"Ғылым ордасы" кітапханасының қорынан алынған қолжазба дүниежүзілік тарихтың бір бөлігіне айналды

3630
Фотосурет: Gov

2-17 сәуір аралығында Париждегі ЮНЕСКО бас пәтерінде Атқарушы кеңестің 221-ші сессиясы өтті. Аталған сессияға қазақ делегациясы белсенді қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Сессияның жалпы отырысында Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзінде еліміздің табиғи және мәдени, соның ішінде құжаттық мұраларын қорғау бойынша ЮНЕСКО-мен ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығы ерекше аталып өткенін жеткізді. Осы орайда Елші ЮНЕСКО-ға 2024 жылғы қазан айында қазақстандық архив қызметкерлеріне арналған «Әлем жады» бағдарламасының қағидаларымен таныстыру семинарын өткізгені үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар ЮНЕСКО жүйесінде ұлттық комиссиялардың орталық рөлін нығайту үшін бірлескен күш-жігердің маңыздылығына назар аударылды.

Сессия аясында ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттердің ұлттық комиссияларының жеке отырысы өтті. Оған Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының Бас хатшысы Жанар Шайменова қатысып, баяндама жасады. Күн тәртібінде ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік үшін білім беру» бастамасы ұсынылып, 2025 жылғы өтетін «Mondiacult 2025» мәдениет саясаты және орнықты даму жөніндегі дүниежүзілік конференциясы бойынша дайындық мәселелері талқыланды. Сондай-ақ ЮНЕСКО клубтарының дүниежүзілік федерациясының президенті Болат Ақшолақов жиналғанды ү.ж. 19-20 ақпанда Алматыда өткен қозғалыстың алғашқы Жаһандық жастар форумының қорытындыларымен таныстырды (қашықтықтан бейнебайланыс арқылы).

Қазақстан үшін осы сессиядағы айтулы оқиғалардың бірі – «Ғылым ордасы» кітапханасының қорындағы «Хандар шежіресі» қолжазбасының ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» халықаралық тізіміне енгізілуі болды. XVIII ғасырда бұл құжат белгісіз автор түркі шағатай тілінде жазған. Қолжазбада Құранда аталған пайғамбарлардың және мемлекет билеушілерінің шежірелері, олардың өмірбаяндары, Қазақ даласының, Орталық Азия мен Таяу Шығыстың тарихи оқиғалары мен географиясы сипатталады. «Хандар шежіресі» – қазақтар және көршілес халықтардың тарихы мен тіліне зерттеу жүргізетін ғалымдар үшін құнды дерек көзі болып табылатын маңызды мәдени мұра.

Сонымен қатар Қазақстан Атқарушы кеңес жұмысы аясында әлем мұғалімдерінің қатысуымен мазмұнды диалогқа арналған интерактивті платформалар, ЮНЕСКО-ның нәсілшілдік пен кемсітушілікке қарсы жаһандық альянсы, Ұйым мандаты аясында орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге жәрдемдесу, аралдардағы кіші дамушы мемлекеттердің жағдайы және басқа да тақырыптар бойынша қабылданған бірқатар шешімдердің тең авторы болды.

Қазақстан – 1992 жылғы 22 мамырдан бастап Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының (ЮНЕСКО) мүшесі. Еліміз ЮНЕСКО-ның 16 халықаралық конвенциясына қосылған. Қазақстаннан 6 нысан Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұралар тізіміне, 14 элемент Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне, 15 биосфералық резерват ЮНЕСКО желісіне, ал 25 мерейтой ЮНЕСКО-ның атаулы даталар күнтізбесіне енгізілген. ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының үйлестіруімен елімізде 9 ұлттық комитет, 6 ЮНЕСКО кафедрасы және 1 UNITWIN желісі, 20 қауымдастырылған мектеп және 212 ЮНЕСКО клубы қызмет етуде.

1992 жылғы құрылған ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы құнды құжаттық мұраны (қағаз, аудиовизуалды, цифрлық немесе басқа форматтағы) жойылуын болдырмау және оған қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Тиісті мақсатта оның аясында халықаралық, өңірлік және ұлттық деңгейлерде құжаттық мұра тізімдері жасалады. 2025 жылғы жағдай бойынша Қазақстаннан аталған халықаралық тізімге келесі мұралар енгізілді: Қожа Ахмет Ясауи қолжазбалар жинағы (2003 жылғы), «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының аудиовизуалды құжаттары (2005 жылғы), Арал теңізінің архивтік қорлары (2011 жылғы), «Хандар шежіресі» қолжазбасы (2025 жылғы).

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -