Исламабад адвокаттар қауымдастығы Астана адвокаттар алқасымен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин Исламабад қаласының Жоғарғы Сотының адвокаттар қауымдастығына барды.
Кездесу барысында қауымдастық басшылығы ұйым қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып, Қазақстан астанасынан ұқсас ұйымдармен ынтымақтастық орнату бойынша ұсыныстарымен бөлісті.
Өз тарапынан Елші осы жылы өткен іс-шаралар туралы, атап айтқанда Құрлық әскерлері штабының басшысы, генерал Асим Мунирдің Астанаға сапары, Исламабадтағы Үкіметаралық комиссияның 13-ші отырысының және Карачидегі бизнес-форумның негізгі қорытындылары туралы айтып, екі жақтың да көпжоспарлы ынтымақтастықты арттыруға деген қызығушылығының өсіп келе жатқанын атап өтті.
Бұл тұрғыда екіжақты ынтымақтастықты одан әрі әртараптандыру үшін құқықтық негіздерді дамытудың маңыздылығы, сондай-ақ Қазақстан мен Пәкістанның қолданыстағы құқықтық жүйелерін зерттеу және тәжірибе алмасу қажеттілігі ерекше аталып өтті.
Қауымдастық басшылығы мен мүшелері айтылған ұсыныстарды қолдап, тәжірибе алмасу және Қазақстанның заңнамалық базасын зерделеу, ҚР заң ұйымдарымен және университеттерімен ынтымақтастықты жолға қою үшін Астанаға келуге ниет білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша жақын арада Исламабад қаласы Жоғарғы Сотының адвокаттар қауымдастығы мен Астана адвокаттар алқасы арасында онлайн-форматта келіссөздер жүргізу туралы уағдаластыққа қол жеткізді.