Қазақстанның экспорттық, инвестициялық және туристік әлеуеті Түркияның ең ірі көрмесінде таныстырылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығы Түркияның екі жылда бір рет ұйымдастырылатын «MUSIAD Expo» іс-шарасы аясындағы көрмеде Қазақстанның экспорттық, инвестициялық және туристік әлеуетін таныстырды.
«MUSIAD Expo» халықаралық іс-шарасының ашылуына Түркия Республикасының Вице-президенті Джевдет Йылмаз, Қаржы және қазынашылық министрі Мехмет Шимшек, сондай-ақ Cауда министрі Өмер Болат қатысты.
Көрмеге 94 елден 80 мыңнан астам адам және 24 сала бойынша 300-ден астам компаниялар қатысты. Аталған шара халықаралық іскерлік байланыстарды нығайту мен экономикалық мүмкіндіктерді кеңінен таныту үшін маңызды платформа болды.
Қазақстан көрмеде өз өнімдері мен қызметтерін, соның ішінде өңделген ауылшаруашылық тауарларын, азық-түлік өнімдерін, IT қызметтерін, сондай-ақ инвестициялық және туристік әлеуетін таныстырды. Іс-шара аясында қазақстандық кәсіпкерлер Түркия нарығына шығу үшін тиімді байланыстар орнатып, екіжақты келіссөздер жүргізу мүмкіндігіне ие болды.
«MUSIAD Expo» атты іс-шара Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстанның тауарлары мен қызметтерін халықаралық аренаға шығаруға, сондай-ақ елдің инвестициялық және туристік әлеуетін таныту үшін маңызды алаң болды.