Қазақстанға алғашқы A-400M ұшақтары жеткізілді

2838
Фотосурет: Gov

Әскери-әуе күштерінің ұшқыштары А-400М ұшағын жаттығуда сынап көрді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Әскери ұшқыштар Airbus Military авиаконцернінен Қазақстан әскерінің қару-жарақ қатарына жеткізілген әуе кемесін пысықтап, үйренуде.

Қазақстан Қорғаныс министрлігінің еуропалық компаниямен А400М ұшағын жеткізуге арналған келісімшарты ұшу және инженерлік персоналды оқыту қызметтерін, сондай-ақ техникалық қолдауды қоса ұйымдастыруды көздейді. Сондықтан А400М көп мақсатты әуе кемесіндегі алғашқы ұшу оқу-жаттығуын Airbus Military концернінің мамандарымен бірлесіп пысықтады. Бұл жолы Алматы авиациялық базасының ұшу экипажы Алматы-Талдықорған бағыты бойынша және кері қарай ұшып жаттықты.

Ұшқыштар әуеге көтерілуден бастап қонуға дейінгі барлық жаттығулар кешенін, соның ішінде белгіленген бағыт бойынша ұшуды және айналып маневр жасауды пысықтады. Одан бөлек ұшақты басқару дағдыларын жетілдіруге, экипаждың өзара іс-әрекетін пысықтауға және көлік міндеттерін қауіпсіз орындауды қамтамасыз етуге көңіл бөлінді.

"Бірегей сипаттамаларымен ерекшеленетін А-400М ұшағы жедел-стратегиялық міндеттерді орындауға арналған. Күш-қуаты жағынан бір рейсі алты С-295 ұшағымен бірдей. Біздің ұшқыштар Испанияда оқып келді. Енді Airbus компаниясының мамандарымен ұшу жаттығуларын өткіземіз. Олар бізге ұшақтың бар мүмкіндіктерін көрсетеді. Қазірдің өзінде Балқаш, Ақтау, Атырау қалаларына ұшып жаттықты" әскери-көліктік авиация эскадрильясы жедел жасағының командирі подполковник Асылбек Жұмабаев

Естеріңізге сала кетелік, көп мақсатты ұшақ 8000 шақырымға дейінгі құрлықаралық қашықтыққа ұшуға қабілетті. Оның ең жоғары жылдамдығы сағатына 802 шақырымды, ұшу биіктігі – 12 200 метрді. 37 тонна жүк көтере алады, шамамен 100 адам тасымалдайды.

Мамандардың айтуынша, ұшақ ауыр техниканы, оның ішінде сауытты транспортерлерді, артиллериялық қондырғыларды және тікұшақтарды тасымалдауға арналған. Әуе көлігін төтенше жағдайда гуманитарлық көмекті жедел жеткізу және әскерлерді тасымалдау үшін пайдалануға болады.

Әмбебап көлік тек бетоннан жасалған ұшу-қону жолағына ғана емес, арнайы дайындалмаған жерлерге де қона алады. Келесі Airbus A-400M әскери-көліктік ұшағын жеткізу жоспар бойынша Қазақстанға 2026 жылы жүзеге асады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -