Қазақстандық фильм Пусан халықаралық кинофестивалінде әлемдік алаңға шықты

1100
Фотосурет: kazakhcinema.kz

Режиссер Жаннат Алшанованың «Победителей видно на старте» дебюттік фильмі Азиядағы ең беделді кинофорумдардың бірі – Пусан халықаралық кинофестивалінің (BIFF) «A Window on Asian Cinema» бағдарламасында көрсетілді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Фильм ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.

Жоба халықаралық копродукция аясында Франция, Нидерланд, Литва, Швеция елдерімен бірлесіп жасалды және Сауд Арабиясы Корольдігі де киноға қолдау көрсетті.

Фильмде 17 жастағы Мила есімді қыздың оқиғасы баяндалады. Ол ашық суда жүзетін команда құрамына кіргісі келеді. Сөйтіп еркін өмір сүріп, отбасындағы қиындықтан құтылмақ болады. Алайда мәреге жетер тұста оның өмірін өзгертетін таңдау жасауға тура келеді.

Басты рөлдерді Тамирис Жангазинова, литвалық актер Валентин Новопольски, сондай-ақ Әсел Қалиева мен Медина Сағындықова сомдады. Фильмнің қоюшы – операторы атақты француз маманы Каролин Шампетье.
Фильмнің түсірілімі 2024 жылдың тамыз–қыркүйек айларында Алматы қаласы мен Алматы облысында өтті. Постпродакшн жұмыстары 2025 жылдың жазында Франция, Нидерланд және Швецияда қатар жүргізілді.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың тамыз айында «Победителей видно на старте» фильмінің әлемдік премьерасы Еуропадағы ең беделді кинофестивальдердің бірі – Локарно халықаралық кинофестивалінде өтті. Ал Азиядағы тұсаукесері 18–26 қыркүйек аралығында өтіп жатқан Оңтүстік Кореядағы Пусан халықаралық кинофестивалінде көрсетілді.

BIFF – Азиядағы ең ірі әрі беделді кинофорум. Оның «A Window on Asian Cinema» бағдарламасы көрерменді аймақ режиссерлерінің үздік жұмыстарымен таныстырып, заманауи азиялық кинематографияның негізгі бағыттарын көрсетеді. Фестиваль – халықаралық премьераларды көрсетіп, фильмдерді әлемдік нарыққа шығаратын маңызды алаң.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -