Қытайдың Қазақстандағы Елшісі: Ынтымақтастықты тереңдету арқылы біз ортақ болашақ құрамыз

6963
Фотосурет: Canva

DKnews.kz сайты үшін эксклюзивті мақаласында Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь 2024 жылдың қорытындыларын шығарып, Қытай мен Қазақстан арасындағы стратегиялық қарым-қатынастарды дамытудың болашақ көрінісін бөліседі.

Елші өтіп бара жатқан жылдың басты жетістіктеріне назар аударады: саяси өзара сенімділіктің тереңдеуі, экономикалық және сауда ынтымақтастығының өсуі, гуманитарлық қарым-қатынастағы табыстар мен мәдени байланыстардың нығаюы. Мақалада екі мемлекеттің көшбасшыларының рөліне ерекше мән берілген, олардың күш-жігері мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестіктің бағытын анықтады.

Хань Чуньлинь мемлекет басшыларының маңызды сапарлары, негізгі құжаттарға қол қою және «Бір белдеу, бір жол» бастамаларын жүзеге асыруға, тауар айналымын арттыруға, көлік инфрақұрылымын дамытуға және өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірлескен жұмыстың нәтижелері туралы әңгімелейді. Елші мәдени алмасудың маңыздылығын атап өтіп, 2025 жылы Қазақстанда «Қытай туризмі жылын» өткізу жоспарлары туралы айтады. Бұл екі халық арасындағы достықты нығайтудың тағы бір қадамы болмақ.

Өз мақаласында ҚХР елшісі 2025 жылдың перспективаларын бөлісіп, Қытай мен Қазақстанды «модернизация жолындағы серіктестер» және өңірлік тұрақтылықты, қауіпсіздікті және өркендеуді қамтамасыз етудегі одақтастар деп атайды. Хань Чуньлинь өзара қолдау, құрмет және стратегиялық ынтымақтастықтың арқасында екі ел достыққа, ынтымақтастыққа және өркендеуге ұмтылған біртұтас тағдыр қауымдастығын одан әрі мазмұнды әрі серпінді түрде құратынына сенім білдіреді.

Қытай-Қазақстанның мазмұны бай әрі серпінді бірлескен тағдыр қауымдастығын үздіксіз құру. ҚХР-дың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь

Ескі жылмен қоштасып, жаңа жылды қарсы ала отырып, Қытай мен Қазақстан екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 33 жыл толуын атап өтуде. 2024 жылға көз жүгіртсек, екі ел басшыларының стратегиялық басшылығының арқасында Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты қатынастар жоғары деңгейде дамып келеді. Барлық деңгейде екіжақты алмасулар тығыздала түсуде, ал әртүрлі салалардағы ынтымақтастық әлеуеті ұдайы ашылып, мәңгілік достық, терең өзара сенім мен ынтымақтастық, даму мен өркендеу сипаттарына ие қытай-қазақ бірлескен тағдыр қауымдастығын құру ісіне жаңа мазмұн мен жігер қосуда.

Gov

Екі мемлекет басшыларының стратегиялық басшылығының арқасында Қытай мен Қазақстан арасындағы түрлі деңгейлердегі байланыстар барған сайын қарқынды болуда. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапармен табысты барып, Астанада өткен ШЫҰ саммитіне қатысты, ал Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев Боао Азия форумы жыл сайынғы конференциясына қатысу үшін Қытайға сапар жасады. Екі мемлекет басшылары бірнеше мәрте ұзақ келіссөздер жүргізіп, екіжақты қатынастарды, басты салалардағы ынтымақтастықты, сондай-ақ халықаралық және өңірлік ахуалды терең талқылады, кең ауқымды консенсусқа қол жеткізді әрі бірлесіп Қытай мен Қазақстанның бірлескен мәлімдемесіне қол қойды. Бұл мәлімдеме Қытай мен Қазақстан арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жаңа жоспарын айқындады. ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьерінің орынбасары Лю Гочжун, ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И және Қытайдың басқа да ресми тұлғалары Қазақстанға сәтті сапар жасады. Өз кезегінде ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов, Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртлеу және басқа да қазақстандық ресми тұлғалар Қытайға сапар жасап, бірқатар іс-шараларға қатысты. Екі елдің барлық деңгейдегі өзара іс-қимыл және ынтымақтастық тетіктері тиімді жұмыс істеп, екіжақты қатынастарға ұдайы жаңа серпін беруде.

Pixabay

Қытай мен Қазақстан бір-бірін негізгі мүдделер тұрғысынан нық қолдайды, екі ел арасындағы саяси өзара сенім бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Екі тарап саяси өзара сенімді тереңдетіп, аса маңызды алаңдаушылықтар мен негізгі мүдделер мәселелерінде бір-бірін нық қолдауды жалғастыруда. Екі мемлекеттің басшылары қол қойған Қытай мен Қазақстанның бірлескен мәлімдемесінде Қытай тарапы Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын, сондай-ақ «Әділетті Қазақстан» құру барысында ішкі тұрақтылықты, ұлтаралық келісімді сақтауға және әлеуметтік-экономикалық дамуды ілгерілетуге бағытталған Қазақстанның таңдаған даму жолы мен қажетті шараларын нық қолдайтыны баса көрсетіледі. Ал Қазақстан тарапы «Бір Қытай» қағидатын берік ұстанатынын, «Тайвань тәуелсіздігін» кез келген формада қолдамайтынын және сыртқы күштердің қандай да бір араласуына қарсы екенін мәлімдеді. Қазақстан Тайваньмен ешбір формада ресми байланыс орнатпайтынын қуаттап, ҚХР үкіметінің Қытайды қайта біріктіру бойынша барлық күш-жігерін қолдайды. Қытай мен Қазақстан адам құқықтары мәселесін саясаттандыру мен «қосарлы стандарт» саясатын ұстануға қатаң қарсы. Екі ел әртүрлі өркениеттері мен қоғамдық жүйелері бар мемлекеттер өзара ерекшеліктерін құрметтей отырып, ортақ тұстарды іздеуге әрі бірлесіп дами түсуге талпынуы қажет деген ұстанымды нақты іс-әрекеттерімен қолдап келеді.

Gov

Экономикалық және сауда ынтымақтастығы өркендеп, Қытай мен Қазақстанның нақты ынтымақтастығы барған сайын нәтижелі болуда. Қытай мен Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» жобасын бірлесіп сапалы дамытып, бұл істе жетекші рөл атқаруды жалғастырып келеді. 2024 жылдың қаңтарынан қарашаға дейінгі кезеңде екі ел арасындағы сауда көлемі 40,07 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,7%-ға өсті. Қытай Қазақстанның ең ірі сауда әріптесі мәртебесін сақтап отыр. Сианьдағы көлік-логистика терминалы ресми түрде іске қосылды. Қытай-Еуропа жүк пойыздарының Қазақстан арқылы өтетін саны 10 мыңнан асты, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 20 күн бұрынғы көрсеткіш. Екі мемлекет Сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасын адал орындап, экономика мен сауда, инвестициялар, өндірістік қуаттар, өзара байланыс және энергетика сияқты дәстүрлі салалардағы ынтымақтастықты тереңдете беруге, өндірістік қуаттар саласындағы ынтымақтастық жобаларын алға жылжытып, нақты нәтижелерге қол жеткізуге, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағдары мен Қытай-Қазақстан арасындағы үшінші шекаралық теміржолды салуды жеделдетуге ынталы. Тараптар сонымен қатар сирек кездесетін пайдалы қазбалар, жаңа энергетика, ғылыми-техникалық инновациялар, аэроғарыш өнеркәсібі, электронды коммерция, цифрлық экономика және басқа да салалардағы ынтымақтастықтың жаңа өсу нүктелерін бірлесе дамытып, екі елдің нақты ынтымақтастығын жаңғыртуға және екі мемлекет халқының игілігін арттыруға ұмтылатын болады.

Гуманитарлық алмасулар саласындағы ынтымақтастық көптеген жарқын сәттерге толы, Қытай мен Қазақстан арасындағы достықтың берік негізі одан әрі нығаюда. Қытай мен Қазақстанның өзара визасыз режимі екі ел азаматтарының барыс-келісін айтарлықтай жеңілдетуде. 2024 жылдың алғашқы он айында Қазақстанға келген қытайлық туристер саны 550 мыңнан асты, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 50%-ға көп, ал Қытайға барған қазақстандық туристер саны 31%-ға өсті. Қытайда «Қазақстан туризмі жылы» сәтті өтті, соның нәтижесінде Қазақстан қытайлық азаматтар үшін шетелге шығатын туризмнің жаңа танымал бағытына айналды. 2025 жылы Қазақстанда «Қытай туризмі жылы» өтетін болады. Ақтөбедегі Қытайдың Бас консулдығы белгіленген мерзімге сай ашылды. Екі мемлекеттің мәдени орталықтары және Бейжің шет тілдер университетінің Қазақстандағы филиалы сәтті ашылса, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстандағы екінші «Лу Бан шеберханасы» жұмысын бастады. Білім, ғылым және технология, мәдениет және өңірлік ынтымақтастық салаларындағы бірқатар ынтымақтастық құжаттарына қол қойылды. Екі тарап сараптамалық орталықтар, кино және теледидар салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтпек. Өңірлік ынтымақтастықтың тереңдігі мен ауқымы артып, екі ел арасындағы достықтың қоғамдық және халықтық негізі нығайып келеді.

Көпжақты ынтымақтастық кең ауқымды тақырыптарды қамтиды, Қытай мен Қазақстанның халықаралық аренадағы өзара іс-қимылы бұрынғыдан да тығыз бола түсті. Екі тарап жаһандық даму бастамасын, жаһандық қауіпсіздік бастамасын және жаһандық өркениет бастамасын ілгерілетеді, тең құқылы әрі реттелген көпполярлылықты, баршаға қолжетімді және жан-жақты экономикалық жаһандану үрдісін қолдайды, адамзаттың ортақ құндылықтарын дәріптеп, адамзаттың бірлескен тағдыр қауымдастығын қалыптастыруға белсенді ықпал етеді. Екі ел БҰҰ, ШЫҰ (ШЫҰ – Шанхай ынтымақтастық ұйымы), АӨСШК (Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес) және «Қытай–Орталық Азия» форматы аясында тығыз байланыс жасауды жалғастырып, шынайы көпжақтылықты іске асыруға, халықаралық әділеттілікті қорғауға және жаһандық басқаруды әділ де рационалды бағытта ілгерілетуге атсалысуда. Қытай мен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету міндетін табысты атқаруын жан-жақты қолдап, Астана саммитінің жемісті нәтижелерге қол жеткізуіне ықпал етті. Қытай ШЫҰ-ға кезекті төрағалықты қабылдағаннан кейін ұйымның 2025 жылға арналған күн тәртібін «ШЫҰ-ның тұрақты дамуы жылы» деп жариялады және «Шанхай рухын ілгерілетейік: ШЫҰ нақты іс-қимылда» ұранын мұқият жүзеге асырып, 100-ден астам конференциялар мен іс-шаралар өткізуге дайындалуда, осылайша достыққа, бірлікке және нәтижеге негізделген жемісті ШЫҰ саммитін өткізуге ұмтылмақ. Қытай Қазақстанның БРИКС-ке серіктес мемлекет ретінде қосылуын құптайды әрі 2025 жылы Қазақстанда өтетін екінші «Қытай – Орталық Азия» саммитін сәтті ұйымдастыруды қолдайды.

Өткен жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесі өзінің географиялық артықшылығын толық пайдаланып, Қазақстанмен алмасу және ынтымақтастық саласында бірқатар жоғары нәтижелерге қол жеткізді. 2024 жылдың наурыз айында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық районы Халық үкіметінің Төрағасы Еркен Тунияз Қазақстанға табысты сапар жасады.

Маусым айында Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин 8-ші «Қытай–Еуразия» EXPO халықаралық көрмесіне қатысты. Қытай-Қазақстан өңіраралық ынтымақтастығының үшінші форумы, Қытай тауарларының Қазақстандағы 19-шы көрмесі және басқа да іс-шаралар сәтті өтіп, Шыңжаңның Қазақстанмен ынтымақтастығын, сондай-ақ Қытай мен Қазақстан арасындағы практикалық өзара іс-қимылды тереңдету үшін маңызды платформалар ұсынды. 2024 жылдың қаңтарынан қарашасына дейінгі кезеңде Шыңжаңның Қазақстанмен сауда көлемі 21,1 млрд АҚШ долларына жетіп, Қытай мен Қазақстан арасындағы жалпы тауар айналымының 53%-ын құрады және өткен жылмен салыстырғанда 16,5%-ға артты. 2024 жылдың қаңтарынан қарашасына дейін Шыңжаңда жергілікті және шетелдік 291 миллион турист қабылданды, ал Қазақстаннан келетін туристер саны бірінші орынға шықты. Шыңжаң мен Қазақстанның даму стратегияларын түйістіру үдерісі жеделдеп, Қытай мен Қазақстан арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестіктің «алтын мазмұнын» арттыруға септігін тигізуде.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қытай мен Қазақстан дамуды жеделдету және өрлеу жолында маңызды кезеңде тұрғанын, модернизацияға бет алған сапарында қос мемлекет те бір-біріне серік екенін атап өтті. 2024 жылдың шілдесінде ҚКП Орталық Комитетінің 20-шы шақырылымдағы 3-пленумы табысты өтіп, онда реформаларды жан-жақты тереңдетуді жалғастыру және қытайлық ерекшелігі бар модернизацияны алға ілгерілету бойынша жүйелі шаралар қабылданды. 2024 жылдың желтоқсанында өткен Орталық экономикалық жұмыс кеңесінде 2024 жылы Қытай экономикасы негізінен тұрақты сипатқа ие болғаны, «тұрақтылықпен алға ілгерілеу» үрдісі байқалып, жоғары сапалы даму орнықты алға басқаны айтылды.

Қытай экономикасының мықты негізі, көп қырлы артықшылықтары, төзімділігі мен мол әлеуеті бар, әрі ұзақ мерзімді өсу үрдісі де, негізгі қолайлы жағдайлар да өзгеріссіз қалуда. Кеңесте 2025 жылға арналған экономикалық жұмыс жоспары айқындалды, бұл әлемге Қытайдың жоғары сапалы дамуды және сыртқы әлемге жоғары деңгейде ашықтықты табанды түрде ілгерілететіндігі туралы нақты белгі берді. Сол сияқты Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаевтың басшылығымен Қазақстанда саяси және экономикалық реформалар белсенді ілгерілетіліп, елдің экономикалық және әлеуметтік дамуы аса зор серпінмен дамуда. «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы шынайы болмысқа айналып келеді. Ортақ шекараларды бөлісетін, ортақ тағдырды ұстанған достас көршілер ретінде Қытай мен Қазақстан әртүрлі салалардағы ынтымақтастықты тереңдетіп, екі ел арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жаңа даму кезеңіне серпін беруді жалғастыруда, бұл екі мемлекеттің де және олардың халықтарының да түбегейлі мүддесіне сай келеді.

2025 жылға көз тастасақ, Қытай Қазақстанмен бірге мемлекет басшылары деңгейіндегі дипломатияның стратегиялық басшылығы аясында екі ел арасындағы саяси өзара сенімді ұдайы тереңдетуге, барлық деңгейдегі алмасуларды және барлық саладағы өзара тиімді ынтымақтастықты үнемі кеңейтуге және мазмұны бай, серпінді қытай-қазақ бірлескен тағдыр қауымдастығын құруды ілгерілетуге дайын. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті, тұрақтылықты, дамуды және өркендеуді қамтамасыз етуде «Қытай-Қазақстан үлесін» қосуға ниетті.

Шын жүректен Қытай мен Қазақстанға гүлдену, екі ел халықтарына бақыт пен амандық тілеймін! Қытай мен Қазақстан арасындағы достық мәңгі жасай берсін!

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -