Қазақстан мен Қырғызстан «ыңғайлы цифрлық шекара» моделіне көшуде

1210
Фотосурет: Gov

Қазақстан мен Қырғызстан сыртқы экономикалық қызметті оңайлату мен цифрландыру бағытында маңызды қадам жасауда, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің Қырғыз Республикасына жасаған сапары аясында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы Мемлекеттік салық қызметі шекарада цифрлық шешімдерді енгізу бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Аталған құжат «Айша бибі» (Қазақстан) және «Чон-Капка» (Қырғызстан) автомобиль өткізу пункттерінде электрондық кезектің пилоттық жобасын іске қосады. Болашақта бұл цифрлық жүйе қазақстан-қырғыз шекарасының барлық желісіне таралатын болады.

Жоба бірқатар артықшылықтарды қарастырады:

  • бизнес қажетті құжаттар мен рұқсаттар туралы ақпаратты алдын ала алады;
  • тасымалдаушылар шекарадан өту күнін жоспарлай алады;
  • компаниялар жүк көлігінің тоқтап қалуын барынша азайту арқылы шығындарды үнемдейді;
  • рәсімдердің ашықтығы күтпеген тексерулердің тәуекелін азайтады;
  • барлық процестер тіркеліп, цифрлық арналар арқылы өтетіндіктен, сыбайлас жемқорлық көріністерінің тәуекелдері айтарлықтай төмендейді.

Жобаның негізі Қазақстан Республикасының электрондық тауарларға ілеспе жүкқұжаттарынан (ТІЖ) және Қырғыз Республикасының электрондық шот-фактураларынан (ЭШФ) алынған деректермен өзара алмасу болады.

Бұл құжаттар кезекті брондау кезеңінде жүк туралы толық ақпаратты көруге мүмкіндік береді, бұл бизнес үшін процесті алдын ала болжауға және қолайлы етуге жағдай жасайды.

2022 жылдан бастап Қырғызстанда, ал 2023 жылдан бастап Қазақстанда міндетті цифрлық тауарға ілеспе құжаттар енгізілді, бұл жалған компанияларды сауда схемаларынан шығаруға мүмкіндік берді, мәмілелер ашық бола бастады, шекарадағы тексерулер саны айтарлықтай қысқарды.

Енді бұл жетістіктер екі елдің ақпараттық жүйелерін интеграциялау арқылы жаңа деңгейге көтерілуде.

Меморандумға қол қою 2024 жылы Мемлекет Басшылары деңгейінде қол жеткізілген және елдердің үкіметаралық кеңесінде бекітілген уағдаластықтардың жалғасы болды.

Бастаманы іске асыру мемлекет пен бизнестің мүдделері сәйкес келетін ыңғайлы және қауіпсіз цифрлық шекараны жасайды: ашық сауда, сенімділік және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін болжамды жағдайлар.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -