру керек. Бұл өскіндер күшті фотосинтездеуші әрі ұзақ жыл өмір сүреді, – дейді Келіс Жайлыбай.
Ғалымның пайымдауынша, қоршаған ортаны сақтау үшін жастарды экологиялық патриотизмге тәрбиелеп, ағаш отырғызуға көпшілікті жаппай тарту қажет. Бұл игілікті іске әсіресе ауылдық елді мекендердегі мектеп оқушылары мен тұрғындарды жұмылдыру керек.
– Әрбір оқушы, жас маман мен жергілікті тұрғын ең кемі 5 немесе 10 ағаштан егіп, өсіруі тиіс. Сонда жылына шамамен 12 миллион түп ағашты өсімдік өсіріледі екен. Бұл процесс 45-50 жыл бойы үздіксіз жалғасын тапса, елімізде орасан көп мөлшерде ағаштар бой көтермек. Бабаларымыздың «Егер алдағы бір жылды ойласаңдар астық өсіріңдер, егер алдағы жүз жылды ойласаңдар ағаш өсіріңдер» деп өсиет қалдыруы бекер емес ғой, – деп атап өтті ғалым.
Келіс Жайлыбай мектептерде 5-6 сыныптардан бастап «Экология» пәнін оқу үрдісіне енгізген жөн деген пікірде. Жастарға мектеп кезінен бастап Қазақстандағы экологиялық ахуалды түсіндіріп, табиғатты қорғау және аялау керектігін қаперлеріне үнемі салып отыру керек. Сонда өскелең жастың табиғатқа деген сана-сезімі, көзқарасы түбегейлі өзгереді. Сондай-ақ оқушылар арасында арнайы экологиялық байқаулар мен жарыстар ұйымдастырған жөн. Жыл сайын және әрбір үш жылдан кейін оң нәтиже көрсеткен оқушыларды арнайы марапаттармен ынталандырып отырған абзал.
– Осы орайда атап өткен жөн, былтырғы жылдан бастап Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде арнайы экологиялық жоба қолға алынған болатын. Бүгінде бұл тарапта нақты шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, оқу орнының ғалымдары мен студенттері арша, үйеңкі, емен, бозарша, акация ағашты өсімдіктерін тұқымынан өсіріп, көшеттерді күтіп-баптаудың ең арзан әдістемесін жасады. Бұл әдістеме өскіндерді көптеп өсіруге мүмкіндік береді және қаржылық тұрғыдан тиімді. Бұл – алып шаһардың сын көтермейтін экологиясын тазартуға септігін тигізеді деген ойдамыз, – дейді Қыздар университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асан.
Арнайы жүргізілген зерттеу қорытындысы көрсеткендей, соңғы жылдары ғаламдық жылыну көрсеткіші айтарлықтай артқан. Бұл ғылымда және қоғамдық пікірде дәлелденген факт. Мәселен, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстары аумағында жаз айларында термометр бағамы 38-50 градусты көрсеткен ыстық жиі болады. Мұндай қолайсыз аптап бұрын-соңды тіркелмепті. Бұл өз кезегінде елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де теріс ықпалын тигізіп отыр. Себебі 2019 жылғы қуаңшылық әсерінен астық дақылдарының түсімі күрт кеміп, жайылымдарда шөп нашар өскен.
Ұлыбританияның Лидс университетінің ғалымдарының болжамына қарағанда, 2050 жылға қарай дүниежүзінде құрғақшылық шарықтау шегіне жетеді. Аталған қуаңшылық жағдайлардың әсері Қазақстанның шөл және шөлейтті аймақтарында өте күшті болады деп күтілуде. Климаттың өзгеруі тұщы су тапшылығын туындатып, аптап ыстықтың әсерінен орман өрттері көбейеді. Қуаңшылықтың кесірінен түрлі әлеуметтік қиындықтар пайда болып, оның соңы жануарлар мен адам шығынына және айтарлықтай экономикалық дағдарысқа алып келмек.