БҰҰ моделі – Жаңа Жібек жолы

703

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Біз біргеміз» ұранымен Х «БҰҰ моделі – Жаңа Жібек жолы» халықаралық конференциясы өтті. Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып кіруінің 30 жылдығына арналған шараны білім ордасының Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты ұйымдастырды. Оған БҰҰ-ның ҚР-дағы Тұрақты үйлестірушісі офисі және БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің Алматы қаласындағы өкілдігі қолдау білдірді.

Аралас форматта өткен мерейтойлық конференцияға Қазақстан, Азия, Еуропа және Америка елдерінің 200-ден астам студенттері мен оқушылары, сондай-ақ халықаралық сарапшылар, БҰҰ және АҚШ, Франция, ҚХР және басқа да мемлекеттердің дипломатиялық топтарының өкілдері қатысты.

Жас спикерлер бітімгершілік пен адамзаттың тұрақты дамуының 17 мақсатын іске асырудың өзекті мәселелерін, жаһандық жылыну мен әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздыққа қарсы күрес процесін талқылады, киберқауіпсіздік пен инфодемияға, сондай-ақ Сovid-19 пандемиясы кезінде шиеленіскен әйелдер мен босқын балалардың құқықтарына қатысты күрделі мәселелерді шешу жолдарын іздеді.

БҰҰ моделінің сегізінші Бас хатшысы, Алматы қаласындағы НЗМ түлегі Джафар Қабиденов шараны ашып, халықаралық кездесуді пандемиядан кейін офлайн форматта өткізу студенттер мен оқушылар үшін көптен күткен оқиға екенін атап өтті. Жастардың Қазақстан үшін де басымдық болып табылатын БҰҰ қағидаттарына және әлемнің тұрақты дамуына қатысты өз қолдауын мәлімдеуге мүмкіндік беретінін баса айтты.

Форум қатысушыларына арнап ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз жолдады. Университет басшысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің алдына ұлттық адами капитал индексін жақсарту және Қазақстанды тұрақты даму бренді болатын елге айналдыру жөнінде бірқатар ауқымды міндеттер қойғанын атап өтті.

«Болашақ мамандарды – әлем азаматтарын қалыптастыру бойынша өз миссиясын жете түсіне отырып, ҚазҰУ БҰҰ бастамаларын қолдайды. Біз оның көптеген құрылымдарымен ынтымақтасамыз. Осы күш-жігердің арқасында біздің университетке 2014 жылы БҰҰ бағдарламасының тұрақтылық бойынша «Академиялық ықпал» жаһандық хабын басқару мәртебесі берілді. Осы мерейтойлық жылы біз осы миссияны абыроймен орындауды жалғастырамыз», – делінді құттықтауда.

ҚР-дағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори қатысушыларға бейнеқұттықтау жолдап, Қазақстан өңірлік қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың белсенді жақтаушысы болып табылатынын жеткізді. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде БҰҰ-ның Қазақстандағы жұмыс жүйесі де өзгергенін айтты.

«Студент бола отырып, сіздер – өз еліңіз бен әлем болашағысыздар. Сіздердің БҰҰ моделін жасауларыңызға қарап, белсенділік пен атсалысуларыңызға таңданамын. Біріккен Ұлттар Ұйымы құрамына кіргендеріңіз үшін алғыс айтамын», – деді ол.

АҚШ бас консулы Кэролайн Сэвидж де қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйледі. Ол БҰҰ-ның рөлі және әлемдік сын-тегеуріндерді шешудегі ынтымақтастық пен дипломатияның маңыздылығына тоқталды. Оның пікірінше, дипломатия туралы айту әрқашан жақсы, дипломатия қарым-қатынас орнатады, сенімді, тілдік және мәдени байланыстарды нығайтады.

Францияның Алматыдағы бас консулы Алексис Шахтахтинский өз сөзінде БҰҰ-ның негізін қалаушы елдердің бірі бола отырып, Франция Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып танығанына назар аударды. Бұдан бөлек, 30 жыл бұрын еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мен ұйымына тұрақты емес мүше болып кіруін қолдады. Ол БҰҰ моделіне қатысушыларға жалпыадамзаттық мәселелерді шешу жолында жемісті қызмет тіледі.

ҚазҰУ-дағы ауқымды халықаралық «БҰҰ моделі – Жаңа Жібек жолы-2022» түрлі континент жастарын біріктірген шын мәніндегі маңызды оқиға болды. Шара соңында түрлі номинациялар бойынша көзге түскен студенттерді салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Конференция 2012 жылдан бері жыл сайын тұрақты өткізіліп келеді. Бұл – түрлі мемлекеттердің дипломаттары рөлін атқаратын және Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмысын үйлестіретін студенттер мен жоғары сынып оқушыларына арналған халықаралық жоба. Ол қазіргі заманның жаһандық проблемаларына жастар назарын аударуға, әлемнің тұтас көрінісін қалыптастыруға, аналитикалық дағдылар мен зерттеу қызметін дамытуға, мәдениетаралық байланыс және диалог құру арқылы жанжалдарды шешу жолын насихаттауға бағытталған.

Айжан СМАИЛОВА, Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институтының директоры

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -