Қазақстан мен Кореяның мәдени алмасуы: шаманизм туралы фотокөрменің ашылуы

34463

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті кітапханасында «Корей шаманизмі ГУТ. Рухтың тынысы» атты фотосуреттер көрмесінің ашылуы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шара Кітапхананың «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық көрме жобасы мен Қазақстан Республикасы мен Корей Республикасы арасындағы өзара мәдени алмасу жылы аясында Қазақстандағы Корей Республикасының Елшілігінің Корей мәдени орталығымен бірлесіп ұйымдастырылды.

«Корей шаманизмі ГУТ. Рухтың тынысы» фотосуреттер көрмесі Корей елін ежелгі наным – шаманизм арқылы таныстырады, ол соңғы уақытқа дейін түбегінде кең таралған бірнеше негізгі діни ағымдардың бірі болды.

«Бұл – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің кітапханасы мен Корея Республикасының Қазақстандағы Елшілігі жанындағы Корей мәдени орталығы бірлесіп өткізіп отырған жетінші іс-шара. Биыл біздің ынтымақтастығымызға 5 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде Кітапхана қабырғасында корейлік танымал суретшілердің көрмелері сәтті өтті, атақты корей мұражайларының тарихи жәдігерлері қойылды, дәстүрлі корей киімдерінің көрсетілімдері мен шеберлік сабақтары өткізілді. Мәдени серіктестігіміз халықтар арасындағы достықты нығайтуға өз септігін тигізетініне үміттенемін» ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат

«Өткен жылдағыдай биыл да мәдени алмасу жылы өз жалғасын табуда. 2023 және 2024 жылдар Кореяға бару жылы болып жарияланды. Осыған орай қазіргі көрме сияқты түрлі іс-шаралар өткізілуде. Бүгін мен сіздерді корейлердің дәстүрлі наным-сенімдері мен шаманизм тақырыбындағы жарқын көріністерді мұқият түсірген фотографтарымыздың мұрағат жұмыстары арқылы Кореямен таныстырғым келеді. Бұл фотосуреттер ұзақ уақыт бойы шындықтан тыс әлемді түсінуге тырысқан корейлердің жүрегіне үңілуге мүмкіндік береді» Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ку Хонг Сок

Сондай-ақ, көрме авторларының бірі Ли Хангу де өз ойымен бөлісті:

«Еуропаның, атап айтқанда Венгрия мен Польшаның артынан корей «гут» шаманизміне арналған бұл көрме Орталық Азияда алғаш рет өткізіліп отыр. Онда авторлардың әртүрлі түсіндірмелерін, сондай-ақ корей шаманизмінің сонау өткен дәуірден бүгінгі күнге дейінгі өзгерістерін көріп, сезінесіз. Фотосуреттермен жұмыс істей отырып, мен бақсының маңызды психотерапевтік рөл атқаратынына, адамдардың қорқыныштары мен үрейлерін емдейтініне көз жеткіздім. Бұл көрме арқылы келушілер терең ұйқыдағы сезімдерін оятып, шабыт алады деп сенемін» Ли Хангу

Көрме экспозициясында алты деректі фотосуретшілердің жұмыстары ұсынылған: олар, Ким Соннам, Ким Донхи, Ли Гючель, Пак Чанхо, Ан Сехон, Ли Хангу. Фотосуретшілердің жұмыстары Корей өнері мен мәдениетін, олардың ата-бабаларының өмірі мен рухын, сонымен қатар бес мың жылдық тарихы бар корей шаманизмінің 1970 жылдардан бастап бүгінгі күнге дейінгі маңызды сәттерін ашып көрсетеді.

Көрме материалдарымен ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасының сайтында «Көрмелер» және «Жобалар» бөлімдерінен танысуға болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -