Қытайлық сарапшылар Қазақстанның реформалары мен бастамаларын жоғары бағалады

935
Фотосурет: Gov

Бейжіңдегі Қазақстанның мәдени орталығында Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шараға Қытайдың жетекші талдау орталықтары мен жоғары оқу орындарының сарапшылары қатысты, олардың арасында «Center for China and Globalization», ҚХР Мемлекеттік Кеңесі жанындағы даму мәселелері жөніндегі зерттеу орталығы, Қытай заманауи халықаралық қатынастар академиясы, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы, Қытай халықаралық саудаға жәрдемдесу комитетінің Академиясы, Цинхуа, Нанькай, Қытай Халық Университеті және Тяньцзинь шет тілдер университеті.

ҚР-дың ҚХР-дағы Елшісі Шахрат Нұрышев өз сөзінде Жолдаудың мазмұны туралы егжей-тегжейлі айтып, Қ.Тоқаевтың Қазақстанды ауқымды цифрлық трансформациялау және оны үш жыл ішінде толыққанды цифрлық елге айналдыру бойынша стратегиялық міндет қойғанын атап өтті.

Қытайлық сарапшылар өз сөздерінде Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға оң баға берді. «Center for China and Globalization» талдау орталығының төрағасы Ван Хуэйяо:

«Халықаралық турбуленттілік аясында Қазақстан Президенті ел экономикасын цифрлық трансформациялау туралы уақтылы шешім қабылдады. Бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті байланыстыратын ел ретіндегі рөлін және маңыздылығын одан әрі нығайтады»

ҚХР Мемлекеттік Кеңесі жанындағы даму мәселелерін зерттеу орталығының Еуразия әлеуметтік даму институтының директоры Ли Юнцюань өз кезегінде:

«Қазақстан Президентінің қазіргі Жолдауы елдің экономикасы мен саяси жүйесінің өзгеруіне ықпал ететін нақты шаралармен ерекшеленеді. Бұл мемлекеттің негізін одан әрі нығайтады, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық даму жоспары» мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ұштастыру процесіне серпін береді»

Дөңгелек үстелге қатысушылар екіжақты ынтымақтастық, оның ішінде инвестициялар, атом энергетикасы, ауыл шаруашылығы, Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуеті, сондай-ақ елдің цифрлық және саяси трансформациясы саласындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударды. Жолдауда айтылған бастамалар Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығын кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді.

Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар Қазақстанның дамуының өзекті мәселелері және екіжақты ынтымақтастықты тереңдету бойынша сараптамалық диалогты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -