Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов «Dan Capital» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, «ValueLBH Fund» қорының басқарушы директоры және серіктесі Шимон Бен Хамомен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Тараптар Қазақстан үшін басым экономикалық секторларда инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады.
Келіссөздер барысында көлік-логистикалық инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, шикізатты қайта өңдеу, жаңартылатын энергетика, мұнай өңдеу және жоғары технологиялық өндіріс сияқты салаларға ұзақ мерзімді инвестициялар тарту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Қарастырылған нақты жобалар қатарында халықаралық көлік дәліздеріне шығатын логистикалық хабтарды салу және жаңғырту, агроөнеркәсіп кешеніне озық технологияларды енгізу, «жасыл» энергетика (күн және жел электр станциялары) саласында бірлескен кәсіпорындар құру, сондай-ақ мұнай өңдеу қуаттарын дамыту бар. Компания бұл бастамаларды жүзеге асыруға 1,5 млрд АҚШ долларына дейін инвестиция салуға дайын екенін білдірді.
Кездесу барысында Ғ.Оспанқұлов Қазақстан инвесторларға мемлекеттік қолдаудың кең ауқымын және халықаралық нарықтарға қолжетімділікті қоса алғанда, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай ұсына алатынын атап өтті:
«Алдыңғы қатарлы халықаралық инвестициялық қорлармен ынтымақтастық Қазақстанға экономиканы әртараптандыру және озық технологияларды енгізу бағытында қосымша мүмкіндіктер ашады. Біз еліміз аумағында перспективалы жобаларды іске асыруға толық қолдау көрсетуге дайынбыз»
Өз кезегінде Ш.Бен Хамо Қазақстанның инвестициялық әлеуетін жоғары бағалап, оның негізгі сауда жолдарының тоғысындағы стратегиялық орналасуын және тұрақты макроэкономикалық серпінін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан өндірістік қуаттарды орналастыруға, жаһандық жеткізу тізбектеріне интеграциялануға және жоғары экспорттық әлеуеті бар ауқымды бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдайға ие.
Тараптар жекелеген бастамалар бойынша мазмұнды консультацияларды жалғастыруға және қол жеткізілген уағдаластықтарды бекіту үшін шеңберлік келісімдерге қол қою мүмкіндігін қарастыруға уағдаласты.
ValueLBH Fund – халықаралық тәжірибесі бар инвестициялық қор, ол жылжымайтын мүлік, энергетика, инфрақұрылым және агробизнес салаларындағы жобаларды қаржыландыру және сүйемелдеу бойынша маманданған. Қор өсу әлеуеті жоғары және орнықты экономикалық моделдері бар жобаларға инвестиция салады, сондай-ақ экологиялық стандарттар мен әлеуметтік жауапкершілікке ерекше көңіл бөледі.